Kyzylorda-news.kz. Наурыз айынан бастап еліміздің әр өңірінде «AMANAT» партиясы мобильді қоғамдық қабылдау жұмысын бастағаны баршаға белгілі. Осы орайда мобильді топ мүшелері біздің өңірімізде өткен аптада 5 шалғай елді-мекенді аралап, тұрғындардың талап-тілектерін тыңдап, халықтың мұң-мұқтажына назар қойып, мәселелерді шешуге білек сыбана кірісіп те кетті.
Бүгін аймағымыздан құрылған партия филиалдарының төрағалары, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының және жергілікті атқарушы орган өкілдерінен құралған мобильді топ Арал ауданындағы Аққұм ауылы мен Жалағаш ауданының Жаңадария ауылында тұрғындардың өтініш-тілектерін тыңдап, өз бақылауларына алып қайтты.
Қабылдауда тұрғындар елді мекенді газдандыру мен жұмыссыздық, ішкі көшелерді жөндеу мен инфроқұрылым т.б. мәселер төңірегінде болды. Мобильді топтың қабылдауында болған Аққұм ауылының тұрғыны Айжарық Қосбармақов елді мекенді газдандыру мәселесін оңтайлы шешуге ықпал жасауды сұрады.
Ал, Жаңадария ауылы бау-бақша өнімдері және мал шаруашылығымен айналысатын елді – мекен. Шаруалардың жұмысы алға басуы үшін аяқ судан мәселе туындамауы қажет. Осы үшін ауылымыздың маңындағы Іңкәрдария каналын қазу және тазалау жұмыстары жүргізілсе»,- дейді – ауылы тұрғыны М.Бостанов. Өтініш иесінің сауалына мобильді топ мүшесі, аудандық партия филиалының төрағасы, аудан әкімі А.Шәменов жауап берді. Ол Іңкәрдария каналына қатысты жұмыстар жергілікті атқарушы органдармен жүзеге асып жатқандығын тілге тиек етіп, мәселенің оңтайлы шешілуіне нақты жұмыстар жүргізілетін жеткізді.
Жаңадария тұрғындарын елді мекендегі ішкі көшелер жағдайы да алаңдатса керек. Себебі мобильді топ қабылдауына келушілердің бірқатары көшелер жағдайын айтып жатты. Олардың айтуынша ауыл ішінде жалпы ұзындығы 4,2 км құрайтын Қ. Сәтбаев, Жаңадария, Достық, Мектеп көшелеріне мүлдем жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Бүгінгі күні жоба сметалық құжаттары әзірленіп, аудандық тиісті мекемелерге ұсынылған. Қаржы бөлуді қажет етеді.
Ауыл тұрғындарын мазалаған барлық мәселелер мобильді топ жұмысының хаттамасына енгізіліп, «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының жіті бақылауына алынды. Бұл туралы облыстық партия филиалының Атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешова атап өтті.
Мобильді қоғамдық қабылдаудың өкілдері бүгін екі бірдей ауданда, 2 ауылда болып 50-ге жуық тұрғынды қабылдады. Бірқатар азаматтар сауалдарына сол жерде жауап алса, кейбір өтініштер мазмұнына қарай партия бақылауына алдынды тиісті атқарушы органдармен бірлесе отырып, оңтайлы шешілуіне жұмыстар жасалатын болады және алдағы апта ішінде партияның мобильді топтар Арал, Қазалы, Жаңақорған, Шиелі аудандарына қарасты тағы бірқатар ауылдарда болып, тұрғындармен кездеседі.



