Kyzylorda-news.kz. «AMANAT» партиясы Орталық аппаратының ұйымдастыру және аумақтық жұмыс департаментінің инспекторы Еркін Дәрібаев аймақтық Жол карта аясында салынып жатқан құрылыс нысандарын зерделеді.
«AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасына енген негізгі жобалар партиялық бақылауға алынып, партиялық бекеттер орнатылған. Қызылорда қаласында қазіргі таңда 13 нысанда партиялық бақылау бекеті жұмыс жасайды. Солардың бірі – өңіріміз үшін маңызы бар Қызылорда су торабы.
Аймағымызға жұмыс сапарымен келген «AMANAT» партиясы ұйымдастыру және аумақтық жұмыс департаментінің инспекторы Дәрібаев Еркін Асубайұлы партияның облыстық филиалының басшылығы, партиялық бақылау комиссиясының өкілдерімен бірге стратегиялық нысанның құрылыс жұмыстарына бақылау жасады.
Су торабының құрылысы 2020 жылы күз мезгілінде басталды. Смета бойынша қаржы көлемі 2 миллиард 600 миллион теңге. Қазіргі таңда негізгі құрылыс жұмыстары аяқталған. Су торабының екі арнасы жұмыс жасауда. Негізгі жұмыстар 97% аяқталған. Жоба осы жыл соңына дейін пайдалануға берілмек.
Мұнан соң инспектор «Байтерек» шағын ауданындағы 600 орындық мектеп құрылысымен танысты. Білім ордасы өңірлік сайлауалды бағдарламаны жүзеге асыруға бағытталған Жол картаға енгізілген. Жалпы құны 1 261 153,0 мың.теңгені құрайды. Білім ошағының құрылысы толық аяқталып тапсырылды. Жақын күндері пайдалануға беріледі.
Зерделеу жұмыстары барысында инспектор бағдарлама аясындағы әрбір нысанның сапалы және уақытылы іске асуының маңызды екенін атап өтті.