Kyzylorda-news.kz. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2021 жылғы 1 сәуірдегі Өкімімен Нәлібаев Нұрлыбек Мәшбекұлы Премьер-Министр Кеңсесі Өңірлік даму бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды. Осыған байланысты ол Қызылорда облысы әкімінің өкімімен Қызылорда қаласы әкімі лауазымынан босатылды.
Бүгін аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова Нұрлыбек Нәлібаевтың жаңа қызметіне сәттілік тілеп, оған Қызылорда облысының «Құрмет грамотасын» табыстады.
“Нұрлыбек Мәшбекұлы 2013 жылдың ақпан айынан бастап осы кезге дейін Елбасының, Мемлекет басшысының, Үкімет және аймақ басшыларының қолдауымен Қызылорда қаласы әкімі қызметінде абыройлы еңбек етіп, қаланың әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық дамуына үлесін қосты. Соңғы 8 жылда 194 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Жол құрылысын дамытуға 30 млрд. теңгеге жуық қаржы тартылып, 840 шақырымды құрайтын 1 177 көше жөнделді. 8 мектеп, 21 балабақша, 3 мәдениет үйі, 131 спорттық ойын алаңдары салынды. 1,5 млрд. теңгеге жуық қаржыға 31 әлеуметтік нысанға күрделі, ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қайта жаңғыртудан өткізілді”, – деді Гүлшара Әбдіқалықова.