Kyzylorda-news.kz. Бүгінде басты мәселелердің бірі жастар арасында кітап оқуды жолға қою. Өйткені, технология мен техника дамыған заманда смартфонға секунд сайын үңіліп, тесіле телміріп қарау әдетке айналғандай. Осыған қарап-ақ, қолдан да, қалтадан да түспейтін телефонға деген тәуелділіктің артқанын айқын аңғаруға болады. Оған қоса, әлеуметтік желінің әлеміне еніп, ғаламтордың тұтқынына айналу  рухани жан дүниенің мешел болуына алып келеді. Сондықтан, өркениеттің жалына жармаса алу үшін қарекет етіп, тиісінше кітап оқу қарқынын үдету қажет. Жалпы, біз бұл сөзімізбен жастар кітап оқымайды деп айтудан аулақпыз. Оқитындар бар, тек соны жалпақ жұрт бірдей қолға алса жақсы болар еді. Сондай-ақ, әлеуметтік желінің де тигізер пайдасы бар, тек желіге де желімдей жабысудың қажеті жоқ екенін ескерген жөн. Сондықтан, ақылына ақы сұрамайтын кітаптың көмегі көп екенін ескеріп, мейлінше жиі оқуды жоспарлаған дұрыс-ақ. 

Соңғы уақытта «жастар неге кітап оқымайды?» деген сауал көп қойылып, осы ахуал төңірегінде талай пікір айтылған еді. Оған жауап біреу ғана. Яғни, ақпараттық технологиялардың белең алуы деп қарастыруға болады. Көбінесе, жастар әлеуметтік желіге әуес болып, дайын дерекке ғана сүйеніп, жан-жақты ізденуді жолға қоймаған. Соның салдарынан кітап оқуға құлық танытпай, құлшынысы сол күйі жоғалады. Осы орайда, құндылықтардың құнын екшелеп беріп, баланың қызығушылығын оятуда ата-ана мен өз ортасы маңызды рөл атқарады. Кезінде Зере де Абайдың зерек болуы үшін жастайынан зейінін ашпап па еді? Шоқанның тәрбиесіне де әжесі Айғанымның араласқаны бәрімізге мәлім.

Осылайша, бала кезінен батырлар жырына қанығып өсіп, тағылымды әңгімелерді санасына сіңіре білгендер тау тұлғаға айналып, жалпақ жұртқа кемеліне келген кемеңгер ретінде танылды. «Отбасы – өнегелі болса, Отан – кемел болады» демекші, ата-ана өзі де кітап оқып, баласының да кітап оқуына ықпал етсе білімі толысқан жастың елінің ертеңі болары сөзсіз. Сайып келгенде, кітаптың – тәрбие құралы екенін де қаперде ұстаған абзал. Өйткені, баланы қандай да бір шығарманы талдау барысында-ақ тәрбиелейді. Мәселен, сол арқылы дұрыс пен бұрыстың, ақ пен қараның аражігін ажыратуға бейімдеп, дарақылықты емес даналықты бойына сіңіре алады. Надандықтан арылуға жол сілтеп, сауатты болуға септігін тигізеді. Ойлау жүйесін дамытып, сөз саптауын қалыптастыра алады. Міне, асыл қазынаға айналған кітаптың құдіреті осында. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәрменімен БҒМ «Оқуға құштар мектеп» жобасын бекіткен болатын. Осы орайда, аталған жоба аясында мектеп кітапханаларын қажетті кітаптармен толықтыру көзделіп, оқушыларды кітап оқуға баулу мәселелері қарастырылды. Нәтижесінде, кітап оқу дағдысы қалыптасып, жоба бойынша жоспарлы шаралар жүргізілуде. Бүгінде, облысымыздағы алдыңғы қатарлы №3 IT мектеп-лицейі барлық оқушылардың кітап оқуына айрықша ден қойған. Мектеп ұжымы кітапқұмар жастардың санын арттыру мақсатында арнайы жобаны қолға алған. «Коворкингте «Рухани қазына» деген үйірме жұмыс істеп тұр. Белгілі топ ғана кітап оқығанымен, бүкіл мектепті қамту қиын болды.

Сондықтан, барлық оқушы кітап оқуы үшін «Алтын кітапты» ұйымдастырып, оқуға құштар оқушыларды анықтап отырмыз» деді жоба жетекшісі Ержеңіс Әбді. Білім ордасында «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында  «20 минут кітап оқы» акциясы басталған. Белгілі уақыт аралығында 5-7 сыныптар Айзат Рақыштың «Ақ арман алдамайды», ал 8-10 сынып оқушылары үшін Айгиз Бамұхаметовтің «Тастамашы, ана» шығармасын оқу ұсынылған. Е.Әбдінің айтуынша, балаларға шығарманы оқуға екі апта уақыт берілген. Яғни олар 20 минут мектепте, кейін оқуын үйде жалғастыра алады. Осылайша, шығарма мазұнымен таныс болған соң, арнайы сауалнамаларға жауап беріп, тапсырмаларды тиянақты орындауы тиіс. Соның негізінде, рейтинг қорытындысы жарияланып, белсенділік танытқан шәкірттер марапатталады. Айта кетейік, апта жеңімпаздарына ауыспалы

«Алтын кітап» кубогі беріліп, жүлделі орын иегерлеріне бағалы сыйлықтар табыс етіледі. 

Қысқасы, мектеп басшылығының қолдауымен, ұстаздардың бастамасымен басталған игі іс өз жемісін, нәтижесін беруде. Яғни, оқушылардың кітапқа деген қызығушылығы артып, бастысы көкейге тоқып, түсініп оқитындардың қатары көбейген. Осындай, көптеген оқушылардың арасынан суырылып шығып, жүзден жүйрік атанып, кубокке ие болғандардың бірі 7-сыныпта оқиды екен. «Бізге Айзат Рақыштың «Ақ арман алдамайды» атты шығармасын оқу ұсынылды. Берілген уақыт аралығында шығарма мазмұнымен толықтай таныс болдым. Түсінгенім де көп. Үйде кешкілік уақытты кітап оқуға арнаймын. Жалпы бұл жоба жалқаулыққа жар бермей, кітап оқуға деген құлшынысты оятуға септігін тигізді» дейді 7-сынып оқушысы Арман Файзуллин. Тағы бір айта кетерлігі, әр апта жеңімпазы болған оқушылар жыл соңында өзара сайысып, «Алтын кубокке» біржола ие болады. Ұлы ақын Абайдың шығармаларын қызыға оқитын Арман алдағы уақытта да оқуда олқылық танытпай, жеңіс тұғырынан көрінетіне сенімді. Әлбетте, тосыннан қойылар сауалға тосылмай жауап беріп, шығарманы баяндап, әр кезеңдегі сыннан сүрінбей өту шығарманы беріле оқыған адамға ғана тән екені ақиқат. Сондықтан, жас буынға сәттілік тілейміз.

Асылында, балаға кітап оқы деп айтпас бұрын алдымен ата-ана, мектептегі мұғалім өзі кітап оқуы тиіс. Осыны негізге алған мектеп ұжымы бұл мәселенің де түйінін тапқан. «Біз балалардан бұрын кітапқұмар мұғалімдердің сайысын ұйымдастырдық. Яғни, ұстаздар С.Асылбекұлының «Мұғалімдер күні. Әдебиет пәнінің оқытушысы» кітабын талдап, талқылады. Қорытындысында жеңімпаз анықталып, сыйлықтар табысталды. Алдағы уақытта да бұл игі іс өз жалғасын табады» деді Ержеңіс Әбді. Оқуға деген ынтаны күшейтуде алға қойылған мақсаттардың мардымды екені көңіл қуантады. Бала мен кітап арасында берік байланыс жасалып, мұғалім де қадағалау жұмыстарын жүргізіп, ата-ана тәлім беріп отырса әр оқушының көзі ашық, көкірегі ояу тұлға болып қалыптасатыны айдан анық. 

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтар болсақ, тұтас ұлттың қасіретке ұшырамауы – сауаттылығына байланысты. Сондықтан, бұл мәселеге салғырт қарамай, керісінше жоғарыда айтып өткен жобалардың жалғасқаны ләзім. Жастардың да жарыса кітап оқып, кітапханалардың тұрақты оқырманына айналуы құптарлық іс.              

Тағы да оқыңыз: