Kyzylorda-news.kz  Неге қазақстандық жастар табыс үшін шетелге кетіп жатыр, сонда ел ішінде жұмыс істеуге мүмкіндік жоқ па?

Соңғы жылдары қазақстандық жастардың бір бөлігі табыс табу үшін Корея, Англия, Польша, Чехия, Германия, Ресей, Түркия секілді елдерге кетіп жатыр. Бірі – құрылысқа, бірі – зауытқа, енді бірі – қызмет көрсету саласына. Көпшілігінің айтатыны бір: «Қазақстанда жұмыс жоқ, болған жағдайда жалақы аз».

Бірақ мәселе шынымен жұмыстың жоқтығында ма, әлде жүйенің дұрыс жұмыс істемеуінде ме?

Шетелдің де өзшындығы бар...

Шетелге кеткен жастардың басым бөлігі қара жұмыс істеп жүр. Бірі қоймада жүк тасушы, зауытта оператор немесе мейрамханада даяшы, енді бірі егін даласында жұмысшы.

Бұл – біліктілігі аса жоғары емес, бірақ еңбегі нақты бағаланатын жұмыс. Ай сайын тұрақты жалақы, уақытылы төлем, кей елде әлеуметтік пакет те бар. Осы салада 5 жылға жуықтаған Серікболсын Мұрзаев қазіргі таңда шетелде жұмыс істегеннің нәтижесінде әкеме көлік, отбасыма үй салып бердім дейді. 

– Бұл жақта жұмыс ауыр, бірақ жалақыңды кешіктірмейді. Қазақстанда істеген жұмысымнан екі есе көп табамын. Соның арқасында әкеме жаңа көлік алып бердім және жақында жаңа үйге қоныстандық, – дейді жас.

Жалақының жыры қашан бітеді?

Қазақстанда жұмыс бар. Бірақ жалақы мен өмір сүру құны сәйкес емес. Расында әр өңірде орташа айлық көрсеткіші әр түрлі. Мәселен, Қызылорда аймағы жоғары жалақы алатын өңірдің бірі, бұған экологиялық үстеме ақының болуы едәуір әсер етіп отыр. Ал басқа өңірлер ше? Ресми жалақы көбіне күнкөріске әрең жетеді. Жастар үшін жалдамалы пәтер, несие, отбасын асырау үлкен проблемаға айналған. Осы орайда, әкімшіліктің айналасын жағалаған Нұргүл есімді жас белгілі бір мекемеде хатшы қызметін атқарады. Жалақысы көңіл қуантпайды. Сондықтан әлеуметтік көмекке мұқтажбын дейді. 

– Отбасы болғандықтан күйеуімізбен жан-жақты жұмыс жасаймыз. Алайда бүгінде тауарлардың бәрі қымбат. Айлық артса, артынша зат та қымбаттайды. Содан соң қазақ қалай байысын?! Міне, айлығымыз шайлығымызға жетпегендіктен, үкіметтің әлеуметтік көмегіне мұқтажбыз, –  дейді жас келіншек.

Танысың болса, мүмкіндігің бар

Жұмыс бар, бірақ әділет жоқ. Бұл сөз бүгінгі жастардың ұранына айналғандай. Таныссыз жұмысқа тұра алмайды, тәжірибесі жоқ деп қабылданбайды. Соның салдарынан жалақысы төмен қызметке мәжбүр. Ал жұмыспен қамту орталығы басшысының пікірі бұған қарама қайшы. Бос жұмыс орындары жеткілікті, жұмысшы жоқ деп дабыл қағады. 

– Иә, бүгінде жастарға, түрлі санаттағы адамдарға арналған бос жұмыс орындары жеткілікті. Алайда қызығушылық танытатындар аз. Осы бағытта түрлі шаралар ұйымдастырылып, көшпелі жәрмеңкелер де өткізіліп тұрады, – дейді. 

Мемлекеттік бағдарламалар – қағаз жүзінде қалып отырған сыңайлы. «Жастар практикасы», «Еңбек», «Жас маман» секілді бағдарламалар бар, бірақ олар бәріне бірдей жетпейді, ақпарат ашық емес, нақты нәтиже бермейді. Ал, шын мәнінде, Қазақстанда жұмыс жеткілікті ме? Иә, жеткілікті. Қай салада? Құрылыс, ауыл шаруашылығы, логистика, өндіріс, сервис пен қызмет көрсету. Мәселе – еңбекке төленетін ақы мен еңбек адамының қадірінде. Экономика саласының сарапшылары да «Қазақстанда еңбек нарығында тапшылық бар, бірақ жұмыс берушілер әлі де арзан жұмыс күшіне үйренген» дейді.

Сондықтан мемлекет ішінде «айдағы» айлықты алуды әзірге армандау қиын. Жақында Түркістан облысындағы жұмысқа жалданған жастардың видеосы тарады. Қытай азаматы басқаратын шаруашылықтың айлығы бастапқыда күніне 15-20 мың аралығында болса, кейіннен төмендеп кеткен. Тұрғындар бұған басшылық құрамындағы қазақстандықтарды кінәлайды, өйткені олар қытайлықтарды 15-20 мыңның «тым көптігіне» сендірген.

Неге жастар ел ішінде қалмайды?

Жастар шетелге бай болу үшін емес, әділет пен тұрақтылық үшін кетіп жатыр. Олар уақытылы жалақы, нақты еңбек шарты, болашағын жоспарлау мүмкіндігін қалайды. Бұл – экономикалық емес, әлеуметтік сигнал. Мемлекетке сын, қоғамға ой. Егер мемлекет жалақыны өмір сүру деңгейіне жақындатпаса, еңбек адамының құқығын қорғамаса, жастарға тек ұран емес, нақты мүмкіндік бермесе, онда ешбір жасты патриоттық сөзбен елде тұрақтандыру қиын.

Қорытынды. Ақшаны алыстан іздемеу үшін алдымен жақыннан әділет табу керек. Қазақстанда жұмыс бар. Бірақ жұмыс бар жерде табыс, табыс бар жерде сенім болуы шарт. Жастар шетелге тек жұмыс үшін кетіп жатқан жоқ, олар әділетті орта іздеп кетіп жатыр. Ал әділет дегеніміз – нақты жұмыс күшін, адами еңбек құндылығын жоғары бағалау.

Айдос МЫРЗАЛЫ

Фото: freepik.com

Тағы да оқыңыз: