Kyzylorda-news.kz  23-маусым мемлекеттік қызметкерлер күні. Әрбір мемлекеттің дамуына мемлекеттік қызметкердің қосар үлесі мен салмағы ерекше екені даусыз.Еліміздің  мемлекеттік мекемелері – Қазақстан Республикасының Президенті және Үкіметі белгілеген еліміздің қалыптасуы мен Республикамыздың дамуының стратегиялық бағыттарын жүзеге асырудың негізі болып табылады.

  Мерекеге орай Төретам кенті әкімі аппаратының жетекші маманы Айжан Бердімұратова туралы жазбаққа ниеттендік. Төретам кентінің тумасы,  №80 мектеп-гимназия түлегі Айжан Әлиқызы 2010 жылы Жамбыл гуманитарлық-техникалық университетінен «Құқықтану» мамандығын алып шығады. 2015 жылы Төретам кенті әкімі аппаратына заңгер болып қызметке орналасады. Міне сол жылдан бері Айжан хал-қадірінше кент тұрғындарынан кеңесін аямай, өз міндетіндегі қызметін адал атқарып келеді. Отбасында адал жар, аяулы ана атанып отырған Айжан Әлиқызы қызмет пен отбасын қатар алып жүрген жанның бірі. Өмірлік серігі  Әсет Әділбайұлы Төретам кентіндегі Жанқожа батыр атындағы №269 орта мектепте дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарады.  Адам өмірінің мәні балалары десек, Арайлым, Айлин, Әлішер атты ұл-қыздары көз қуаныштарына айналған бақытты отбасының түтіні түзу.

  Өз қызметі туралы сұрағанымызда, Айжан Әлиқызы «Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деп Алаш арысы Әлихан Бөкейхан айтқандай, халықпен жұмыс істеу үшін жағымды мінез-құлық керек. Халыққа қызмет ететін адамдардың адалдығы және әділдігі, өз жұмысына деген жауапкершілігі, қоғам мен азаматтардың сенімін туғызуы – әрбір мемлекеттік қызметкердің міндеті. Демек адамдар арасында осы қызмет туралы дұрыс пікір, оң көзқарас, оған деген айқын сенімділік қалыптасуы қажет. Мемлекеттік қызметкердің еңбегі терең біліктілікті, үлкен жауапкершілік пен төзімділікті талап етеді» деп жауап берді.

  Әңгімелесу барысында «Барша әріптестерімді мерекелерімен шын жүректен құттықтай отырып,  Отанымыздың даму үрдісімен сабақтас әр күндеріңіз қуаныш пен мақтанышқа толы болсын деймін. Сіздерге Қазақстан халқына қызмет ету сияқты мәртебелі істе табыс, жақсылық пен бейбітшілік, кемеңгерлік пен төзімділік тілеймін. Отбасыларыңызға мықты денсаулық, амандық пен Отанымыз – Қазақстан Республикасының игілігіне жасалған барлық бастамаларыңызға табыс тілеймін» деп ізгі тілегін де білдірді.

  Ел үшін еңбек ету зор құрмет, абыройлы міндет. Халық үшін маңдай терін төгіп, адал еңбегімен ел аузына ілігіп жүрген қарапайым, ізетті, мейірімділігімен танылған Айжан Әлиқызы сынды мемлекеттік қызметшілердің әрдайым абырой, беделі арта түсетіні сөзсіз. Күнделікті жұмысына қарап халық билікке, оның қарапайым халыққа деген көзқарасына баға береді. Осыдан мемлекеттік қызметкерлердің мойнына жүктелген үлкен жауапкершілікті байқауға болады. Мемлекеттік қызметкерлер «ұлттың қызметшісі» болғанда ғана мемлекеттік қызмет мінсіз болатыны ақиқат.

5f951307-bcc7-4d84-a593-2faa59adaa28.jpg

Тағы да оқыңыз: