Аймақта электр энергиясының көздерін дамытуға жұмыс жасалуда – Kyzylorda News
Басты бет

Бізге жаңалық жіберіңіз: +7(702)702-76-00

Аймақта электр энергиясының көздерін дамытуға жұмыс жасалуда

15.01.2020, 15:00

335 0

Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақов «Renovatio Group» компаниясының тең құрылтайшысы әрі серіктесі Джеймс Колтер Иеди, «EDPR» компаниясының өкілі Дуарте Нуно Менедес да Коста және «BDC Consulting KZ» компаниясының директоры Махмудов Ахад Хошимовичтермен кездесті.

Шарада облыста жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын электр станцияларын құру жобаларын іске асыру мақсатындағы меморандумға қол қойылды.

200 МвТ күн электр станциясы құрылысының құны 100 млн АҚШ доллары. Жобаны жүзеге асыру үшін Қызылорда қаласының сол жағалауынан  400 га жер учаскесі таңдалған. Жоба 2020 жылдың ақпан айында басталмақ. Бұл – жобаның  бірінші кезеңі. Ал, ағымдағы жылдың төртінші тоқсанында электр станциясының құрылысы басталмақ және 2021 жылдың соңында пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Аймақ басшысы мемлекетімізде, оның ішінде Сыр өңірінде де шетелдік инвесторларға қолайлы жағдайлар жасалғанын және екі мемлекет арасында бұндай жобаларды жүзеге асыру тиімді екенін атап өтті..

«Әлемде қалыптасқан күрделі экономикалық жағдайға байланысты өңірлік сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтудің маңызы зор. Екі жақты жұмыс нәтижесінде соңғы 5 жылда Қазақстанның Португалиямен өзара саудасы 2,3 млрд. АҚШ долларына жеткен. Оның ішінде  импорт көлемі – 81,2 млн. АҚШ доллары.Қазақстандық экспортталушы өнімдер  қатарында: мұнай, мақта, қара металдар бар. Ал, Португалиядан Қазақстанға тығын ағашы, электр машиналары, су көлігі, фармацевтикалық өнімдер келеді. Бұл ретте Қызылорда облысын  инвестиция тарту секторы ретінде таңдағандарыңыз үшін қуаныштымыз. Аймақта табиғи ресурстар саны жетерлік. Облыстың жер қойнауында Менделеевтің кестесіндегі барлық элементтер бар «, – деді облыс әкімі Қ.Ысқақов.

Өңірде жаңартылатын электр энергиясының көздерін дамытуға жұмыс жасалуда. Облыс – күн көзінің айрықша түсетін аумақтардың бірі. Мәселен,  облыстағы күн сәулесінің орташа жылдық ұзақтығы 3 мың сағаттан артық. Бұл – күн электр станцияларын салу және дамыту үшін үлкен мүмкіндік.

Қазіргі таңда ұлыбританиялық, франциялық және болгариялық  инвесторлардың қатысуымен облыста энергия көздері бойынша 3 жоба іске асырылуда.

0

Пікір қалдыру