Kyzylorda-news.kz. Қазіргі таңда жеке кәсібін ашып, өзін ғана емес, өзгелерді де жұмыспен қамтып, еркін режимде жұмыс істеу трендке айналғаны рас. Сол себепті көптеген адам өзінің жеке бизнесін қалыптастырып, ебін тауып, еңбек етуде. Қазақта «қимылдаған қыр асады» деген жақсы сөз бар. Әрбір істі бастағанда айқын мақсат пен тәуекелге бел буып, барыңды салып еткен еңбектің еш кетпейтіні баршаға мәлім. Еріншектікке салынбай алған бетінен қайтпай, алға қарай қадам басатын жандардың аз емес екенін көріп көңілің қуанады. 

Бүгінде Қармақшы ауданының кәсіпкерлері ата кәсіпті қолға алып, мал шаруашылығы өнімін өндіруге бет бұрған. Соның бірі – Дүр Оңғар ауылына қарасты «Айман» шаруа қожалығы. Бұл шаруашылық мал өсіріп қана қоймай, одан шығар өнімін бүгінгі талапқа сай өңдейді. Сүт өнімдерін шығаратын шағын кәсіпорын құрып, кейін «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығынан 10 млн теңге несие алған.

Бұл қожалықты Дархан Айманов басқарады.  Ол 1996 жылы  3 қазанда Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Жаңажол ауылдық округінде дүниеге келген. 2002 жылы №107 қазақ орта мектебінің 1-сыныбына қабылданып, 2013 жылы 11-сыныпты бітіріп шығады. 2014 жылы Алматы қаласындағы университеттердің бірінде қаржы мамандығы бойынша оқуға түсіп, 2018 жылы экономика бакалавры академиялық дәрежесін алып шығады. 

«2018 жылы оқу бітіріп, ауылда бір жыл жұмыссыз жүрдім. Құр бос жүргеннен пайда болмас деп кәсіп ашуды ойладым. Бұл ойымды қолдаған ата-анам маған ауылдан сүт зауытын ашуды ұсынды. Себебі мұндай жаңаша кәсіптің түрі бізде ашылмаған. Әуелі мал басын көбейтуге «Микробизнес Қызылорда» жобасы арқылы несие алып, оны уақытынан бұрын өтедім. Ешқандай қиындық болған жоқ. Әрі қарай кәсібімді дамытып, сүт цехын ашу үшін тағы да өңірлік инвестиция орталығынан 10 млн теңге несие алып, Ресейдің Екатеринбург қаласынан сыйымдылығы 500 литр сүт өңдейтін құрылғысын алдырдым. Кәсібіміз жақында ашылғасын әзірге 150 литр сүттен түрлі өнім алудамыз. Себебі жаз айында ағарғанды сақтау қиын. Оның үстіне өніміміз көпшілікке енді танылып жатыр», – дейді Дархан Төлеуұлы.

Жас кәсіпкер «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» «Еңбек» бағдарламасымен несие алып 2021 жылы ауылдан «Айман» шағын сүт цехын ашып, бүгінде кәсібін дөңгелетіп отыр. Ағарғанды қайта өңдеп одан үш түрлі өнім алуда. Мұндай жобаны ашу үшін «Микробизнес Қызылорда» бағдарламасы арқылы несие алған. Дарханға үйіндегілер отбасылық ұжым болып көмек көрсетеді. Төлеу ағамыз әкелік ақылын айтып отырса, анасы Зада күнделікті сиырын сауысып, жұмыстың жақсы жүруіне атсалысып отырады. Ал ағасы сүт өнімдерін дүкендерге жеткізіп берсе, жеңгесі кешкілік ауыл балаларына балмұздағын сатып қолғабыс етеді.

«Дархан кенже ұлым. Кішкентайынан қолымызда қалсын деп ауылға бейімдедік. Спортқа жақын өсті. Сыртқа кеткеннен ауылда қалып еңбек еткен3н жөн көрдік. Осы кәсіпті ашуды 3 жыл жоспарладық. Сүт цехының атауын ұлым атасының есіміне қойды. Қазір шүкір мақсатымыз орындалуда. Шыққан өнімді елге ұсынып жатырмыз. Облысқа құрт жіберсек, аудан мен ауыл дүкендеріне ірімшік, кілегей, балмұздақ таратамыз. Кейде үйге дейін іздеп келетіндер бар. Бастапқыда қиыншылықтар болды. Бірақ бастаған ісімізді орта жолдан тастамай, әрі қарай қолға алғанымыздан бүгін міне жемісін көріп отырмыз», – дейді кәсіпкердің анасы.

Цех шағын төрт бөлмеден құралған. Бір сүт өңдейтін бөлме, ыдыс-аяқ жуатын орын, ағарғанды сақтайтын салқын бөлме және демалыс орны бар. Іші айнадай тап-таза, санитарлық талап қатаң сақталған. Кәсіпкер осында бір адамды жұмыспен қамтып отыр. Мұндағы тіршілік таңғы сағат 4-5-те басталады.

«Күнделікті ауылда сүт алатын 3-4 төрт орным бар. Олардан нарықтағы бағамен сатып аламын. Одан бөлек үйдегі сиырлардың сүтін қосып бір күн қоямын. Цехта жұмыс азанмен ерте басталады. Жиналған сүтті өңдеп одан ірімшік, кілегей, балмұздақ жасаймыз. Сөйтіп 8-ге дейін жұмысты бітіреміз. Өйткені тоқтың күші сол уақытқа дейін өз қуатында болады. Одан кейін ауылда жұмыс басталды дегенше жарықтың күші төмендейді. Бастапқы кезде аздап қиындық болды. Тоқтың күші жетіспеді, құрылғымыз жаңа болғасын өнімнің құрамында қышқыл дәм болды. Қазір бәрі реттелді», – дейді ол.

Дүроңғарлық кәсіпкер әзірге кілегей, құрт, сүзбе сияқты күнделікті қажетті өнімдерді аудан халқына ұсынып отыр. Ал жаз айларында шағын цехта балмұздақ дайындалып, ауыл қарадомалақтары да тәттіге қарық болыпты.Дархан осы кәсіпті ашуды 3 жыл жоспарлаған. Сүт цехының атауын атасының есіміне қойды. Облысқа құрт жіберсе, аудан мен ауыл дүкендеріне ірімшік, кілегей, балмұздақ таратады. Дархан Айманов алдағы уақытта кәсібін кеңейтуді жоспарлап отыр. Мемлекеттек қосымша қаршылай қолдау тауып жатса, құрылғылар алып айран, қатық, қаймақ, йогурт шығаруды көздейді.Бүгінде аудандағы дүкендерді ағарғанмен қамтып отырған ауылдағы жас кәсіпкердің жұмысына табыс тілейміз.

Тағы да оқыңыз: