Аймақ басшысы «Сыр медиа» ЖШС-не автокөлік кілтін табыстады – Kyzylorda News
Басты бет

Бізге жаңалық жіберіңіз: +7(702)702-76-00

Аймақ басшысы «Сыр медиа» ЖШС-не автокөлік кілтін табыстады

28.11.2019, 11:15

471 0

Kyzylorda-news.kz. А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде облыстық «Сыр бойы» және «Кызылординские вести» газеттерінің 90 жылдығы аясында «Заманауи медиа кеңістіктегі аймақтық баспасөздің маңызы мен рөлі» атты облыстық ғылыми-тәжірибелік конференция өтуде. Салтанатты шарада облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов «Сыр медиа» ЖШС-не автокөлік кілтін табыстады. 

Мемлекеттік мүддені қалың көпшілікке жеткізіп, қоғамдағы өзгерістерге сай көзқарас қалыптастыруда аймақтық медианың маңызы зор. Осы орайда облыстағы бірнеше басылымды бір шаңырақ астына топтастырған «Сыр медиа» серіктестігі елдік асыл мұраттарға қызмет ету жолында сенім биігінен түскен емес.

Он жылға жуық тарихы бар медиабірлестік құрамында әуелгі жылдары бір өзеннің қос саласындай қатар өрілген «Сыр бойы» және «Кызылординские вести» газеттері болды. 2013 жылы оған қалалық, аудан­дық ресми басылымдар қосылып, жұмыс ауқымы кеңейді. Облыс әкімдігінің қол­дауы нәтижесінде содан бері «Сыр медиа» еліміз бойынша өз өнімін өз баспаханасынан шығарып, өзі тарататын іргелі ұйымға айналды.

«Сыр медиа» ЖШС мем­лекеттік саясатты, республика мен өңір жаңалықтарын ха­лық­қа дер кезінде мазмұнды түрде жеткізу қызметін қа­зіргі заман талаптарына сәй­кес жаңашылдықпен жүр­гі­зіп келеді. Бүгінде бар­лық басы­лымның сайттары, сондай-ақ 2011 жылы ашылған «Kyzylorda-news.kz» ақпарат агент­тігі саясат, экономика, білім беру, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет және өзге де салалар бойынша қоғамның тыныс-тіршілігі туралы оқыр­манға жедел әрі сенімді ақпарат таратуды жолға қойды. Оның ішінде аймақ жылнамашысы болған қос аға басылымның веб-сайттары өз аудиториясын қалыптастырып үлгерді. Журна­листер де жаңа медиа мүмкіндіктерін тиімді пайда­лануға машықтанды. Мұның бәрі медиахолдинг жұ­мысының жүйеленгенін көр­сетсе керек.

Бүгінде 500-ден астам адам еңбек ететін «Сыр медиа» серіктестігі ел игілігіне жарайтын бастамаларымен қалың бұқараға жақсылықтың жаршысы, ұлағатты істердің ұйытқысы ретінде белгілі.

0

Пікір қалдыру