Kyzylorda-news.kz. Бүгін Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Қазақстан Республикасы Президентінің 5 ақпан 2018 жылғы №190 Жарлығына сәйкес халыққа есеп беру алдында азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Қабылдау карантин талабына сәйкес онлайн форматта өтті. Қабылдауда тұрғындар тарапынан әлеуметтік, тұрғын үй мәселелері мен медицина саласына қатысты өтініштер, жоғарғы оқу орнына түсуге арналған облыс әкімінің гранты жөнінде сұрақтар қойылды.
Қабылдауға келген тұрғындар мәселесі бойынша құзырлы сала басшылары жауап берді. Облыс әкімі басқарма басшыларына азаматтардың ұсыныс-тілектерін ескерусіз қалдырмай, заң аясында шешу жолдарын қарастыруды тапсырды.