Kyzylorda-news.kz Ақтөбеде халық емшісі шипа іздеп барған адамдарды 23 миллион теңгеге сан соқтырып кетті. Емшінің үстінен “Алаяқтық” бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап хабарлады.

Полицияның табалдырығын тоздырған жұрт алданғанымызды кеш түсіндік деп отыр. Айтуларынша, бақсы әйел гипноз жасап, дем салған. Соның әсерінен есеңгіреп, телефонды емшінің қолына бере салған. Бақсы әйел керек сомаға несие рәсімдетіп, бар ақшаны санап алған.

“Несие алып берші деді. Менің де кредитім бар дедім. Содан маған ем жасады. Сол жерде басым ауырды. Сөйтіп сол үйден кете алмай қалдым. Сондай сиқыр бар екен. Сол үйде қондым. Ертеңінде мені жетектеп банкке алып барды. Қасымда тұрып, несие рәсімдетіп, қолымды қойып, кассаның алдында тұрып ақшаның бәрін санап алды”, – дейді алданғандардың бірі.

Алаяқ адамдардан ең азы 1 миллион теңге несие алған. Бес баланың анасы халық емшісі өзін 8 жылдан бері алдап келді деп отыр. Қазір оның мойнында 18 миллион теңге қарызы бар екен.

“Алғашында кішкентай сомадан бастайды. 457 мың теңге болды. Он күннен кейін келсең тағы да гипноз жасайды. Одан кейін ештеңе білмейсің. Мен “апа” деп қарсылық білдіргенде “Құдай тұр, қара, жолың болмайды, жолың жабылып қалады, 5 балаң бар” деп қорқытады”, – дейді көпбалалы ана.

Жиналған жұрттың айтуынша, зардап шеккендердің саны жүзге жуық. Елді алдаймын деп басы дауға қалған әйел сыртқа шыққан жоқ. Сөйтіп оқиға орнына қаланың бас полицейі келіп, күдіктіні тергеуге алып кетті. Оның үстінен “Алаяқтық” бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

“Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігіне сәйкес, Ақтөбе қаласының тумасына қатысты үшінші қалалық полиция бөлімінің 16 арызданушының шағымы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр”, – деді Ақтөбе қаласы полиция басқармасының бастығы Әсет Қалиев.

Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Алдағы уақытта жәбірленушілердің нақты саны мен шығын көлемі есептеледі.

Фото: Нұрболат Нұржаубай
 

Тағы да оқыңыз: