Kyzylorda-news.kz. Жалағаш ауданының әкімі Асқарбек Есжановтың ауылдық елді мекендерге жұмыс сапары кент іргесіндегі Ақсу ауылында қорытындылады. 2022 жылы атқарылған жұмыстарды баяндап, алдағы жоспарланған жобаларды тарқатып, ел алдында тік тұрып есеп берген Асқарбек Темірбекұлы кездесуге жиналған халықтың ұсыныс-пікірлері мен мұң-мұқтажын жеке-жеке тыңдап, тұшымды жауап та берді. Десе де бұл аталған ауылда айтарлықтай күрделі мәселе көтерілген жоқ. 

Ауыл ақсақалдары байыппен кезекпен-кезек сөз алып, елдің бірлігін сақтаудан маңызды ештеңе жоқ екенін айтты. Расында Ақсуда қазір сол бірліктен туындаған берекелі тірлік бар. Бірнеше жылға созылған жер дауы да шешімін тапқан. Биыл шаруашылықтардың демеушілігімен Ақсу ауылына кіреберіс басты жол жарықтандырылыпты. 

Тұрғындар үшін маңызды Ақсу ауылына кіреберіс автомобиль жолын жөндеуге 76,6 млн теңге бөлініп, ауқымды жоба жүзеге аспақ. Сондай-ақ ақсулықтардың ұсынысына сәйкес 3 ішкі көшенің жөндеу жұмыстары үшін жоба сметалық құжаттар дайындалуда. Мұнан бөлек осы жылы ауылда жалпы құны 184,7 млн теңгені құрайтын электр желілері толық жаңартылатын болса, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында ауылдағы тұрмыстық қатты қалдықтарды тастайтын полигонды қоршауға 3,5 млн теңге бөлінеді. Ауыл халқы үшін ең қуанышты, көптен күткен жаңалықтың бірі Ақсуға биыл көгілдір отын жүргізіледі. Алдыңғы жылдары аудан орталығымен ауылды байланыстыратын жол жөндеуден өтіп, қазір сол жол халыққа сапалы қызмет етіп жатыр. Ендігі жерде сол жолдың бойына светофор қойылатын болды. Ол да ақсулықтардың талап-тілегі болатын. Міне, халық не сұраса, аудан басшылығы дереу орындауға жұмыс жасауға ниетті. Сондай қамқорлық пен еңбекті көріп отырған ақсулықтар аудан әкімшілігіне өз алғыстары мен тілектерін жаудырды.

«Соңғы жылдары ауылымызда көп жұмыс істелді. Асфальт төселді, көшеге жарық берді, көптеген үйлерде су бар. Аудан азаматтары мәселеге бейжай қарамайды, қолдан кел¬генше істеп жатыр. Қазір жағдайымыз жақсы, жұмыс жасаймын деген адамға барлық мүмкіндік жасалған. Ең бастысы, бейбітшілік, бірлік-береке бар. Ауыл сонысымен құнды. Аудан басшылығына Ақсудың аналар тілегін жеткізіп отырмын, сіздерге сәттілік тілейміз», – деді ауыл тұрғыны Мәриямкүл Ержанова.

Өткен жылы аудан бойынша 250 гектар бақшалық жер халыққа үлестіріліп, бірнеше аудан азаматы қыстық азығын жинап алған болатын. Сол үрдіс биыл да жалғасын табады. Енді 250 гектар емес, берілетін жер көлемі 2 есеге, яғни 500 гектарға ұлғайған. Мұны естіген ауыл халқы дән риза болды. Әрине ақсулықтар бау-бақша егуден қашанда өңірде осы кезге дейін алдыңғы қатарда болып келді.

Ел іші болған соң мәселе болмайды емес, болады. Ақсу ауылында да егістік, жайылымдық жерлерге және аяқ су бойынша біршама мәселелер айтылды. Бірақ аудан әкімі ол бойынша өзі жауап беріп, алдағы күндері шешімін табатынын жеткізді және Ақсу ауылдық округі әкімі Марат Шілдебаевқа ел ішіндегі ірілі-ұсақты кез келген мәселені назарға алуды тапсырды.

Тағы да оқыңыз: