Kyzylorda-news.kz. Ауылға көңiл бөлу, оның жағдайын жақсарту – мемлекеттiк мәнi зор iс. Кез келген экономикалық реформаның түпкi мақсаты – халықтың әл-ауқатын арттыру. Қазақ мемлекетінің қалыптасуы және дамуы негізінен ауыл өмірімен тікелей байланысты. Ауыл болуы үшін оның тірлігін пайымдайтын әртүрлі жағдайлар қажет.

Бұрынғы замандарда көшпелі қазақ халқының тіршілігі көбінесе мал өсіру мен оны пайдалану мүмкіншілігіне байланысты болды. Қазіргі нарықтық экономика қоғамында ауыл болашағы әлемдік өзгерістерге сәйкес көптеген факторлардың, яғни табиғи-климат жағдайы, демографиялық, саяси-әлеуметтік, өндірістік-экономикалық, халықтың тұрмыс деңгейі және тағы басқалардың әсерімен анықталады.

Соңғы 5 жылда экономиканың негiзгi көрсеткiшi бойынша оң динамика байқалады. Ауылда өмiр сүру деңгейiн одан әрi арттыру үшiн министрлiк «Ауыл – Ел бесiгi» жобасын қабылдап, бүгінде аталған жоба аясында ауылдың тұрмыс-тіршілігінің жақсаруына сеп болуда. Жобаның мақсаты – инфрақұрылымды жаңғырту есебiнен және оны жаңа өңiрлiк стандарттар параметрiне дейiн жеткiзе отырып, ауыл тұрғындарының өмiр сүру сапасын жақсарту. Жоба негізінде әлеуметтiк және инженерлiк инфрақұрылымдарды дамыту, ауыл тұрғындарының әлеуметтiк игiлiктерге қолжетiмдiлiгiн қамтамасыз ету бойынша мiндеттердi iске асыру есебiнен, сондай-ақ қолайлы өмiр сүру ортасын қалыптастыру арқылы жүзеге асырылуда. 

Биылғы жыл Ақтөбе  ауылдық округі бойынша  4 жобаға жүзеге асырылмақ. Оған 92 692,5 мың теңге қаржы бөлінді. Осы орайда Ақтөбе ауылында «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 55 219 мың теңге бөлінген. Тиісті қаржыға ауылдың Т.Салқынбайұлы көшесін орташа жөндеу жұмыстарына 55 219 мың теңге; (облыстық бюджеттен – 49697мың теңге, аудандық бюджеттен – 5522 мың теңге) қарастырылған. Облыстық бюджеттен 18 376 мың теңге бөлінді. Бұл ауылда жүзеге асырылатын бірінші жоба делік. Екінші кезекте, Ақтөбе ауылындағы Балжарма каналы маңындағы Мүсірбаев көшесінен №3-ТВ техникалық су ұңғымасын бұрғылау жұмыстары жүргізілмек. Оған 18 376 мың теңге қаржы қаралды. Ал аудандық бюджеттен  19 097,5  мың теңге бөлінді. Оған елді мекеннің кіре беріс жолдың құрылысы жұмыстарына жоба-сметалық құжаттама әзірлеу, сараптаманың қорытындысын алу жұмыстарына 8 000 мың теңге қаралған. Бұл ауылда жүзеге асырылатын жобаның үшіншісі. Ал соңғы орында Б.Қасқырбаев, Мүсірбаев, Сейтенов көшелеріне орташа жөндеу жұмыстарына жоба-сметалық құжаттама әзірлеуге, ведомстволық сараптамадан өткізу жұмыстары тұр. Оған 11 097,5 мың теңге қарастылуда.  

Экономиканың дамуына себепші болатын бірінші кезекте ауылшаруашылық саласы. Бұл сала дамымай, бәсекеге қабілетті экономиканы құру мүмкін емес. Дамуға бағыт алған елімізде әсіресе өндірісті өркендету, оның ішінде ауылшаруашылығын жолға қою керегі жиі айтылып жүр. Жүзеге асырылып жатқан нақты іс-шаралар да бар.. Ал ақтөбеліктер қол қусырып отырған жоқ. Жылда ырысын жерден алып, қамбаға астық толтырып жүр. 

Қазақтың діні де, тілі де, ділі де – ауылда. Бүгінгідей қоғамның рухани жаңғыруы кезеңінде ауыл жаңа келбетке, ал оның рухани өмірі уақыт шындығы мен талаптарына сай келетін жаңа мазмұнға ие болуы тиіс. Ал бұл міндеттерге сәйкес біз ауылды дамытуды мемлекеттің басым бағыты ретінде қарап, мемлекетті дамыту үшін ауылды көркейтуіміз керек-ақ. Ал мұндайда жоғарыдағай жобалардың жүзеге асыру қажет болады.

Тағы да оқыңыз: