Kyzylorda-news.kz Жалағаш ауданына қарасты Аққұм ауылына бұған дейінгі сапарымызда ауылдағы ағайынның талап-тілегіне жол сапасы арқау болған. Ішкі көшелер сапасының сын көтермейтінін біз де жақсы білеміз, жергілікті билік бұған қатысты арнайы жобалар дайындалғанын айтумен шектелетін. Кешегі апта ауылға тағы жолымыз түсті, Аққұмды аралап, елді мекеннің тыныс-тіршілігімен таныстық. Байқағанымыз, ауылда соңғы уақытта жергілікті жұрттың талап-тілегіне ерекше мән берілгені байқалады. Әлбетте, басқа да салалар бойынша жұмыстар жоқ емес, бірақ бізді ой-шұқыры көп орталық көшелердің сапасына мән берілгені қуантты.
Иә, бұған дейін редакцияның шығармашылық тобы «Ауыл тынысы» деген айдар аясында елді мекендердің бүгінгі тынысын, ондағы мәселелерде басылым бетінде көтерген. Кешегі аптада кезекті сапарымыз Аққұм ауылдық округінде жалғасты. Тарқатайық…
Әлеуметтің әлеуетін арттыру маңызды
Негізінен елді мекен жұрты егін егу, мал өсіру, жалпы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен және оны өңдеумен айналысады. Әлеуметтік жағдайына келсек, 1800-ге жуық адам мекен еткен ауылда жұмыссыздық денгейі 3 пайызды құрайды. Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба бойынша 5 ауыл тұрғыны жастар практикасына, 2 ауыл тұрғыны «Күміс жас» жобасына, 3 ауыл тұрғыны «Әлеуметтік жұмыс» орындарына орналастырылып, 12 ауыл тұрғыны тұрақты жұмыс тапқан.
Мемлекет басшысының бұған дейінгі 10 мың адамға 100 жаңа жұмыс орнын құру жөніндегі арнайы тапсырмасы бар. Атынбек Асанбеков осы бағытта нақты жұмыстар жүзеге асып жатқанын айтады. Мәселен, осыған дейін Аққұмда 10 жаңа жұмыс орны ашылған. Биыл жұмыссыз ретінде 46 тұрғын тіркелсе, оның 12-сі тұрақты жұмысқа орналасқан, 34 адам ақылы қоғамдық жұмысқа тартылды.
Кәсіпкерлік алға басқан
Ауыл әкімі Алтынбек Асанбеков жүзге жуық шағын және орта кәсіпкерлік нысаны барын айтады. Бүгінде оның 95-і нақты жұмыс жасап тұр. Жергілікті жұрт кәсіп ашуда мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдаланып отыр. Мәселен, Ауылдық округ бойынша «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздерін 7 ауыл тұрғыны оқып, барлығы қайтарымсыз грантпен кәсіп ашқан. Ал «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 1 адам суармалы жерлердегі өсімдіктерді бүрку үшін квадрокоптер алуға қаржылай қолдауға ие болған. Жоба құны – 11,4 млн теңге. Сонымен қатар 2 ауыл тұрғыны арнайы техника, 1 ауылы тұрғыны асыл тұқымды мал алу үшін құжат дайындауда.
– Аққұмда биыл атқарылған қызметтер Президент Жолдауынан, сондай-ақ Үкімет қабылдаған бағдарламалардан туындайтын міндеттерді орындауға, облыс, аудан әкімінің қаулы, шешім және хаттамалық тапсырмаларын орындауға бағытталған. Өздеріңіз көріп отырғандай, ауылда егін және мал шаруашылығы қар-қынды дамыған. Ауылдық округ бойынша 2 заңды тұлға, 14 шаруа қожалық, 5 бюджеттік мекеме және пошта байланыс бөлімшесі, учаскелік полиция пункті, бір мешіт халыққа қызмет көрсетеді, – дейді Алтекең.
Қос салада қарқын бар
Иә, Аққұмдағы ағайынның ауыл шаруашылығы саласында табысты еңбек етіп отқанын аңғару қиын емес. Әсіресе олар күнделікті тұрмыс-тіршілігін мал шаруашылығымен байланыстырады. Қазірдің өзінде жеке отбасыларда 1668 мүйізді ірі қара, 1853 жылқы, 825 қой, 728 ешкі, 74 түйе, 1006 үй құстары есепке бар. Ал мал шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтарда 609 мүйізді ірі қара, 670 жылқы, 125 қой, 94 түйе есепке алынған. Ауылда биыл 2112 гектар күріш, 745 гектар жаңа жоңышқа,75 гектар мақсары егіліп, 706 гектар ескі жоңышқа күтімге алынған. Кешегі күзгі науқанның қорытындысымен ауыл еңбеккерлері егін шаруашылығын толайым табыспен қорытындылады. Жалпы жер көлемі 15 500 гектарды құраса, оның ішінде 10008 гектары – ауыл шаруашылығы жерлері. Мұнан бөлек 5212 гектар жайылымдық, 246 гектар шабындық және 4550 гектар егістік жер тағы бар.
Ауылдағы алтын ұя
Елді мекендегі 420 орындық №38 орта мектеп 1974 жылы пайдалануға берілген. 2012 жылы білім ордасына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда онда балалардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған.
Бүгінде ауылдағы алтын ұяда 400 оқушы білім алад. Ондағы 58 мұғалімнің 96,5 пайызы – жоғары білімді маман. Биыл білім ошағын 25 оқушы бітірген. ҰБТ-ға 22-сі қатысып, бүгінде 19 түлек мемлекеттік грантпен жоғары оқу орындарында білім алуда. Биыл бұл нысан жылу маусымында 9 тонна дизель отынымен тамтылған. Әлі 65 тонна дизель келеді деп күтілуде.
Ауылдық округте №7 «Шұғыла» балабақшасы жұмыс жасайды. 1975 жылы пайдалануға берілген нысан 120 балаға арналған. Қазіргі таңда 105 бала қамтылған. Онда 40-қа жуық адам жұмыспен қамтылған. Балабақша ғимаратына да 2016 жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Екі жыл бұрын тағы да ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Балабақша жылу маусымында 5,7 тонна дизельмен қамтылған. Енді 42 тонна дизель келеді деп күтілуде.
Ауыл тұрғындарына 10 төсектік күндізгі стационарлық дәрігерлік емхана қызмет көрсетеді. Медициналық нысан 1975 жылы пайдалануға берілген. Биыл жаңа жедел жәрдем көлігімен қамтамасыз етілді. Емханаға 3 жыл бұрын күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда бұл нысан да жылу маусымына сақадай сай. Осыған дейін 75 тонна қатты отын жеткізілсе, алдағы уақытта тағы да 55 тонна көмір келеді деп күтілуде.
Аққұмда 150 орындық ауылдық клуб ауыл тұрғындарына қызмет көрсетеді. мәдениет үйі 2012 жылы пайдалануға берілген. Онда 15 адам жұмыс жасайды. Мәдениет ошағына 2022 жылы күрделі жөндеу жасалған. Бұл нысан да жылы жылу маусымына дайын екен. Бүгінге дейін 20 тонна қатты отын жеткізілсе, қалғаны алдағы уақытта келеді деп күтілуде.
Елді мекенде 1 спорт орталығы тұрғындарға қызмет көрсетеді. 2017 жыл салынған ғимарат 3 жыл бұрын қайта жабдықталып, ауыл спортының алға басыуына қолғабыс етуде. Қазіргі таңда онда ауыр атлетика, тоғызқұмалық, күрес үйірмелері жұмыс жасайды.
Ауылда Ауызсу жүйесі мен электр желілеріне 2021-2022 жылдары қайта жаңғырту жұмыстары жүгізілген. Жергілікті жұрт тәулік бойы сапалы ауызсуға қол жеткізіп отыр. Сондай-ақ барлық тұрғын үй су өлшегіш құралын қондырған. Елді мекенді аяқ сумен қамтамасыз ету мақсатында 1 сутартқыш насос іске қосылған.
Жол сапасы жақсарған
Иә, Аққұмда соңғы жылдары жол құрылысы қарқын алып, елдің талап-тілегі орындалды. Ауылдың ішкі көшелерінің жалпы ұзындығы 14 шақырымды құрайды. Биыл ауылдық округте 10 көшеге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргілді. Жобаның жалпы құны – 457,1 млн теңге.
– Өздеріңіз білетіндей, осыған дейін ауылымыздың басты мәселесі осы жол сапасының сын көтермейтіні еді. Аудан әкімінің халықпен кездесулерінде де елдің мәселесі осы жол сапасы арқау болған. Ел ағалары ауылдағы ағайынның мәселесін ескеріп, ортақ мәселемізді шешіп берді. Алдағы жылға да арнайы жобаларымыз бар, барлығы осы елді мекеннің екінші тынысын ашуға негізделген, – дейді Атынбек Асанбеков.
Ауылдың абаттануына демеушілер де дем берді
Елді мекенде демеушілер есебінен де ауылды абаттандыру, көркейту-көгалдандыру жұмыстары қарқын алған. Биыл «Жасталап» шаруа қожалығының төрағасы Кенжехан Жадиловтың демеушілігімен Бейбітшілік көшесінің бойындағы 750 метр жер қоршалып, гүл және жеміс ағаштарын егу жұмыстары жүргізді. Кәсіпкер бұл мақсатқа 2,8 млн теңгң бөлген. Сонымен қатар мектептің 20 жылдық түлектері «Тайман қари» мешітіне 2 млн теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізген.
Мұнан бөлек Меңліқара Нұрқожаев көшесі мен орталық алаңға «Бірлік-А» шаруа қожалығы 1,3 млн теңгеге жарықтандыру жұмыстарын жүргізді. 1968 жылғы ауыл азаматтары Кеңес әскерінің Ауған жерінен шыққанына 35 жыл толуына орай Ауғанстан жерінде интернационалдық борышын адал өтеп келген ардагерлерге арнап аллея ашты.
Ауылды аббаттандыру мақсатында мемелкеттік бағдарламалармен де ілкімді жобалар жүзеге асқан. Мәселен, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша 2,2 млн теңгеге Қалыбай Бекенов көшесіне түнгі жарық шамдары ауыстырылды. Сондай-ақ Бейбітшілік және Б.Ақдаулетов көшелеріндегі бейнебақылау камералары жөнделіп, ауылішілік көшелердің жол белгілері жаңартылған.
Жалпы ауылда айтарлықтай өзгеріс бар, мұның бәрі нәтижелі жұмыстың жемісі деп түйдік. Бірақ бұған тоқмейілсуге тағы болмайды. Оны ауыл әкімі Алтекең де жақсы біледі. Алдағы жылға да нақты жоспарлары бар екен, ал оның нәтижесін сол уақыттың еншісіне қалдырдық.
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ