Kyzylorda-news.kz. 1 наурыздан бастап ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында магистратура және докторантураға құжаттарды қабылдау басталды. Қабылдау 5 маусымға дейін жалғасады. Мұнда 2 жылдан әрі еңбек өтілі бар барлық мемлекеттік қызметшілер магистратураның жеті, докторантураның екі білім беру бағдарламаласының бірі бойынша грантқа түсе алады.

«Қазіргі таңда академияда мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыруда көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Оқуға түсуіне бар жағдай жасалған. Бұл олардың қоғамдағы рөлін және үлесін арттыруға үлкен мүмкіндік береді. Мәселен, өткен жылы біздің филиалдан 1680 тыңдаушы оқудан өтті. Оның ішінде 1039-ы мемлекеттік қызметшілер, қалған 641-і азаматтық қызметшілер», – деді ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Мұрат Әйтімов.

Басшы бұдан бөлек, биыл филиалды дамыту мақсатында өзгермелі әлемдік трендтерге сәйкес еліміздің мемлекеттік қызметін кәсібилендіру, мемлекеттік ұйымдарда, квазимемлекеттік секторда жобалық басқару стандартын дамыту, құзыреттілікті бағалау орталығын құру секілді бірқатар жұмыстар жоспарланып отырғанын тілге тиек етті.

«Біз биыл мемлекеттік қызметшілердің оң имиджін қалыптастыру бағытында ауқымды шараларды қолға алдық. Мәселен, мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатына сәйкес, ақпан айынан бастап, тұрақты түрде мемлекеттік қызмет көрсетуші мекеме басшыларының ХҚКО-да тұрғындарға жеке қабылдаулар жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, Қорқыт ата атындағы университетімен меморандумға отырып, «Абырой» жас мемлекеттік қызметшілер мектебі ашылды. Әрі аталмыш университет базасында алдағы жаңа оқу жылынан бастап, «Адам ресурстарын басқару» мамандығы енгізіліп, HR-мамандарын дайындау қолға алынатын болады», – деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Берікбол Байхожаев.

Айта кетейік, бұрын бос лауазымдар конкурсына қатысу үшін қызметкерлер 9 құжат тапсыратын болса, қазір 3 құжатқа төмендеген. Оған қызметшінің төлқұжат, қызметтік тізімі, бос тұрған лауазым қатысу туралы өтінішіңіз болса жеткілікті.

Тағы да оқыңыз: