Kyzylorda-news.kz. Биыл Қызылорда облысының диқандары 188,5 мың гектар жерге егін екті. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өткен брифингте Қызылорда облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқарма басшысының орынбасары Айнұр Тілеулеева мәлімдеді.
Брифингте басқарма басшысы салада атқарылып жатқан шаралар туралы баяндады.
«Өздеріңізге белгілі, ауыл шаруашылығының ел экономикасындағы мәні мен маңызы зор. Облыстың агроөнеркәсіп саласында тынымсыз еңбек етіп, ауыл шаруашылығы саласының өркендеп өсуіне өлшеусіз үлес қосып жүрген асыраушы сала мамандары үшін бүгінгі күннің орны ерекше. Себебі, Сыр диқандары жаздың аптап ыстығы мен қыстың аяз-боранынан қаймықпай кәсіби шеберлік пен шыдамдылықтың арқасында саланың өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосып келеді. Соның нәтижесінде, жыл сайын ел қамбасына астық молынан құйылып, мал шаруашылығы өнімдерінің өндірісі ұлғаюда. Атап айтқанда, биылғы жылдың 10 айында ауыл шаруашылығы саласында 161,3 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, өсім көрсеткіші 100,1 пайызға артып отыр. Оның ішінде, өсімдік шаруашылығы бойынша – 107 920,6 млн. теңгенің өнімі өндірілсе, мал шаруашылығы бойынша – 51 798,0 млн. теңгенің өнімі өндірілді», - деді басқарма басшысының орынбасары Айнұр Тілеулеева.
Жалпы биылғы жылы облыс диқандары 188,5 мың гектар жерге егін екті. Оның ішінде негізгі дақыл – күріштің көлемі 78,6 мың гектарды құрап, бүгінгі күні күріштің әр гектарынан 56,7 центнерден өнім алынып отыр.

