Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова қызылордалық мемлекеттік қызметшілерді бүгінгі кәсіби мерекемен құттықтады.
Құрметті мемлекеттік қызметшілер! Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Мемлекеттік қызметші күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Мемлекет пен қоғамға қызмет ету – әрбір азамат үшін абыройлы іс. Қоғамымыздың гүлденуі мен экономикамыздың дамуы жолында мемлекеттік қызметтің қосар үлесі ерекше. Осы орайда, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 2013 жылы 20 желтоқсанда23 маусымды Мемлекеттік қызметші күні ретінде белгілеу туралы қабылдаған шешімі – мемлекеттік қызметшілердің тынымсыз еңбегінің жемісі.
Бүгінгі таңда облыстағы мемлекеттік қызметкерлердің нақты саны – 3471.Саяси мемлекеттік қызметші саны –14 болса, 1-уі «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшісі. 1588-і – әйелдер. Аймақта 496 мемлекеттік қызметші 29 жасқа дейінгі жастар.
Мемлекеттік қызметшілер жан-жақты, елдің мүддесін бірінші орынға қоятын, тез әрі дұрыс шешім қабылдай алуы керек. Себебі, қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық ахуалдың тұрақтылығы тікелей мемлекеттік қызметке байланысты. Бұл күнді арнайы атап өту арқылы қоғамымыздағы мемлекеттік қызметшілердің мәртебесін арттырып, мемлекеттік органдар рөлінің маңыздылығын одан әрі нақтылай түсеміз. Елге қызмет ету – қашан да абыройлы міндет!
Алаштың көрнекті қайраткері Әлихан Бөкейханов «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген екен.Осы орайда, мемлекеттік қызметкер жан-жақты білімді ғана емес, өз жұмысына жауапкершілігі мықты, тиянақты, халықпен тығыз қарым-қатынас жасай білетін білікті де кәсіби маман болуы тиіс.
Біз қазіргі таңда мемлекеттік қызметті жүйелеу, реттеу, тұрақты да тартымды ету мақсатында меритократия қағидасын сақтап, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айтқандай, ашықтық пен жариялылықты, көрсетілетін қызметтерді цифрландыруды қамтамасыз ету бағытын ұстанудамыз.
Тәуелсіздігіне 30 жыл толған еліміздің алға қарай өркендеп, дамыған іргелі мемлекеттердің қатарында болуында мемлекеттік қызметшілердің қосар үлесі аса зор екені сөзсіз.
Мерейлі мерекеде отбастарыңызға амандық, дендеріңізге саулық, еңбектеріңізге жеміс тілеймін! Тәуелсіз еліміз жасап, жайнай берсін!