Kyzylorda-news.kz. Аралда соңғы жылдары кәсіпкерлік көкжиегі кеңейіп келеді. Түрлі нысан бой көтеріп, сапалы қызмет түрлері ұсынылып жүр. Өйткені мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге жасалып жатқан қолдау жоғары. Бұл көңіл қуантады. Десе де кәсіпкерлік саласына талай жылдар бұрын бет бұрып, бүгінде аудан халқына түрлі салада сапалы қызмет ұсынып жүрген кәсіпкерлер де бар. Солардың бірі – Айжан Төремұратова.

Қым-қуыт тіршіліктен әркім өзіне бұйырған несібесін алып қалуға тырысады. Сол үшін еңбектеніп, тер төгеді. Айжан Бердімұратқызы да – өз еңбегімен балаларын бағып отырған аяулы ана. Ол еңбек жолын сонау 1980 жылдардан бастаған. Алғашында қалалық тұтынушылар қоғамында жұмыс істеген ол 1996 жылдан бастап жеке кәсіпке бет бұрады. 

 Жоғары оқу орнын бітіріп келсем де, мамандығым бойынша жұмыс істеген емеспін. Өйткені мен бір орында отыра алмайтын адаммын. Үнемі қозғалыста, қарбаласта жүріп жұмыс істеген өзіме ұнайды. Кәсібімді ауданға ұн өнімдерін әкеліп сатудан бастадым. Алғаш болып макарон цехын аштым. Бұл бастама маған табыс әкелді. Бұған қоса азық-түлік сататын көтерме сауда дүкенім болды. Бір нәрсемен шектеліп қалуды аса қаламаймын. Әр салада бағымды сынап көргенді жақсы көремін. Сөйтіп наубайхананы іске қостым. Бұларға қосымша ауданға табиғи газ келмей тұрған кездері тұрғындарды газ баллондарымен қамтамасыз еттім, – деген Айжан апа кәсіпкерлік жолдары жайлы әңгімеледі. 

Бастамалары табыс әкеле бастаған кәсіпкер мұнымен тоқтап қалған жоқ. Бұл кезде ауданда тойхана жетіспеушілігі сезіліп тұрған шақ еді. Болса да шағын болатын. Содан сыйымдылығы жоғары «Сәтті» тойханасын ашады. Заманауи жабдықталған. Іші кең, жайлы қонақ күту орны халықтың көңілінен шықты. Аралдықтар қуанышын осы тойханада тойлауға асық болды. Мейрамхана ісінде тәжірибе жинақтаған кәсіпкер көпшіліктің сұрауы бойынша мешіт жанынан асхана ашты. Бұл да бүгінгі таңда сапалы қызметімен халық игілігіне жұмыс істеп тұр. Бұлардың бәрінде қаншама адам жұмыспен қамтылып отыр. 

Мен тазалықты, ұқыптылықты, жауапкершілікті жақсы көремін. Жұмысшыларды қабылдарда осыны талап етемін. Өзімді қатал басшымын деп ойламаймын. Көбіне қарапайым жандар жұмыс сұрап келеді. Олардың меселін қайтармауға тырысамын. Не нәрсенің да сапалы болғандығы ұнайды, – деген кәсіпкер өзінің жұмысшыға қояр талаптары туралы айтты. 

Кәсіпкерлік – бәсекелестік ортасы болғандықтан, халыққа жасалар қызметтің сапасы да жоғары болуы шарт. Айжан апа да мұны ерекше назарда ұстайды. Тұтынушылармен берік қарым-қатынас орнатқан. Тойдан соң міндетті түрде тапсырыс берушімен хабарласып, қызметтің сапасына қояр сыны мен пікірін білуді әдетке айналдырған. 

 Біз халық үшін қызмет етеміз. Сондықтан олардың пікірімен санасуымыз керек. Бізге жұрттың сыны мен жұмысымызға деген көзқарасы маңызды. Бәрін зерделеп отырмасаң, ісің де алға жүрмейді, кәсібің де өнбейді. Талай жылдық тәжірибемде соны ұқтым. Өзгертуге келмейтін қатып қалған баға да жоқ. Кейбір жандардың жағдайына, көңіліне қарап той иесіне тиімді бағада келісімге келіп жатамыз, – деді ол. 

Табандылықпен 25 жылға жуық кәсіпкерлікпен айналысқан Айжан апа талай адаммен араласып, тұз-дәмдес болды. Көппен араласа жүріп досты да, бәсекелесті де кездестірді. Мұның бәрі – өмір заңдылығы. Өмірден түйгені мол жан ешкімнің көңіліне келіп, көкірек көтеруді қаламайды. Бәрімен жақсы қарым-қатынас орнатады. 

 Менің түсінгенім, ешкімді дұшпан, дос деп ажыратуға болмайды. Көрместей болған адамың бір күні досыңа айналуы, жан досым деп жүрген адамның суып кетуі әбден мүмкін. Өйткені бұл – өмір. Мен намысшыл адаммын. Артыма ізгі амалым мен жақсы атым қалғанын қалаймын. Кәсіппен де бір мол табысқа кенелем деп айналысып жүрген жоқпын. Халықтың сұранысын қанағаттандыратын, бүгінгі бәсекелестікке түсе алатын сапалы дүние жасағым келеді, – дейді кәсіпкер. 

Айжан Бердімұратқызы алдағы уақытта халық қажетін қамтамасыз ететін үлкен сауда үйін ашуды жоспарлап отыр. Тіпті құрылыс жұмысы да басталып кетті. Адал еңбек етіп, үнемі қарбаласта жүретін жан шаршағанда күш-қуатты қос ұлынан алады. Солардың болашағы жарқын, саналы азамат болуы үшін еңбектің үлгісін, қамқорлықтың тәрбиесін көрсетуді басты мақсат еткен.

Тағы да оқыңыз: