Kyzylorda-news.kz. Қармақшы ауданындағы жыл санап әлеуеті артып келе жатқан ауылдың бірі – Ақай ауылы. Ол алғашында кеңестер одағы ғарыш айлағының орталығы – Ленинск қаласын қажетті ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында 1957 жылдары №22 әскери кеңшар болып құрылған. Ресми түрде осылай аталғанымен халық оны тарихи мәніне бойлап, Сырдария өзеніндегі бірнеше шақырым жердегі аралдың атымен «Ақай» деп атап кеткен. Мұнда кезінде ет комбинаты, тауық, сиыр фермалары мен сыра зауыты жұмыс істеген.
Сол бір уақыттарда 1000-нан сәл ғана асатын тұрғыны болған елді мекенде қазіргі таңда алты мыңға жуық адам тұрады. Талай тарихи сатыдан өткен ауыл бүгінде әлеуметтік жағдайы артып, кескін-келбеті көркейе түсуде. Мұнда балабақшалар, орта мектеп, емхана, клуб, кітапхана халыққа қызмет көрсетсе, заман талабына сай ашылған бірнеше шаруа қожалығы, наубайхана, кондитер цехы, шаштараз, жанар-жағар май құю бекеті, дүкен, тойхана, тағы басқа да бірқатар кәсіп, қызмет түрлері өркен жайып, тіршілігі жандана түскен. Тұрғындардың имандылық, адамгершілік қасиеттерін арттыруда «Мүсірәлі Сопы Әзиз» мешіті жұмыс істеуде. Сондай-ақ, еліміздегі азаматтық қоғамды нығайтуға бағытталған үкіметтік емес ұйымдар да елді мекенде жаңаша өріс алып, белсенділік танытуда. Атап айтқанда «Ақсақалдар алқасы» қоғамдық бірлестігі, ауылдық әйелдер кеңесі, кәсіпкерлер қауымдастығы қоғам өміріне етене араласуда.
Тарихи жолында құрылымдық жағынан бірнеше мәрте өзгерген Ақай ауылы құрылғаннан бастап 1993 жылға дейін халық депутаттары Төретам поселкелік Кеңесі атқару комитетінің қарамағында болып келсе, оған 1978 жылдан бастап 1993 жылға дейін қыстақтық Кеңестің төрағасы болып Халида Төлебайқызы сайланған. 1993 жылдың соңына таман Ақай ауылдық әкімшілік ретінде қайта құрылып, оған Тыныштықбай Жаппасбайұлы әкім болып тағайындалған. Ал 1997 жылы елді мекен Төретам қыстағының қарамағына өтіп, 2001 жылға дейін қыстақтың әкімі Ырзақұл Нұртаев болған. 2001-2005 жылдар аралығында Нұртілеу Салықов ағамыз басқарады. Одан соң 2004 жылы ауылдық округі болып құрылып, әкім аппараты ашылды. 2005-2006 жылдары ауыл әкімі қызметін Мырзабек Демесінов қолға алса, мұнан кейінгі ауылдың 10 жыл бойғы тізгіні білікті маман Райхан Байшораеваға сеніп тапсырылды. Міне, содан бері берекелі мекенге істе мығым, көңілде нәзік қыздар қауымы басшылық жасап келеді. Ауылға Райхан апамыздан кейін Гүлсара Умарова басшылық етсе, бүгінде тәжірибелі маман Эльмира Қазиева тізгін алған.
Ауыл – қазақтың қаймағы бұзылмаған қазыналы мекені. Ондағы әрбір тірлік болашақтың берік іргетасын қалап, келешегіне кемел жол бастай алады. Өсіп-өркендеген елдің ынтымағы артып, бақ-берекесі тасымақ. Ақайда тұрғындар денсаулығын сақтау мен алдын алуға байланысты дәрігерлік амбулатория қызмет көрсетеді. Онда науқастарға дәрігер, медбикелер, кіші аяжандар, барлығы отызға жуық адам еңбек етуде. Білім-тәрбие саласында 2 мектеп бар. Былтырғы жылдың мәліметіне сүйенсек, ҰБТ-ның қорытындысы бойынша №99 орта мектеп 83,0 балға қол жеткізсе, №279 мектеп-лицей шәкірттері 98,6 балл жинап жоғары көрсеткішке ие болды. Сонымен қатар мектеп бітіруші түлектердің 3-еуі «Алтын белгі», 6-ауы «Үздік аттестатқа» ие болып, мерейлері үстем болған жайы бар. №99 орта мектеп бойынша Арайлым Жұманова, Арман Айгелдиев, Назерке Мақсұт, Аида Қарабекова «Үздік аттестат» алса, №279 мектеп-лицейі бойынша Нүрия Дарбаева, Әсия Айсариева, Зарина Ержанова «Алтын белгі» және Дана Нұржанова мен Алина Әбдіқалықова «Үздік аттестатқа» бітірген. Ауылда 4 балабақша жұмыс істесе, оның 3-еуі мемлекеттік, 1-еуі санаториялық, 1-еуі жекеменшік ясли-бақша. Онда 479 бала тәрбиеленіп, оларды 85 педагог қызметкер тәрбие, білім нәрімен сусындатуда. Ал спорт және дене шынықтыру саласында №16 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде 2 жаттықтырушы бапкерлік етуде. Мамандардан 45 бала самбодан, 40 бала бокстан дәріс алуда. Сондай-ақ ЖК С.Ниязов «Алладин» балалар ойын-сауық орталығын қайта бейімдеп, «Пионер Байконур» таэквондо жаттығу залын ашып, спортқа тілек білдірген балаларды жаттықтыруда.
Ауыл әкімшілігінде жұмыс бағдарымызды бір пысықтап алып, кәсіпкерлік нысандарын бағытқа алдық. Орталық көшелерде құрылыс, сауда-саттық дүкендерінің есігі айқара ашылып, кіріп-шығып жатқандар көп. Ұзын көшемен тура жүріп, оңға қарай бұрылғанымызда өзіндік келбеті келіскен «Жұлдыз» дүкені мен оған жапсарлас салынған асханаға назарымыз ауды. Тамақтану орнына кіре бергенімізде бізді жас қыз қарсы алды. Оған келгендегі жөнімізді айтып, асхана иесін шақыруды өтіндік. Айтқанымыздай артынша-ақ асхана иесінің жұбайымын деп өзін таныстырған инабатты келіншек кіріп келіп, келген тобымызбен үстел басына шақырды.
«Іздеген адамдарыңыз шауалармен жүр. Мен сол жеке кәсіпкер Арман Дәуленбаевтың жолдасымын» деп, жылы қабылдап алдымызға ыстық шай мен жұмсақ наннан алдырды.
«Байқоңыр қаласының тұрғынымыз. Екеуміз де кәсіпкерміз. Мен 2015 жылдан бастасам, Арман Әнуарұлы 2012 жылдан бері кәсіппен айналысады. Ал дүкеннің кәсібіне келсем, оны 2017 жылдан бастадық. «Жұлдыз» дүкенінің бес жылдығына орай сәтін салып осы асхананы аштық. Ондағы себеп – ауылда балалар ойнап, қызығатын жер жоқтың қасы. Кешке қарай көлеңке түсе бастағанда осы маңдағы балалар жиналып есіктің алдында жүреді. Арасында ішке кіріп, көңілдерін көтеріп музыкаға билейді. Әңгімелерін айтады. Былай айтқанда бала барып тынығатын орын кемшін. Бізде емін-еркін су-пуын ішіп, демалыстайды. Қосымша тағы наубайхана ашамыз ба деген де ниетіміз бар. Қолдан бүгіп тұшпара, орама, манты дайындауды да қолға алмақпыз бұйырса. Кәсіпті жалғастырып, кеңейтіп, бірнеше адамды жұмыспен қамтудамыз. Асханамызда жұмыскерлер нысаннан нәпақасын тауып, отбасын асырап отыр. Әлде де кеңейсек, тағы адамдарды жұмыспен қамтимыз. Кәсіпті өз қаражатымыз есебінен жүргізіп жатырмыз» дейді Жанар Мұстафаева.
Кәсіпкердің пайымынша әркімге де кәсіп істеуге болады. Жұмыс жоқ емес, бар. Егер қаражаты болмаса, мемлекеттік қолдау бағдарламаларына сүйенуге болады. «Жалқаулық бар жастарымызда. Жұмыс істеуге де, кәсіп ашуға да ықыласың болса болғаны. Кәсіптің көзі көп. Істеймін дегенге еңбек табылады. Мысалы кәсіби аспаздар өте тапшы. Мамандар жетіспейді. Соны үйренсе жастар, сұранысқа ие болар еді. Бізде жұмыс істеп жатқан жастар 18 жасқа толғандар. Өрімдей ер жігіттер. Қызылордаға барып, оқып келіп жұмыс істеп жатыр. Соған сай өздерінің кәсібін ашса да жолдары ашық» дейді кәсіпкер. Асханаға тағамның фасфуд және ыстық тағамдарға да тапсырыс жиі түседі екен. Қуырдақ, палау ыстық тамақ ретінде ұсынылса, тандыр нанды да өздері өндіріп отыр. Самса, бәліш, басқа да нан өнімінің бірнеше түрі тұтынушыға ұсынылады.
«Арасында той-томалаққа тапсырыстар қабылдаймыз. Кез келген істе алдымен идея туындайды ғой. Енді осы маңнан балаларға уақыттарын тиімді өткізіп, ойнауларына арналған балалар ойын және спорттық алаңдарын салғымыз келеді. Бар арманмақсатымыз – ауылымызды көркейтіп, оның дамуына атсалысу. Қазір спорттық кешен құрылысы салынуда. Десе де ол ауылдың сырт жағында орналасқан. Орталықтан да спорттық ойын алаңын ұйымдастырсақ, артық болмайды деген ойдамыз. Осындай да жоспарымыз бар болашақта» дейді Жанар Айназарқызы өзінің елге, халыққа деген патриоттық сезімін байқатып.
Асханаға келіп-кетіп жатқан адамдар баршылық. Уақыт бәрінен қымбат дегендей, кәсіпкердің жұмысына кедергі келтірмейік деген оймен жолға жинала бастадық. Шынында да талап қыла білген ғана тәуекел етеді.
Кәсіп – тәуекелді сүйеді. Өмірдегі жетістіктің бәрі де еңбекпен ғана келеді. Алған бетінен қайтпайтын қайсар жандар ғана нағыз кәсіпкер атана алады.