Kyzylorda-news.kz. Биылғы алты айдың қорытындысы бойынша Ақмая ауылының әлеуметтік-экономикалық дамуы жақсы, егіс алқаптарында дән егу жұмыстары толық аяқталған. Бұл туралы ауыл әкімі Бағлан Сағындықұлы өткен брифинг барысында айтып өтті.

«Жалпы Ақмая ауылында ауыз толтырып айтарлықтай ілкімді істер атқарылуда. Атап айтар болсақ, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Іргелі көшесін орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге – 20 млн 720 мың теңге қаржы бөлінді. Сонымен қатар Ы.Алтынсарин көшесін орташа жөндеуге – 21 млн 168 мың теңге бөлініп, қазіргі уақытта жөндеу жұмыстары жүргізілуде. А.Құнанбаев көшесіне жаяу жүргіншілер жолын салуға 20 млн теңге бөлінді. «Rus Lider» ЖШС жеңімпаз атанды. Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың тапсырмасына сәйкес елді мекендегі балалар ойын және спорт алаңдарын қалпына келтіру жұмыстарына – 212 мың теңге бөлініп, ИП «Рауан» жеңімпаз атанып, сатып алу веб-порталы бойынша жұмыстар атқарылуда. Көше жарық шамдарын ағымдағы жөндеу жұмыстарына – 311 мың теңге бөлініп, «Шах Constraction» ЖШС жеңімпаз атанып, бүгінгі таңда жөндеу жұмыстарын жүргізуде. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автодәлізі бойы мен ауылға дейінгі 8,5 шақырым жолын күрделі жөндеуден өткізу жұмыстарына жоба-сметалық құжаттары әзірленуде. «Үлгілі елді мекен» конкурсына үміткер ретінде ауылда біршама жұмыстар атқарылды. Биылғы жылы 2000-ға жуық көшет пен гүл егіліп, көше бойындағы бағаналар сырланып, елді мекеннің көше бойына қоқыс жәшіктері орнатылып, аялдамаларға қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді», – деді ауыл әкімі.

Иә, шаруа қожалық десе бірінші Ақмая шаруа қожалығы еске түседі. Биыл ауылдағы шаруа қожалық басшылары 2350 гектарға – күріш, 497 гектарға – күздік бидай, 85 гектарға – картоп, 264,9 гектарға – жаңа жоңышқа, 1216,5 гектарға – ескі жоңышқа, көкөніс өнімдері егілсе, қалған 195 гектарға – бақша өнімдері, 205 гектарға тағы басқа дәнді дақылдар егілген. Айта кетейік, «Ақмая» шаруа қожалығы 200-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отыр.

Ауыл шаруашылығы – аудан экономикасының негізгі салаларының бірі. Мұнда мал шаруашылығының жалпы көлемі жыл сайын артып келеді. Диқандар өздерінің тәжірибесі, жаңа технологиялары мен озық техникасы, мамандардың кәсібилігі арқасында ауыл шаруашылығы дақылдарынан жақсы өнім алып отыр. Мал шаруашылығы саласының өкілдері де өз үлестерін қосуда. Бұл салалар бір-бірін толықтырып, қолдап, қатар дамып келеді.

Осы жылы тіркелген мүйізді ірі қара мал саны – 4954 бас, уақ мал – 8024, жылқы – 1107 бас мал толықтай тіркеліп, сырғаланып, паспортталып, біркелкі базасына енгізіліп үлгеріпті.

Тағы да оқыңыз: