Kyzylorda-news.kz. Шиелі аудандық мәслихат төрағасымен жүздесіп, әңгімелесуге ықылас білдірдік. Бұл сұхбат алдын ала дайындықсыз еркін форматта өтті. Кейіпкеріміз ашық диалогқа дайын екенін аңғартты.

– Айтбай Насриддинұлы, жасыратыны жоқ, кейде мәслихат депутатымен, сала басшыларымен жүздесу үшін бірнеше «баспалдақты» басып, бітпейтін бюрократияны бастан кешеміз. Сізбен кездесудің бір ерекшелігі – кабинетіңізге ашық жол таба алғандығымыз. Жалпы бүгінгі күннің депутаты қандай болуы керек?

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тілге тиек еткендей «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» болу үшін азаматтармен тығыз қарым-қатынас орнатуды, бәріне ашық болуды құп көретіндердің бірімін. Сол себепті мен сұхбат беруден, ашық әңгімеден бас тартпаймын. Еліміздегі демократиялық құндылықтардың, қоғамды толғандыратын мәселелердің дер кезінде шешімін тауып, жүзеге асуы жергілікті жерде сайланған депутаттардың құзыретімен тығыз байланысты. Бұл қызметтің өзгермейтін ұстанымы – халыққа, туған елге адал қызмет етіп, өзіңе сенім артқан сайлаушының үмітін ақтау. Халық қалаулылары аты айтып тұрғандай, әлеуметпен тығыз байланыста болып, олардың сұранысы мен мұқтаждарын зерттеп, мәслихатта ұсыныстар енгізіп, шешу жолдарын таба алу қажет.

– 19 наурызда елімізде Мәжіліс және мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтті. Аудандық мәслихат депутаттарының мандат алғанына да 3 айдың жүзі болды. Осы аралықта қандай тындырымды тірліктер атқарылды?

– Аудандық мәслихаттың VІІІ шақырылымы өз жұмысын 2023 жылдың 30 наурызынан бастады. Заңдылыққа сәйкес шақырылған 1 сессияда ұйымдастыру мәселелері қаралып, мәслихат төрағасын, тұрақты комиссиялар құрамы мен төрағаларын сайлады. Депуттар өздері сайланған округтерде халықпен танысу жұмыстарын жүргізіп, сайлаушыларды қабылдау орындары мен уақыт кестесі ресми сайтқа жүктеліп, жариялы жұмыс атқаруды бастады. Жаңа құрамның құрылғанына көп болмаса да жұмыс қарқыны жаман емес.

– Орайы келгенде сұрай кеткен жөн, дауысқа түскен депуттардың қаншасы партиямен келді? Мажоритарлы жүйе бойынша ше?

– Қазіргі сайлаудың бірден-бір ерекшелігі – аралас сайлау жүйесі бойынша өткізіліп, ұйымдастырылу. Бір мандат арқылы сайлануға кез келген тұлға Қазақстан Заңына сәйкес талаптар бойынша үміткер ретінде қатысуға мүмкіндік алды. Мәжіліс деңгейінде 30 процент болса, облыс деңгейінде 50-50, ал аудан, қала деңгейінде 100 процент мажоритарлық жүйемен сайланады. Біздің аудан бойынша 15 депутат 100 процент мажоритарлық жүйемен сайланды. Осы 15 депутаттың 13-і «Аманат» партиясының, қалған екеуі «Ауыл» партиясының мүшесі.

– Жалпы биылғы мәслихат құрамының бұған дейінгі шақырылымдардан өзгеше тұсы бар ма?

– Алдыңғы VII шақырылым депутаттары партиялық тізіммен сайланса, VIII шақырылған аудандық мәслихаттың депутаттық корпусы жоғарыда айтқанымдай халық сайлаған. Жаңа құрам сенім үдесінен шығуға әзір. Барлық депутаттардың белсенділігі жоғары, мәслихатқа келіп түскен, әрбір мәселеге жіті қарап, жүйелі жұмысты атқаруда. 15 депутат түгел жоғары білімді. Депутаттар мұғалім, экономист, инженер, энергетик, технолог, дәрігер, ауыл шаруашылық саласы бойынша жұмыс істейтін, өз ісінің білікті мамандары. Аудандық мәслихаттың әрбір депутатының өзіндік ұстанымы, тұғыр-тұлғасы, мемлекетте және төңіректе болып жатқан құбылыстарға көзқарасы, болжамы мен пайымы бар. Депуттар сайлаушыларды қабылдап, олармен кездесулер өткізіп, толғандыратын ортақ маңызды мәселелерді талқылап, ұсыныстар мен шағымдарды тиісті органдарға жолдап, уақытылы орындалуын бақылау жасауды назардан тыс қалдырмайды. Бұл – басты мақсат. Қазір мәслихат жұмысында халықпен бірлесіп атқаратын шаруалар ауқымы кеңеюде. Игілікті істердің жүзеге асуы арқасында депутаттардың да мәртебесі көтеріледі деген ойдамын. Олардың белсенділігін, біліктілігін анықтайтын – халық. Сондықтан халық аманатын орындау жолында бар күш-жігерімізді сарп етіп, аянбай жұмыс істей береміз.

– Әр сессия алдында тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысы өтеді. Бүгінде аудандық мәслихат құрамында қанша тұрақты комиссия бар? Олардың жұмысында қай бағытқа басымдық берілген?

– Заңдылыққа сәйкес шақырылған аудандық мәслихаттың әлеуметтік және экономикалық мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясының құрамы құрылып, төрағалары бекітіліп, өз жұмыстарын атқаруда. Қазіргі таңда мәслихат депутаттары, Қоғамдық кеңес мүшелері, баспасөз өкілінен келісіммен уақытша екі комиссия құрылған. Олардың біреуі кезекті 3 сессияда өткізілген ауданның, кент, 22 ауылдық округтің 2022 жылға бюджеттерінің атқарылуы мен Керделі ауыл әкімінің есебі шешімінің жобасын дайындаса, екінші уақытша комиссия алдағы болатын кезекті сессияға ұсынылған мәселе «ҚР сәулет, қала құрылы және құрылыс қызметі туралы» ҚР Заңына сәйкес Шиелі ауданы аумағында құрылыс салу тәртібі, жүргізіліп жатқан құрылыстар, объектілердің сапасы және архитектуралық келбетін жақсартудың жайы және елді мекендерді абаттандыру туралы 2021 жылғы 13 тамызда қабылданған аудандық мәслихаттың №10/4 шешімінің орындалу барысымен жұмыс істеуде.

– Күні бүгінге дейін қанша кезектен тыс сессия өтті? Нендей мәселелер көтеріліп жатыр?

– Есепті мерзім ішінде аудандық мәслихаттың кезекті 2, кезектен тыс 1 сессиясы өткізілді. Барлығы 65 өзекті мәселені анықтады. Сессиясының алғашқы мәселелері «2023-2025 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу, аудандық мәслихаттың Регламенті бекітіліп, жұмыс жоспарына өзгеріс жасалып, әлеуметтік және жер комиссиясының құрамын бекіту болды. Кезекті сессияда 2022 жылғы аудандық бюджет және кент, 22 ауылдық округтердің бюджеттерінің атқарылуы мен Керделі ауыл әкімінің есебі тыңдалды.

– Қазір қоғам, заман, уақыт та өзгеруде. Әсіресе әлеуметтік желінің қарыштап тұрған кезі. Бүгінде аудандық мәслихат депутаттарының белсенділігіне берер бағаңыз қандай?

– Белсенділігі жоғары. Мәселен, өзімнің де әлеуметтік желіде парақшам бар. Аудандық мәслихат аппаратының да парақшасы бар. Тұрақты түрде жүргізіліп отырады. Біз ол жерде атқарылып жатқан ілкімді істерді жариялап, халықтың пікіріне құлақ асып, сәйкесінше саралап отырамыз.

– Бұдан бөлек баспасөзпен жұмыс істеу деңгейі қалай жүріп жатыр?

– Өз басым мен БАҚ өкілдерін қолдаймын, құрметтеймін. Оның бірден-бір дәлелі – мына сізбен ашық әңгіме алаңында отырғаным. Әр кезеңде де өз сайлаушыларының мүдделерін іске асыру мақсатында көтерілген көп мәселелердің орындалуы алдағы уақыттың еншісінде. Жетістіктер мен атқарылған істер туралы баспасөз беттеріне жарияланып, халықтың хабардар болып отырғаны өте орынды іс. Баспасөз бен әлеуметтік желілерді ашықтық пен бүкпесіз жариялылық позициясын қолдап, жұмысты әрі қарай жалғастыра береміз.

– Әңгімеңізге рақмет!

Тағы да оқыңыз: