Kyzylorda-news.kz. Сәрсенбіде Жалағаш ауданының әкімі Асқарбек Есжанов Аққұм ауылына іс-сапармен барды. Ауылдық клубта жиналған аққұмдық ағайын ауданның биылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы мен алдағы уақытта атқарылатын жобаларға қанықты.

Айта кетейік, бүгінде Аққұм ауылы гүлденген, көркейген. Төрт жүзге жуық түтіні бар ауылда 5 бюджеттік мекеме және пошта байланыс бөлімшесі, учаскелік полиция пункті халыққа қызмет көрсетеді.  Аудан әкімі Асқарбек Темірбекұлы аққұмдықтармен кездесу ба-рысында ауданда атқарылған іс ауқымды, кезекте тұрған мәселе де жоқ емес екенін тілге тиек етті. 

Зерттеу-зерделеу барысында ауданда ең өзекті мәселелер қатарында бірқатар ауылдарда аяқ су, жол құрылысы, көпірлерді жөндеу, Жалағаш кентіне жақын ауылдарды газдандыру, жарықтандыру мәселесі тұрғаны анықталды. Осыған орай аудан басшысы алдымен жол құрылысы мәселесінің шешілу түйінін тарқатты. Алдымен ішкі көшелерге, яғни алдағы уақытта Аққұмдағы бірнеше көшенің сапасына мән берілетін болады. Тіпті ол ауданның даму жоспарында да қамтылған. Нақтырақ айтсақ, биыл Аққұмда жалпы құны 63,8 млн теңгені құрайтын 3 көшеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Демек бұл мәселе де шешімін тауып, халықтың талап-тілегі орындалатын күннің де ауылы алыс емес секілді. 

Ал елді мекен көшелері түнгі уақытта жап-жарық, жаяу жүргіншілердің еркін қозғалысына жағдай жасалған. Яғни былтыр демеушілер есебінен 4 көшеге жарықтандыру жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ елді мекенге көгілдір отын кіргізу жобасының қолға алынатыны аққұмдықтарды қуантты. Биылдың өзінде кент іргесіндегі Ақсу ауылы мен дарияның бергі бетінде орналасқан М.Шәменов ауылына газ кіргізу жобалары дайындалса, дәл осы қос елді мекен арқылы алдағы уақытта Бұқарбай батыр, Аққұм, Қаракеткен, Таң ауылдарына көгілдір отын жеткізу жоспарда бар. Аудан халқы ауыз сумен 100 пайыз қамтылғаны белгілі. Осы орайда елді мекенде өткен жылы су тарту жүйесі мен аула ішілік су тарту желісінің құрылысы жобалары қаржыландырылған.

Жалпы, ауданның 3 жылдық даму жоспарында әрбір елді мекенде халықтың көкейінде жүрген мәселелердің шешімі толық қамтылған. Мәселен, біз аялдаған Аққұм елді мекенінде кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы шараларды жүзеге асыруға бағытталған әлеуметтік-экономикалық дамуды жүзеге асыру, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымдарды дамыту, көліктік қолжетімділік аумағын кеңейту, мемлекеттік және коммерциялық қызмет көрсету орталықтарын құру және дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу және халықты жұмыспен қамту сияқты түзілген бағдарламалар бар және олар өз кезеңімен жүзеге асуда. Кәсіппен айналысамын деген елді мекен тұрғындарына мемлекеттік қолдау тиісті орындардың өкілдері та¬рапынан толыққанды түсіндіріліп, қолдау шаралары да жүргізіліп келеді. Соның нәтижесінде ауылда кәсіппен айналысамын, өз-өзімді жұмыспен қамтамасыз етемін деген азаматтар қатары артқан.

Осы тұста айта кетейік, ауылдағы «Бақдаулет» шаруа қожалығы еңбеккерлерінің атқарып жатқан жұмыстары, оның ішінде күрішті егіп, одан күзде молынан өнім жинауда табандылық танытып жүргені аққұмдық ағайынның шаруасы ширақ екенінің дәлелі. Шаруашылық қаншама ауыл тұрғынын жұмыспен қамтып отыр. Осы шаруашылықтың қолдауымен ауыл жастарына арналған күрес, ауыр атлетикадан жаттығуға арналған зал ашылған. Онымен қоса ауыл орталығынан халыққа қызмет көрсететін нау-байхана, монша нысандары жұмыс істеп тұр.

Жалпы, Аққұмнан ауылда көркейту-көгалдандыру, абаттандыру жұмыстары да жыл сайын өз деңгейінде жүргізіліп келе жатқанын көруге болады. Тазалыққа басымдық берген елді мекенде кіреберіс аркалар мен Б.Ақдәулетов көшесіндегі темір қоршаулар сырланып, көшелердегі күл-қоқыстар уақытылы тазаланып тұр. 

Ел болғасын мәселе туындайды, ал сол мәселенің шешімін табу өз алдына бөлек әңгіме. Ең бастысы, Аққұмда атқарылып жатқан ауқымды істер көп-ақ. Ал ауыл халқында жарқын болашаққа деген сенім мен ынтаның  мықты екенін байқауға болады. Әсіресе ауыл ажарының күннен-күнге артып, әлеуметтің әлеуетінің жақсарып келе жатқаны көңіл қуантады. Енді аудан әкімінің бастамасымен қолға алынып жатқан жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асса, онда ауылдағы мәселелердің барлығы біртіндеп оң шешімін табады. Өзгелерге үлгі болатын аққұмдықтар ендігі жерде ауызбіршілік танытып, ауылдың берекесін келтіріп отырса, елді мекеннің талай жетістіктеріне куә боларымыз анық.

Жиын соңында ауыл ақсақалы сөз алып, аудан азаматтарына ақ батасын берді. Ауыл ақсақалдары айтқандай, барлығы бірлікпен, ұйымшылдықпен бітетін жұмыс. Қай жерде де ауылмен бірге болу, бір мақсатта жұмыс істеудің маңызы зор. Біздің осындай бейбіт заманда өмір сүруіміз қазақ халқының ұйыған ауызбіршілігінің арқасында. Сондықтан осындай асыл қасиетімізден айырылмай, бірлікпен іс жүргізіп, бір-бірімізге тілеулес болсақ, талай белестерді бағындыратынымызға сенім мол.

Тағы да оқыңыз: