Kyzylorda-news.kz. Айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева екі қызы бар жалғыз басты анаға баспана сыйлады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ол бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді. Пәтер кілтін табыстаған әйел бұған дейін ақынның үйінде аспаз болып жұмыс істеген.
"Естеріңізде болса, менің Амина есімді аспаз қызым болған. Екі жыл бойы маған қызмет етіп, көмекші болып, ас пісірді, иманды, сабырлы қыз. Әлеуметтік желіде талай Амина дайындаған тамақтарды көрсеткен болатынбыз. Адамның басында әртүрлі сынақ болады ғой, Амина екі бөпесімен үйсіз қалып қалды. Ал үлкен қызының кішкене денсаулығы жоқ, маған хабарласып, екі қызымен бірге пәтер жалдауға көмектесуімді өтінді. Сол кезде бір-екі айға пәтер жалдап берген болатынмын. Кейін ойлана келе, оған "қазір саған бара жатырмын, бірге шай ішіп отырып, ойланамыз" дедім. Осы пәтерді Аминаға сыйлаймыз деп шештік. Бұл пәтердің сатылымда тұрғанына 5 ай болыпты, мен ойлаймын, адамға бұйырып тұрған нәрсе жүз жерден айналса да, қайта келеді. Міне, 5 ай бойы Аминаны күтіп тұрған ғой. Барлық қазаққа баспана жұғысты болсын", - дейді Айнұр Тұрсынбаева.