Kyzylorda-news.kz. 31 мамыр – саяси қуғын-сүргінге ұшыраған және ашаршылық азабын тартқан  жандарды аза тұту күніне орай Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымының кандидаты Айтжан Оразбақовпен сұхбаттасқан болатынбыз.

– Тарихтан тін тартсақ, қазақ халқының тарихында ең қаралы кезең, сол – «жұмысшылыр табының диктатурасы» құрған 1917-1991 жылдар аралығындағы кенестік тоталитарлық режимнің билігінің тұсына келеді деп тарихшылар ой қозғайды. Осы бағытта сіздің пікіріңіз қандай?

– Қазақтың тарихына көз салсаңыз, қай кезде де басынан қиындықтар өткені айна қатесіз. Ал шындығында кеңестік билік орнағаннан кейін қазақ даласында жағдай қиындады деп айтуға болады. Оның бәрі 1917 жылдың басында етек жайған репрессияның ықпалынан. Азамат соғысы жылдарында бір жағынан қазақ ауылдарын ақтар келіп тонап жатса, екінші жағынан қызылдар келіп тонады. Ал совет үкіметі орныққаннан кейін репрессия жаңа бір қозғалыс алды деуге болады. Репрессия құрбандарын ақтау комиссиясының жұмысына қатысып, өткен жылы біраз құжаттармен таныстық. Қарап отырсақ, 20 жылдары кеңес үкіметі толық күшіне еніп, өзінің репрессиялық қимылын бастаған екен. 1920, 1940,1950 жылдары Қазақстанның территориясында репрессиялық аппарат жұмыс істегенін де біліп отырмыз. 

– Нағыз аштық ел басшылығына Ф.Голощекинді тағайындаудан басталғаны рас па?

– Қазақстандағы аштық Голощекин билікке келген кезден басталды деп айтуға болады. Өйткені ол октябрь революциясын орнатам деп асыра сілтеушілікке барды. Соның нәтижесінде қазақтар жоғарылатылған жоспарды орындаймыз деп малынан, егіннен айырылып, бәрі орталыққа кетті. Соның кесірінен халық жейтін тамағынан айырылды  деуге болады. Соңғы кезде мынадай ой келіп жүр. «Қазақстандағы ашаршылық әдейі ұйымдастырылған емес пе?»  деген. Бірақ кеңес үкіметіне әдейі аштық жасауға қолайсыз жағдай болды.  Азаматтық соғыс кезінде 1920 жылдардағы үкімет қызметкерлерінің ішінде қазақстандықтармен бірге украиндықтар бой көрсетті. Бір ғана мысал, азамат соғысы жүріп жатқан кезде өздерінің ұлттық үкіметін құруға украиндықтар, қазақтар, Закавказия респуликалары талаптанып жатты.

– Билік тарапынан әдейі жасалған 1925-33 жылдардағы ашаршылық науқаны, қазақ халқының санын  2,2 милионға кемітіп, рухани дағдарысқа әкеліп, ұлттық сананы сансыратып, елдің сағын сындырды деген дерек бар. Осы дерекке қосыласыз ба?

– Бұл дерекке қосылуға болады. Өйткені ашаршылықтан кейін, ашаршылық кезінде, аштықтан қашқан қазақтар көршілес Өзбекстан, Ресей, Қытай территориясына кетіп қалды. Сол кездерде қазақтың рухы бәсеңсіп қалды ма деген ой келіп отыр. Ал  санына қарай қазақтың кему жайына  ғалым Талас Омарбеков жақсы зерттеу жұмыстарын жүргізген. Соның еңбектерінен көруге болады.

– Қазақтың алдыңғы қатарлы ойшыл азаматтары, зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, елдің бетке ұстар тұлғалары  саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болғанын тарих баяндап тұр.  Десе де, сіздің тарихшы ретінде пікіріңізді білсек…

– Революцияға дейін қазақтың интелегенциясы, бетке ұстарлары пайда болды. Олардың бірі Ресейде қызмет істесе, кейбірі Ресейдің оқу орындарын бітірген, көзі ашық, көкірегі ояу жандар болды. Тіпті олардың ішінде  Думада, алаш партиясында қызмет істегендері де бар. Ал совет үкіметі орнағаннан кейін қазақ зиялыларының жаңа буыны көтеріліп келе жатты. Егін қалай көтеріліп, өркен жаяды, сол секілді интелегенция сапа жағынан нығайған болатын. 1930 жылдан бастап қазақтың бетке ұстар азаматтарын бел орақпен қырып салғандай жағдай болды. Сондықтан қазақ интелегенциясының 90 пайызын құртты деп айтуға негіз бар.

– Қызылорда облысынан репрессияның құрбаны болып жапа шеккендер жайлы айта кетсеңіз? 

– Біздің аймақтан репрессия құрбаны болғандар саны жайлы толық айту мүмкін емес. Өйткені бұл бағытта жұмыстар әлі де жүргізіліп жатыр. Бұл туралы біз еңбек дайындап жатырмыз. XX ғасырдың 1920-1950 жылдарына дейін Сыр өңірінде репрессия болған азаматтар деген кітап дайындаудамыз. Бұл жерде біздің көрсеткіміз келіп отырғаны – әр жылы қаза болғандар туралы, олардың ұлтына, қызметіне, жынысына қарай бөлінісін бергіміз келеді. Репрессияға ұшырағандардың барлығы интелегенция деп айтуға болмайды. Көпшілігін жұмысшылар мен шаруалар құрайды. Біз бұл сұрағыңызға нақтырақ жауапты ғылыми жұмыс дайын болған кезде айтамыз.

– Әлі ашылмаған ақиқаттар бар ма? 

– Әлі ашылмаған ақиқаттар көп. Бір материалды дайындап бітірдім-ау деген кезде тағы бір деректің шеті шыға келеді. Оны суыртпақтасаң, әрі қарай жалғаса береді. Бір ғана мысал, жақында архивтен материал таптық. 1930 жылдардың басында Арал станциясында концлагерь болған екен. Лагерьде 6 мыңнан астам адам азап шеккен. Бұл – зерттелмеген тың тақырып. Әлі зерттеуді қажет етеді. Сәті келген күні бұл тақырып та қозғалады деп ойлаймын.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Тағы да оқыңыз: