Kyzylorda-news.kz. Қармақшы ауданына іргесі тиген Ақтөбе ауылында бүгінде кәсіптің көкжиегі дамыған. Мұнда атбасын тіресеңіз кәсібінің көзін тауып, тындырымды тірлік етіп отырған отбасыларды жолықтырасыз. Ауыл тұрғыны Нұрлан Шынарбаев ауылдастарына нәтижелі істің үлгісін көрсетуде. Ол ауласының бір бұрышынан шағын етіп қоғамдық монша ашып, халыққа қызмет істеп отыр. Қазіргі күні ауыл тұрғындары үшін аса қажет әлеуметтік нысанға айналған.

Соңғы уақытта қанатын кеңге жайып келе жатқан жаһандану дәуірі күн санап бізге ауылды сақтау – ұлттық болмыс, ұлттық құндылықтарды, ұлттық рухты сақтаудың бірден-бір жолы екенін нақты ұғындыра бастағандай. Сондықтан ауылшаруашылығы мен кәсіпкерлігін дамыту бүгінде тек экономикалық емес, негізгі ұлттық мәселеге айналды. Ауылды әлеуетін көтеру ісіне әрбір азамат атсалысып, алтын бесіктегі тірлікті қайта түлетіп жүр.

Ауыл кәсіпкерлігін дамыту бағытында мемлекеттік деңгейде түрлі бағдарламалар қабылданды. Соның нәтижесінде өткен ғасырдағы 90-жылдардың басында мүлдем тұралап қалған ауылдың тамырына ептеп қан жүгіре бастады. Көптеген іргелі шаруашылықтың негізі қаланды. Қазіргі заманның талабына сай кәсіпкерлік орындар бой тіктеді.

Ақтөбе ауылында монша есік ашып, тұрғындарын шынайы қуанышқа бөлеген еді. Бұл сөзіміз асыра айтқандық емес. Себебі, мұндағы қауымның апта аяғында атбасын тірейтін бірден-бір тазалық орны – осы монша. Ал қыстың көзі қырауда монша жағып, оны қыздырудың аз бейнет емес екені үлкен-кішіге жақсы мәлім. Демек, моншасы болғанымен, оны апта сайын жағып отыруға жағдайы келмейтін тұрғындардың да жағалайтыны осы монша.

Нұрлан Шынарбаев «Жұмыс жоқ» деп қарап отырмастан, несие алып, нартәуекелдікпен ауылдан монша ашып, ауылдастарына нәтижелі істің үлгісін көрсетуде. Ол ауласының бір бұрышынан шағын етіп қоғамдық монша ашып, халыққа қызмет істеп отыр. Қазіргі күні ауыл тұрғындары үшін қажетті әлеуметтік нысанға айналған.

Аптаның аяғы келді дегенше Нұрлан ағаның ұялы телефонына қоңырау шалушылардың қатары былайғы күндегіден асып жығылады екен. Себебі мұндағылар ертемен моншаға түсуге жазылып қояды. Ауыл орталығындағы моншаның қызметі әлдеқашан тоқтап қалса да кәсіпкер бүгінгі таңда жұмысын қайта жалғастыруда.

«Бұрын ауылымызда монша халыққа жұмыс жасайтын. Кейін оның қызметі тоқтап қалды. Бертін келе соның ізін қайта жандандырсам деген ой келді. Сөйтіп екі-үш жыл бұрын жоспар құрып, өз қаражатыммен іргетасын тұрғыздым. Қалған жабдықтарға ақшам жетпеген соң мемлекет қолдауымен 6 процент жеңілдетілген несиеге қол жеткіздім. 3 миллионға жуық қаржының жобасында ақша құйылып, моншаны іске қостық. Қазір шүкір, ауыл тұрғындары үйренді, алдын ала тапсырыс берушілердің қатары көбейіп келеді. Сенбі, жексенбі күндерінен бөлек 5-6 адам хабарласып жатса монша жаға беремін. Ақысы қолжетімді», – дейді кәсіпкер.

Бөлмелері кең, жарық әрі түсем деушілерге жағдай жасалған. Жуынатын бөлмеден бөлек отырып демалатын дәлізі тағы бар. Ішінде санитарлық тазалыққа аса мән берілген. Қысқасы қаладағы қоғамдық моншадан кем түспейді.

– Өз қолыңмен тірлік істесең тамағың тоқ болары сөзсіз. Қашанда еңбек еткен адамның еңсесі биік, ісі мығым болады. Еңбектену – береке, ырзықты шақырады. Кәсібімнің көкжиегі кеңеюі Алланың, одан соң халықтың арқасы, адал еңбегіміз, маңдай теріміздің жемісі. Несібе – еңбек еткенде. Бар күшімізді жиып, кәсібімізді одан әрі дамытқымыз келеді. Бизнесті сәтті жүргізу үшін күнделікті тынбай еңбектену қажет, сонымен қатар үнемі ізденіс үстінде жүріп білім алып, кәсіби деңгейін арттыруға ұмтылмаса барлығы бекер болады. «Адамды көркейтетін – еңбек» дегенді алға тартамын. Сондықтан аянбай еңбек етіп келеміз, – дейді моншаның иесі.

Иә, әрқашан адал нәпақасын табуға талпынған жан жетістікке жетпей қоймайды. Ел батасымен көгеріп, адалынан еңбек еткенде ғана мақсатың айқын болары хақ. Қолда бар қаражатты кәсібіне құйып, кейін еселеп қайтару үшін алдымен істің көзіне машықтану керек. Осының барлығын бір арнаға ұштастырған жеке кәсіпкер Нұрлан Шынарбаевтың келер күннен күтер үміті көп.

Ауыл – қазақтың алтын ұясы. Өңір экономикасын дамытуда ауылдың әлеуетін көтерудің де маңызы жоғары. Бүгінде түрлі бағдарлама біршама жылдан бері жүзеге асырылып, ауыл-аймақтың даму үдерісі назарға алынып келеді. Өңірдің көптеген аймақтарында ауыз су, жол, газдандыру, мектеп, балабақша секілді түйткілді мәселелер шешіліп, ауыл халқының тыныс-тіршілігінде жаңа бір леп пайда болғандай. Біз баяндаған Ақтөбе ауылының қазіргі келбеті ажарлана түскен. Онысын жүзеге асып жатқан жарқын жобаларынан, көкжиекке құлаш сермеген кәсіпкерлігінен байқадық. Тұрғындардың әлеуметтік әлеуеті жақсарған. Иә, ауыл – қазақ елінің жүрегі. Қазақтың қасиетті құт мекені, қайнар көзі, алтын бесігі. Өркениетті ел болып, даму жолын қаладан тапқанымызбен, ауылдың алар орны бөлек екені әмбеге аян. Ал ауылды өркендету – ұлттық экономикамыз бен мәдениетімізді жаңғыртудың тірегіне айналмақ. Ауылға көңiл бөлу, оның жағдайын жақсарту – мемлекеттiк мәнi зор iс. Кез келген экономикалық реформаның түпкi мақсаты – халықтың әл-ауқатын арттыру. Бұл жолда атқарылған, алдағы уақытта атқарылар жұмыс легі тоқтамақ емес. Демек, ауылдың шын мәнінде ел бесігіне айналып, отандық ауылшаруашылығы өнімімен ірі қалалардан артығымен қамтамасыз ете алатын деңгейге көтеріле алатынына да сеніммен қарауға болады.
 

Тағы да оқыңыз: