Kyzylorda-news.kz Қармақшы ауданына қарасты Ақай ауылына барған сапарымызда тұрғындар көгілдір отынның тиімділігін тілге тиек етті. Жыл сайын көмірдің кезегінде тұрып шаршаған жұрт көгілдір отынды асыға күткенін айтады. 

Қарап отырсақ, біздің тіршілігімізге жан беріп тұрған – жарық, газ. су. Осы үшеуіне жұмсалған коммуналдық төлем адал деп жатамыз. Әсіресе күз-қыс айларында аудан тұрғындары үшін қай-қайсысы да сөнбеуі керек. Осы ретте Жосалы кенті үшін 3 жылдан бері көгілдір отын маздап тұр. Тұрмыс тауқыметі жеңілдеп, өркениетке қарай қадам басып келеміз. 
  Мұндай игілікке қадам басқан елді мекеннің бірі – ауданға қарасты Ақай ауылдық округі. Құрылыс жұмыстары 2022 жылдың тамыз айында басталып, 2023 жылдың 1 қарашасында толық аяқталған. Газ құбыры мен газ тарату желілерінің құрылысын «AKBARS Stroy Ltd»  ЖШС мердігер мекемесі атқарған. Былтыр желтоқсан айында көгілдір отын іске қосылып көпті қуантты. Жалпы Ақай ауылдық округінде 1166 үй болса, бүгінгі таңда 648 үй толығымен газға қосылған. Құжатын қамдап, қосылуға дайын отырғандар да жетерлік дейді мамандар.  

– Бізге пеш жағып, күл шығарудан бұрын отын табу қиын еді. Күзге таяу көмір алу үшін ұзын-сонар кезек  болады. Жыл өткен сайын бағасы да қымбаттай түсетін еді. Сондайда от жағып, күл шығармайтын қала тұрғындарына қызығатынбыз. Қазір ол күнге өзіміз де жеттік. Жылда жаз басталса қыстың қамына кірісіп отын, көмір іздейтін едік. Көптен күткен көгілдір отынның пайдасына кенелудеміз. Енді біз де отын жарып, пешке от жағып, күл шығармайтын болдық. Әсіресе әйелім мен келіндерімнің қуанышында шек жоқ. Олар қолдарын ыстық суға малып, жылы үйде уайымсыз тіршіліктерін қамдайтындығына дән риза. Тұрмыс тауқыметі азайып, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жақсарды деген осы емес пе? Қазір алыстағы ауылдардың өзі өркениетке қарай оң қадамдар жасап жатыр. Жақында Төретам кенті де газға қосылмақ. Мұндай игілікті істердің қатары арта берсін, – дейді ауыл тұрғыны Қазбек Күншығаров.

Көгілдір отын барда көңілдің отының да маздап тұратыны шындық. Ендеше осы игіліктің олқы болмауы жолында аянбай тер төгіп жүрген азаматтарға жұрт алғысы қашанда мол деп батыл айта аламыз. Олардың табысы қаулап, әр үйде газ лаулап тұрсын деп тілейік.

 

Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ

Тағы да оқыңыз: