Ақмешіт төріндегі жүздесу

Қызылорда. Жыраулар үйінің мәжіліс залында Қызылорда қалалық жастар театрының әртістері белгілі өнер тарландарымен кездесті. «Тұңғышбай. Таным. Театр. Тарих» атты Қазақстан театр қайраткерлері одағының төрағасы, Қазақстанның халық артисі, профессор Тұңғышбай Жаманқұловпен кездесуге Қазақстан театр қайраткерлері Одағының жауапты хатшысы, театр және кино актрисасы Рабиға Ағманова, актер, композитор, Қазақстанның мәдениет қайраткері Қадырғали Көбентай, С.Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық қазақ музыкалық драма театрының басшысы Біржан Жалғасбаев қатысып, жас әртістер құрметті қонақтармен көкейде жүрген ойларымен бөлісіп, сұрақтарына тұшымды жауап алды. Кеш соңында өнер иелерімен пікір алмасып, қонақтарға дәстүр бойынша құрмет көрсетілді. Өз кезегінде өнер қайраткері Тұңғышбай Қадырұлы жас ұжымның дарынды әртістеріне бата беріп, толағай табыс тіледі.

Волейболдан жарыс өтті

Арал. Аудандық қоғамдық даму бөлімінің тапсырысымен, жастар ресурстық орталығы және «Жас Арал өрендері» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен, аудандық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің қолдауымен Арал қаласында 2010-2011 жылдары өмірге келген және одан кіші жасөспірім қыздар арасында волейболдан №19 Арал ауданының ОРМБЖ мектебінің ашық біріншілігі өткізілді. Жарысқа облысқа қарасты аудандардан 15 команда қатысып, өзара бақ сынасты. І орынды №19 Арал ауданының ОРМБЖ мектебі, ІІ орынды Сырдария ауданы құрамасы иемденсе, ІІІ орынды Қызылорда қаласының құрамасы еншіледі. 

Ана – өмір шуағы

Қазалы. Аналар күніне орай Роза Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығында «Ана - өмір шуағы» атты кездесу кеші өтті. Мерекелік басқосуға Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласының және ауылдық округтердің әйелдер кеңесінің төрайымдары қатысты. Жиында аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тілеуімбетов елімізде алғаш рет өтіп жатқан мерекенің маңызына тоқталды, сондай-ақ барша аяулы жандарды мерекемен құттықтап, ізгі лебізін жеткізді. Барша аналар қауымына аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбеттің ыстық ықыласын жеткізіп, мерекелік «Құттықтауын» табыстады. Шарада аудан өнерпаздары аяулы жандарға арнап, әсем әннен шашу шашып, ерекше көңіл-күй сыйлады. 

Облыстық турнир басталды

Қармақшы. Қазақстан Республикасының «Спорт шебері» Әсет Сүлейменовті еске алуға арналған дзюдодан жасөспірімдер арасында облыстық ашық турнир басталды. Дүбірлі спорт додасының ашылу салтанатына аудан әкімі Жандос Еркінбек қатысып, Ә.Сүлейменовтің өнегелі өмір жолы мен спорттық мансабында жеткен жетістіктері туралы сөз қозғады. Сондай-ақ ауданда спортты дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, жастар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді пайдалану, спортқа баулу мақсатында салынып жатқан спорт кешендерінің жуырда пайдалануға берілетінін айтып, турнирге қатысушы жас спортшыларға сәттілік тіледі. Биыл үшінші мәрте ұйымдастырылып отырған дәстүрлі спорт бәсекесінде 150-ге жуық спортшы бақ сынайды.

Жайдарманшылар жолдама жеңіп алды

Жалағаш. Жайдарман ойындарының «Маусымашар – 2024» республикалық фестивалінде жас жайдарманшылар Астана қаласында іріктеу кезеңінде өнер көрсетті. Жолдама алған оқушыларға арналған лига Алматы қаласында басталды. Сайысқа республиканың түкпіртүкпірінен келген мықты командалар қатысып, тартысты ойын көрсетті. Ауданның намысын қорғайтын «Таң жастары», «Мардан ұландарды», «Дәуімбай құрамасы» жайдарман командалары «Jaidarman junior» ойынында өнер көрсетті. Нәтижесінде М.Байділдаев атындағы №232 орта мектеп және З.Жарқынбаев атындағы №202 орта мектеп оқушыларынан құралған «Мардан ұландары» командасы оза шауып, келесі кезеңге жолдама алды.

«Жас құтқарушылар» экскурсияда

Сырдария. №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейінің жас құтқарушы кадет сыныбының оқушылары Қызылорда қаласындағы төтенше жағдайлар депаратаментінің мұражайына және жедел құтқару жасағының мекемесіне экскурсия жасады. Оқушыларға азаматтық қорғау саласындағы құтқарушылардың тыныс-тіршілігі таныстырылып, құтқару жасағының судағы және басқа да төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша құралдарымен таныстыру жұмыстары ұйымдастырылды. Іс-шара соңында оқушылар өз алғыстарын айтып, «құтқарушы» кім және қаншалықты өз өмірімен тәуекел ететін қызмет екенін түсініп, бұл экскурсия алдағы уақытта мамандық таңдауға оң ықпалын тигізетінін айтты. 

«Қарапайым кітаптың» тұсауы кесілді

Шиелі. Бұдабай Қабылұлы атындағы аудандық мәдениет үйінде әнші-сазгер Әл-Фараби Бекарысұлының «Қарапайым кітап» атты кітабының тұсаукесер рәсімі және әдеби-сазды кеші өтті. Мерекелік концерт автордың өмір жолына арналған шағын театрландырылған қойылыммен басталды. Концерт барысында Шиелі ауданы әкімінің орынбасары Болатбек Ысмағұлов аудан әкімінің құттықтау хаты мен сый-сияпатын табыстады. Сондай-ақ аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өркен Исмайл, тарих ғылымдарының докторы, профессор Тастанбек Яхияұлы, Әл-Фараби Бекарысұлының ағасы Жанарыс Бейімбетұлы құттықтау сөз сөйлеп, жаңа кітаптың лентасын қиды. Мерекелік концертке эстрада әншісі Роза Әлқожа, әнші-сазгер Үкітай Ерниязов қатысты. 

Кітап оқу бәйгесі жалғасуда

Жаңақорған. Жастар арасында кітап оқуға деген құштарлықты оятып, кітап оқу дағдысын қалыптастыру мақсатында «Тұлғалыққа бір қадам» атты кітап оқу бәйгесі бастау алды. Сайысқа ауданның білім ордаларынан 300-ге жуық оқушы қатысуда. Бәйгеге қатысушылар арасында «Кішкентай ханзада» кітабы бойынша флешбук жиыны өткізілді. Оқушылар өзара жарысқа түсіп, үздік деп танылған №56 мектеп пен №163 мектеп оқушылары «Жаңарған Жаңақорған Жастары» қоғамдық қорының қолдауымен қаржылай сертификатқа ие болды. Сонымен қатар Ш.Мұртазаның «Ай мен Айша», Б.Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа», Б.Момышұлының «Ұшқан ұя» шығармаларынан тест тапсырып, жеңімпаздар диплом, қаржылай сыйақылармен марапатталды.

 

Фото:k-artina.ru

Тағы да оқыңыз: