Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысындағы шағын және орта кәсіпкерлердің саны 37,5 пайызға ұлғайып, 72 685 бірлікке жеткен. Жалпы осы секторда жұмыспен қамтылғандардың саны 18 пайызға артыпты. Қазіргі таңда экономикадағы барлық жұмыспен қамтылғандардың шамамен 35 пайызы шағын және орта кәсіпкерлік саласында жұмыс істейді.

Күн санап кәсіпкерлікке ден қойғандардың қатары артуда. Бірі мемлекет берген мүмкіндікті тиімді пайдаланып тың идеясымен жаңа кәсіп бастаса, енді бірі дөңгелетіп отырған кәсібін одан әрі ұлғайтып, көкжиегін кеңейтуде. Мәселен, жақында өндіріс саласындағы жаңа цех ашылған болатын. Арал қаласындағы «Республикалық маңызы бар №1 индустриялық аймақта» орналасқан «Берекет» шаруа қожалығының «Ет және ет өнімдерін өндіру» жобасының жанынан «Тұшпара шығару» цехы іске қосылды. Заманауи техникалық және санитарлық талаптарға сәйкес келетін кәсіпорында күніне 50 қаптама дайын өнім өндіріліп, 3 жаңа жұмыс орындары құрылған. «Арал тұшпарасы» өз тұтынушыларын сапалы өніммен қуантуда.

Ал, индустрияландыру картасы аясында Қазалы ауданында балық қалдықтарынан балық ұнын шығаратын цех жүзеге асырылуда. Жеке кәсіпкер Төребек Игіліковтың айтуынша, кәсіпорынның алғашқы өнімі – балық ұны. Қазіргі таңда жеке кәсіпкер балық қалдықтарынан ұн және жем дайындайтын украиналық замануи техниканы сатып алған. Бұл құрылғы «Еуро 4» стандарты бойынша ұн және жем шығарады. Төребек Игіліков жобаны іске асыру үшін «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберінде 20 миллион теңге және өз қаражаты есебінен 10 миллион теңге қаржы жұмсаған. Цех үшін Әйтеке би кентіндегі «Өндірістік аймақтан» арнайы ғимаратты да дайындаған. Аталған жоба индустриялық аймақта орналасқан. 

«Балық ұнын өндіру технологиясы негізінен бірнеше кезеңді қамтиды. Ол алдымен пісіру, пресс көмегімен артық сұйықтық пен майды кетіру, кептіру және ұнтақтау. Мамандандырылған агрегатты өсімдіктерді пайдалану құрамды тұрақтандыруға мүмкіндік береді және сапаны бақылауды қамтамасыз етеді. Шығарылатын ұнды құс, мал азығына және егіншілікке тынайтқыш есебінде пайдалануға болады. Цех техникалық құралдармен қамтылған. Ұн шығаратын станогымызды орнатып, жұмыс жүргізіп жатырмыз. Бұдан бөлек, басқа да станоктарымыз орнатылды. Облысымызда жалғыз цех болғандықтан, сұраныс болады деген сенімдеміз» дейді кәсіпкер.

Бұл жоба ауыл шаруашылығы саласын дамытуға бағытталған, жергілікті халықтың сапалы балық өнімдеріне қажеттілігін қанағаттандыру, жаңа жұмыс орындарын ашу, балық өнімінің сапасы мен дәмін жақсартып, ассортиментті кеңейту болып табылады. Жоба аясында балық өңдеу цехын кеңейтіліп, сүбе шығару зауыты жұмыс жасауда. Қазіргі таңда зауытта өңделетін балық өнімдерін Еуропа елдеріне экспорттау мақсатында «Еврокод» алынып, европалық стандарттарға сай жұмыс жасауда. Өндірілген балық ұнының 70 пайызы Ресейлік тұтынушыларға сатылады.

Қазір көбі жартылай фабрикат өнімдерін тұтынуды жөн көреді. Әсіресе қағазбастылық пен жұмысбастылықтан арылмайтын біз жартылай дайын өнім тұтынуға бел буамыз. Осындайда дәмді әрі сапалы өнім әзірлейтін кәсіпкерлерді іздейміз. Ал біз жазып отырған полуфабрикат өнімдерін дайындайтын «АнАйМе» кәсіпорны осы талаптарды орындап отыр. Кәсіпкер декреттік демалыс кезінде полуфабрикат өнімдерін дайындайтын цех ашуды бастап, кеңейту мақсатында «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығына жүгінді. Нәтижесінде «Іскер» бағдарламасы арқылы 7 500 000 миллион теңге жеңілдетілген несие алды. Қазірде шағын цех үздіксіз жұмыс істеуде. 5 адамды жұмыспен қамтып отыр. Цех өнімдеріне сұраныс жоғары. Қаладағы 30-ға жуық үлкенді-кішілі дүкендерге өнімдерін өткізеді. Аптасына 70-80 келідей тұшпара өнімі шығады екен. Бұдан бөлек манты, тефтели, дайын жайма секілді 10-нан аса өнімді шығарады.Қай елдің болмасын, өркендеп өсуінде өзінде шығарылатын отандық өнімнің алар орны ерекше. Сондықтан да ел нарығындағы отандық өнімнің сапасымен қатар санын да арттыра түсудің маңызы зор. Осы орайда еліміздегі кәсіпорындарға көрсетіліп отырған қолдау да, олардың қанатын кеңге жаюына мемлекет тарапынан жасалып жатқан игі істер аз емес.Кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы шеңберінде іске қосылып, мемлекеттік қолдаудың арқасында мүмкіндіктерге ие болып, дамып келе жатқан кәсіпорындардың бірі – «Асет» ЖК. Сапалы өнімді қолжетімді бағамен тұтынушыларына ұсынып отырған кәсіпорын 2022 жылы ұлттық жоба аясында қайтарымсыз грантқа ие болып, өз жұмысын жемісті жүргізіп келеді. 

«Соңғы жылдары республикамызда құрылыс индустриясы жедел қарқынмен өсіп отыр. Еліміздің түпкір-түпкірінде әсем де, заңғар ғимараттар бой түзеп, құрылыс қарқыны әлдеқайда жоғарылаған. Осыны ескере отырып, нарықта мол сұранысқа ие өнімді шығаруды қолға алдым. Біздің цех Арал қаласында орналасқан, фибробетоннан тақталар, панельдер шығарамыз. Осылай құрылыс қарқыны артқан бүгінгі күні сұранысқа сай сапалы отандық өнімдерді нарыққа шығарып отырмыз. Кәсіпорынның халықаралық талаптарға сай сапалы өнімдеріміз бүгінде тек ішкі нарықты қамтамасыз етіп қана қоймай, экспортқа шығуға да қауқары жетерлік» дейді кәсіпорынның басшысы Асет Жұмағалиев. 

Мұнда құрылыста кеңінен қолданылып жүрген керек-жарақтың көп бөлігі шығарылады. Мысалға айта кетер болсақ, жылуды сыртқа шығармай, сақтай білетін оңды қасиетке ие, панельдер мен сэндвич-панельдер, фибробетоннан тақталар және өзге де құрылыс материалдары бар. Білікті мамандарды біріктірген зауыт бүгінгі күннің талабына сай озық технологиямен жабықталған. Қайтарымсыз грант қаражатына кәсіпорынды заманауи құрылғылармен жабдықтауға жұмсапты. Осылай оңды шешім жасаған зауыт арнайы шетелдік қондырғы толығымен автаматтандырылған. Жаңа технологиямен кәсіпорын уақытты үнемдеп, өнімділікті арттырып қана қоймай, жұмысты да жеңілдеткен. Зауыт аптасына 150 дана фибробетон шығарады, бір данасы 500 теңгеден екен.

Ал қызылордалық кәсіпкер Мақсат Таев жас кезінен ағаш ою, қазақтың ұлттық музыкалық аспабы – домбыра мен басқа да интерьер бұйымдарын жасауға құмар болып өскен. Кейіннен ағаш кесуге арналған заманауи кәсіби жабдық сатып алып, осы бағытта өз бизнесін дамытпақ та болады. Алайда, жинаған қаражатына досының ақылымен ағаш өңдеу жабдығын сатып алып, жиһаз өндірісін қолға алған. Беларуссия, Италиядағы компанияларда жұмыс істеген, осы салада білімі мен тәжірибесі мол досы өз тәжірибесін бөлісіп, жабдықта жұмыс істеуді үйретеді. Осылайша, 2020 жылы кәсіпкер «Ади Мебель» деген атаумен жеке кәсіпкерлік нысанын тіркеді. Жұмыс істеген жылдары кәсіпкердің клиенттері қатары күннен күнге көбейіп, өнімдеріне де сұраныс артты. Қазір компания тапсырыс бойынша кез келген күрделі жиһазды жасайды. Бағасы жиһаз түріне, дизайнына, дайындау күрделілігіне және мерзіміне байланысты өзгеріп отырады. Былтырғы жылы өз кәсібін кеңейтіп, тапсырыстарды арттыру мақсатында Мақсат Таев «Ұлттық жоба» бағдарламасы аясында ForteBank-тен жеңіл несие алды. Ол қаражат жиһаз цехына арналған қойма және жиһаз жасау мерзімін қысқарту үшін арналған арнайы жабдық сатып алуға жұмсалады. Бұл – тапсырыстар санының артуына мүмкіндік берді.

«Қазір жиһаз индустриясы қарқынды түрде дамып келеді. Сондықтан дизайнды үнемі соңғы үлгіде жаңартып, сапалы материалдар қолдануға тырысамыз. Яғни заман көшінен қалмай әрекет етудеміз», - дейді кәсіпкер.

Сонымен қатар, жақында Шиелі ауданында тігін фабрикасы ашылды. Жаңа нысан «Ай-Мар» деп аталады. Кәсіпорын бірнеше бағытта қызмет көрсетіп, 60 адамды жұмыспен қамтымақ. Аумағы 1000 шаршы метрді алып жатқан кәсіпорын арнайы киім-кешек тігуге маманданған. «Ай-Мар» тігін фабрикасы Қызылорда қаласында орналасқан «Далатекс» тігін фабрикасының филиалы екенін айта кеткен жөн. Аталған өндіріс орнын жеке кәсіпкер Дилмухамед Абизов өз қаражаты есебінен ашып, қазіргі таңда 30-дан астам Шиелі ауданының тұрғындарын жұмыспен қамтуда. Болашақта одан бөлек тағы 30 жұмыс орнын ашып, ересектер мен балаларға арналған киімдерді тігу жоспарлануда. Жеңіл өнеркәсіп нысаны әмбебап және бірнеше бағытта жұмыс жасайды. Заманауи тігін жабдықтарына ие кәсіпорын бүгінде арнаулы киім формаларын тігеді. 

«Бір күнде 400 көйлек, 300 арнайы киім өңдеп шығарамыз. Цехты ашудағы негізгі мақсатымыз - жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту, облысымызда басқа өңірлерден, сырттан келетін киім-кешек тауарларына тәуелділікті азайтып, өңірлік өнімнің үлесін арттыру. Нарықта отандық өнім арасында бәсекелестікті арттыру және өзара тауар айналымын жақсарту», - дейді Дилмухамед Абизов. 

Әр тігіншінің алдында соңғы үлгідегі тігін машинасы. Қол күшін қажет етпесе де мұндағы шеберлерге жүктелген міндеттің жүгі ауыр. Өндірістің технологиялық процесі мен ассортиментіне байланысты бір ауысымда 500 дана өнім шығаруға қауқарлы. Фабрикадағы қыз-келіншектер тіккен киімдер Қазақстаннның түкпір-түкпіріне жол тартуда.Еліміздегі отандық өнім өндірушілерге қолдау көрсету мәселесі үнемі назарда екені жасырын емес. Өзімізде шығарылатын өнімнің сапасын арттыру, соған сай тұтынушылар назарын барынша отандық өнімге бұру, Қазақстанда жасалған бұйымдар, құрал-жабдықтар, азық-түлік тауарларының бәсекеге қабілеттілігін арттыру бағытында елімізде түрлі бағдарламалар жүзеге асырылуда. Жақсы экономикалық әлеуеттің арқасында өңірімізде жыл сайын ірілі-ұсақты бірнеше кәсіпорындар ашылып, зауыт-фабрикалар іске қосылып жатыр. Солардың бірі - Қызылорда облысының бренд өнімдерінің қатарына қосылған «Ақмешіт тәттісі» кәмпиттерін шығаратын кәсіпорын. Цехта тәулігіне 100 келі кәмпит дайындалады. 

Кәсіп иесі Зәуре Ахметованың айтуынша, қазіргі таңда кәмпиттің апельсин, pокс, барбарис, coлoмкa, лимон, дюшеc секілді түpлерi шығарылады. «Ақмешіт тәттісі» кәмпиті өз облысымызда ғана емес, өзге өңірлерде де сатылады. 

«Бұл кәсіпті 2021 жылы бастағанда кәмпиттің 2-3 түрін ғана өндіретін едік. Кәмпит шығарудың өз қиындығы бар. Қоспаларының мөлшерін білуің керек, брендке айналған өнімнің өз дәмін беруің керек. Әрине соған арналған құралдарымыз, маманданған кондитерлеріміз бар. Бұл жобаны бастау үшін біз «Қызылорда Өңірлік инвестициялық орталығына» жүгіндік. 10 миллион теңге көлемінде несие қаражатына «Ақмешіт тәттісі» өнімдері ерекше және бірегей жарқын түрдегі жаңа қаптамамен шығарылатын болды. Болашақта өндіріс көлемін арттыруды көздеп отырмыз», - дейді кәсіпкер. 

Қазіргі таңда, цехта өндірілген өнімдері барлық аудандарда сатылуда. Жеке кәсіпкер өндірілетін өнім түрін кеңейтіп, тағы түрлі тәттілерді өндіріске қосуды жоспарлап отыр.

«Qaratau Fruits» шаруа қожалығы Жаңақорған ауданы Қыраш ауылдық округінен 50 гектар жер алып, алма бағын ашқанына көп болған жоқ. Түрік мамандарымен біріге отырып, 35 гектар жер дайындалып, Түркиядан келген 75 мың көшет толығымен егіліп, тамшылатып суару әдісімен суару жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда қарқынды алма бағының жер учаскесі қоршалынып, егіс басына қадалары қағылып (шпалер), Түркия елінен арнайы келген агроном маманы, су маманы егіс басында жұмыс жасауда. Аталған бақшаны сумен қамтамасыз ету мәселесі насос қондырғылары арқылы жүзеге асырылса, оған қажетті 250 кВ трансформаторлар орнатылып, 6,5 шақырым электр желісі тартылды. Егіс басында екі МТЗ82 тракторлары жұмыс жасап жатыр. Сонымен қатар, жер қопсытатын техника, 2 дана арнайы алма жинайтын техникасы жеткізіліп және дәрі шашатын бүріккішпен (опрыскыватель) қамтамасыз етілді. Биылғы жылы алма ағаштарына күтіп-баптау жұмыстары жүргізіледі. 3 жылдан кейін жемістерін алу көзделуде. Шаруашылықта 50 адам жұмыс қамтылу жоспарланса, егіс басында тұрақты түрде - 5 адам, маусымдық кезеңге – 10 адам жұмысқа алынған. Айта кетейік, өнім Қазақстаннан бөлек, көрші мемлекеттерге де экспортталады. Сондай-ақ, бізде каска мен қақпаққа сұраныс жоғары. «Np Consulting» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тыныс-тіршілігі қарқынды. Бүгінде кәсіпорын шығаратын өнімдері сұранысқа ие. Аталған кәсіпкерлік нысан 2014 жылдан бастап қорғаушы каскаларын және 19 литрлік бөтелкелердің қақпатарын өндіреді. Цехтар Қытай елінің құрал-жабдығымен жабдықталған және өндірісте неміс технологиясын пайдаланады. Сондай-ақ, шикізатты Ресей елінен тасымалдайды. Бүгінде өндіріс орнында тәулігіне 500 қорғаушы каска, 10 мыңға жуық қақпақ шығаруға мүмкіндік бар. Өнімдерге тұтынушылар тарапынан сұраныс мол, еліміздің барлық өңіріне тасымалдануда. Өндіріс орны жақын арада 19 литрлік пластмасса бөтелке өнімін шығаруға ниетті. Жұмыстарына сәттілік тілеген көпшілік ендігі ойын-сауық алаңдарына қажетті сырғанақ, үйшіктер және тағы да басқа бұйымдарды жасап шығару сияқты ұсыныстарын білдіріп, тың идеяларымен бөлісті.

Жалағаш ауданында кәсіпкерлік нысандары көбейіп келеді. Жалағаштағы бастамалар «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында іске асырылуда. Бизнесті қолдаудың негізгі құралдарының бірі - ұлттық жоба шеңберіндегі қаржылық қолдау. Жыл басынан бері ауданда 1 миллиард 494,2 миллион теңгені құрайтын 76 жоба қаржыландырылып, 110 адам жұмыспен қамтылды. Мамыр айында ұзақ жылдан бері тоқтап тұрған «БИС-Групп» ЖШС-нің қызыл мия тамырын өңдеу зауыты қайта іске қосылып, 31 адамға жұмыс көзі табылды. Қазір өнім түрлерін көбейту үшін зауыт кеңейтілуде. Кеңейту жұмыстары аяқталғаннан кейін қосымша 30 жаңа жұмыс орны ашылады. Биыл Жалағаш кентінде жалпы құны 200 миллион теңгені құрайтын 120 орындық типтік жобадағы «Жеті қазына» жеке балабақшасы пайдалануға беріліп, 18 жаңа жұмыс орны ашылды. Сонымен қатар, «Серпін» аграрлы-индустриялды аймағынан «Сыздық» шаруа қожалығының құны 100 миллион теңгені құрайтын күріш ақтау және жем өндіру зауыты іске қосылып, 8 адамды жұмыспен қамтыды. Зауыт тәулігіне 60 тонна күріш ақтайды.

Өңдеу өнеркәсібіне бағытталған инвестициялық жобалар пулы аясында биыл 1 миллиард 30 миллион теңгені құрайтын екі жоба іске асырылады. Атап айтқанда, «Бағдаулет-57» фермер қожалығының жалпы құны 530 миллион теңгені құрайтын «100 бас ірі қараға арналған сүт фермасы» жобасы. Жоба іске қосылған уақытта тәулігіне 3000 литр сүтті өңдеп, өнім шығарады. Асылтұқымды сиырлар Чехия мемлекетінен әкелінеді. Қазіргі уақытта ферманың негізгі ғимараттарының құрылысы аяқталды. Биылғы желтоқсан айында толық іске қосылып, 10 жаңа жұмыс орны ашылады. Тағы бір жоба — «АВ-AGRO» ЖШС-нің құны 500 миллион теңгені құрайтын тәулігіне 30 тонна күріш ақтау және жем өндіру зауыты. Қазір негізгі өндіріс ғимаратының құрылысы аяқталып, құрал-жабдықтар орнатылуда. Зауыт жұмысын қараша айында бастайды.Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының ауыл тұрғындарының табысын арттыру тапсырмасына сәйкес, «Ауыл Аманаты» жобасы да өз деңгейінде іске асырылуда. Қаржыландыру үшін құны 1 миллиард 50 миллион теңгені құрайтын 149 жобаның құжаттары дайын.Бүгінде шағын кәсіпкерлік субъектілерін біріктіру арқылы 12 ауыл шаруашылығы өндіріс кооперативі құрылды. Олардың құрамында 57 мүше бар.

Ал Сырдария ауданында кәсіпкерлік саласы кең қанат жайып келеді. Кәсіпкерлік саласы бойынша Сырдария ауданында 3378 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тіркелген. Оның ішінде, 138 шағын және орта кәсіпкерліктің заңды тұлғалары, 1525 жеке кәсіпкерлер, 1715 шаруа және фермер қожалықтарды құрайды. Сырдария ауданында 2023 жылдың 6 айында мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында құны 1,2 миллиард теңгені құрайтын 133 жобаға қаржылай қолдау көрсетілген. 

«Микробизнес-Қызылорда» бағдарламасы - құны 76,0 миллион теңгенің 11 жобасы, Ұлттық жоба щеңберінде екінші деңгейлі банкттерден құны 136,0 миллион теңгенің 3 жобасы, 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба бағдарламасы - 36 адамға 49,7 миллион теңге қайтарымсыз грант, «Кең дала», «Агробизнес» және «Іскер» бағдарламалары – 408,8 миллион теңгенің 66 жобасы, «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның Қызылорда филиалы арқылы құны 520,5 миллион теңгеге 15 ауылшаруашылық техникалары мен құрал-жабдықтары мақұлданып, ел игілігі үшін берілген.Биыл жыл соңына дейін құны 1,9 миллиард теңгені құрайтын 10 инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ жеңілдетілген несие алу үшін 2,7 миллиард теңгені құрайтын 395 жобаның құжаттары қаржы ұйымдарының қарауына ұсынылып отыр.Жалпы қазір отандық жиһаз өндірісіне сұраныс артып келеді. Мәселен, Талғат Ембергенов 2018 жылы «Еңбек» бағдарламасы арқылы 3 миллион теңге жеңілдетілген несие алып, Қазалыда жиһаз цехын ашқан болатын. Аз уақыттың ішінде кәсіпкердің цехы қанатын кеңге жайып, қазір 5 азаматқа тұрақты жұмыс тауып беріп отырған өндіріс орнына айналды. «Қазалы ағаш бұйымдары» жиһаздарына сұраныс артып отырғандықтан, 2021 жылы өндіріс аумағы кеңейтіліп, «Микробизнес-Қызылорда» бағдарламасы арқылы тағы 4,5 миллион теңге несие берілді. 2023 жылы «Іскер» бағдарламасымен ерекше қажеттіліктері бар балаларды дамытуға арналған ағаш ойыншықтарын әзірлеуге 3 миллион теңгеге арнайы автоматтандырылған құрал сатып алды.

Ал кәсіпкер Қайрат Мектепбайұлы 2005 жылдан бері үйде отырып тігін тігумен шұғылданып келеді. Кәсіпкер 2019 жылы жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, «Еңбек» бағдарламасы аясында 1,5 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несие алады. Ол бүгінде тігін цехын жабдықтап, кәсібін жандандырып отыр. Қазіргі уақытта тапсырыстар қабылдап, ерлерге арналған киімдер тігеді. Сонымен бірге, сыртқы киімдерді тігумен және қайта өңдеумен де айналысады. 2019 жылы Қызылорда қаласында мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлерді ынталандыру мақсатында өткізілген «Өзіңе сене баста!» атты ІІ көрме-конкурсында Қармақшы ауданы атынан қатысып, «Ерлерге арналған киім тігу» жобасымен I орын иеленіп 1 миллион теңге қаржылай сертификатпен марапатталды.

Қызылордада жаңа кеңсе жиһазының шоу-румы ашылған болатын. Қазіргі таңда қала бойынша кәсіпкерлік саласын дамыту негізі қалыптасып, жұмыссыздық деңгейін төмендету бағытында тиісті шаралар атқарылуда. Нарықтық экономиканың талаптарына сәйкес, халықтың әлеуметтік тұрмыс-ахуалын жақсарту басты орынға қойылған. Тұрақты қолдаулардың арқасында шаһарда бизнес жобаны мақсатты түрде игеріп, кәсіпкерлікке бетбұрыс жасаушылар қатары көбейіп келеді. Осындай оңды істердің жалғасы ретінде бүгін қала орталығында ашылған «MODERN OFFICE FURNITURE» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты «MOF» үй және кеңсе жиһаздарын сататын сауда үйін айтуға болады. Сауда үйі 30 адамды тұрақты жұмыспен қамтыған.

Айта кетейік, әлеуметтің әлеуетін арттыруға бағытталған шараларға үлес қосып жүрген жеке кәсіпкер «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба» аясында субсидиялау бағыты бойынша «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры арқылы 150 миллион теңге қаржы алып, өз кәсібін дөңгелетіп отыр.

Ал Қызылорда қаласының тұрғыны Талант Сақтаған қазіргі таңда лазерлік кесу технологиясы арқылы ағаштан түрлі бұйымдар жасап, тұтынушылардың көңілінен шығып жүрген кәсіпкер, әрі қолөнер шебері. Ол 2020 жылы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде 2 миллион көлемінде мемлекеттік грантқа ие болды. Таланттың кәсібі – лазермен ағашқа ойып жазу. Грант қаражатына сатып алған қондырғының көмегімен ағаштан тойбастар, кәдесыйлар жасайды. Тапсырыстар ептеп емес, көптеп түсіп жатыр екен.

– Ағаштан ойып жасаған алғашқы затымыз – оқушылар қолданатын кәдімгі сызғыш. «Мұндай кеңсе тауарының түрі-түрі дүкенде самсап тұр» дерсіз. Біздің өнімнің ерекшелігі сол, арнайы тапсырыспен, балалардың есімін ойып тұрып жасаймыз. Әрі бағасы қолжетімді. Жұмысты бастағанымызға аз уақыт болса да, өнімдерімізге сұраныс артып жатыр. Кәсіпкерлікте ең алдымен өз ісіңді жақсы көру керек. Қазір ғаламтор арқылы көптеген идеяларға қол жеткізуге болады. Тек ерінбей жалықпай еңбектене білсеңіз болғаны, – дейді кәсіпкер.

Шығармашылығын дамыта келе, тапсырыс берушілердің сұранысына орай ағаштан қойын дәптер, жұмыс үстеліне қажет органайзер, түрлі кәдесыйлар жасауға көшті. Сонымен қатар кейіпкеріміз лазерлік кесу технологиясы арқылы соңғы кездері ағашқа шежіре жазу тәсілін меңгерді. Бұл жерде әр отбасының руы, ата-бабалар тізімі жарияланады. Бұл ұрпақтан ұрпаққа естелік, әрбір шаңырақтың төрінде ілулі тұруы тиіс мұрағат десек болады.

Қызылорда облысында түйе сүтінен сабын өндіріледі. «Aral Organic» жеке кәсіпкерлігінің иесі Арсена Кушжанова түрлі өсімдіктің қоспасынан сабын дайындайды. Кәсіпкердің өнімі көп сабынға ұқсамайды. Ол түйе, ешкі сүті, жантақ қосылған емдік қасиеті бар сабын шығаруда. Бұл сабын түрлі тері ауруларына және терінің құрғауына қарсы емдік қасиеті бар екен. Арсенаның емдік әрі хош иісті сабыны «Қазақстанның үздік тауары - 2023» өңірлік көрме-байқауында-ақ сұранысқа ие болды. Арсена Көшжанова бұрын сабынды өзіне және таныстарына дайындайтын, содан кейін хоббиді бизнеске айналдыруды шешті. Мемлекеттік қолдау аясында қолдан жасалған сабын шығаратын цех ашты.

«Кәсіпті бастағаныма 6 айдай уақыт болды. Мүмкіндігінше өзімізде бар нәрселерден пайдалы дүние жасағым келді. Сабын түйе, ешкі сүті қосылып жасалады. Сонымен қатар жантақты да пайдаландық. Қазақстанның басқа өңірлеріне де жіберсек, менікі органика болып есептелгеннен кейін, ауылдан өзіміз шөпті теріп, қайнатып, істегеннен кейін, органика магазиндеріне қойылып, ұсынылса деген ойым бар. Бізде тек ел ішінде ғана емес, шетелде де сұранысқа ие органикалық және экологиялық таза өнімдерді өндіру үшін айтарлықтай әлеует бар», – деп бөлісті кәсіпкер.  

Қазіргі таңда Арсена сабынның 11 түрін шығарып отыр. Соның ішінде 3 сабын емдік қасиетке ие. Айтуынша, сабынның құрамында хош иістер, бояғыштар мен консерванттар жоқ, тек табиғи ингредиенттер. Судың орнына ешкі мен түйе сүтін қосады, сонымен қатар түйе тікенегі қосылған шөп сабынының рецептін ойлап тапқан.

Ал Аралдық кәсіпкер «Қазақстанның үздік тауары - 2023» өңірлік көрме-байқауында жеңімпаз атанды. Қызылордада жергілікті тауарөндірушілердің өнімдерінен көрме өтіп, үздіктері анықталған болатын. Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы мен Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған «Қазақстанның үздік тауары – 2023» өңірлік көрме-байқауына 80 кәсіпкер қатысуға өтінім беріп, көрмеге 64 кәсіпкер қатысқан еді. Байқауға қатысқан түйе жүнінен төсек-жабдық дайындайтын жеке кәсіпкер Индира Жұмашеваның «Ай-Аружан» тігін орталығы «Халық тұтынатын үздік тауар» номинациясының жеңімпазы атанды. Ендігі кезекте кәсіпкер Астана қаласында өтетін Республикалық көрмеге барып, өз тауарын ұсынатын болады. Сондай-ақ, аталған көрмеде «Бір ауыл - бір өнім» жобасы бойынша Арал ауданынан Арсена Кушжанова – иіс сабын өндіріcі, Гульнар Анапияева – жүннен жасалатын бұйымдар, Шәрбану Мамытова - шұжық өнімдері, Жұлдыз Кушжанова – жартылай фабрикат өнімдері, Жахан Анар – қол өнер бұйымдарын көпшілік назарына ұсынған еді. 

Жеке кәсіпкер Самал Смаилованың қолға алған кәсібі тіпті ерекше. Кәсіпкер өңір нарығына және өндіріске жаңа эко өнімдерімен келді. Eco Green компаниясының құрылып, өндіріс қызметін қосқанына аз уақыт болса да, қызылордалық тұтынушылардың қызығушылығын тудыруда. ЖК “Самал” өндіріп жатқан өнімдердің ерекшелігі - эко азықтардың табиғи пайдасын сақтай отырып халыққа тек сапалы өнімдер ұсыну. Атап айтатын болсақ, өндірісте Гранола-дайын таңғы асы, арнайы Жаңа Зеландиялық құрылғымен кептірілген жемісті эко-чипсылар және жемісті пастилалар өндіруде. Кәсіпкердің қазіргі таңдағы мәселесі арнайы цехтың болмауынан үлкен көлемдегі тапсырыстарды қабылдай алмайтыны. Осы орайда Басқарма басшысы қолданыстағы заңнама аясында кәсіпкерге қолдау көрсетуге дайын екенін айтты.

Сонымен қатар, қызылордалық ваннаға да сұраныс көп. Қызылордадағы «Раяна» жеке кәсіпкерлігі ванна жасау ісін бастағанына көп бола бойған жоқ. Алайда, олардың шығарған өнімдеріне сұраныс тым жоғары. Қазіргі таңда цех акрильді ваннаның үш түрін шығарады, күніне 8 ванна өндіруге қауқарлы. Сапасы да озық елдердің тауарларынан кем түспейді. Ваннаның сапалы болатындай да жөні бар. Өйткені өндіріс орны еуропалық технологиялар бойынша жұмыс істеп, экологиялық таза материалдар мен заманауи шетелдік жабдықтарды қолданады. Кәсіп иесі Мөлдір Сейтжанова өңір тұрғындарынан өнімімізге түсіп жатқан тапсырыс көп дейді. Өндіріс орнының тағы бір ерекшелігі сіз тауарға тапсырыс бергенде оның көлемі мен дизайнын да өз талғамыңызға сәйкестіндіре аласыз. 

- Біздің ванна кез келген ванна бөлмесінің интерьеріне өте жақсы сәйкес келеді. Серия жоғары сапалы өндіріспен қарапайым дизайнмен ерекшеленеді. Размерлері 1,70*70, 1,80*75. Осы жобаны іске асыру үшін 7 млн теңге инвестиция салдық. Жұмысты бастағанымызға 3 ай болды. Алдағы уақытта цехты кеңейту үшін мемлекеттен көмек сұрауды жоспарлап отырмыз, - дейді кәсіпкер. Өндіріс ошағы КБИ мөлтек ауданында орналасқан. Кәсіпкер мемлекеттен көмек алып, өндіріс орнын кеңейтсе, сол маңдағы тұрғындарды да жұмыспен қамтуды көздеп отыр.Нұрбек Жұмабаев көліктерге арналған аксессуарлық қызмет көрсететін (EVA және 3D поликтер, тонировка, химиялық тазалау, панельге накидка), тігін цехын ашқан. Автокөлік жапқыштарын (авточехол) тігу шеберханасы бірқатар қызметтерді ұсынады. 

- Өзім автокөлікке жақын болғандықтан осы кәсіпті таңдадым. Бұл кәсіпке 2019 жылы келдім. Бастапқыда автокөлік тауарларын жәй сатып жүрдім. Кейін бұл салада табыс көзі жақсы екендігін түсініп, серіктестер тауып, тауарларды өзіміз тіге бастадық. Біз қазірдің өзінде 1000-нан астам көлікті өзгерттік. Бағаларымыз қолжетімді. Сондай-ақ банктерден бөліп төлеу қызметі бар. Автокөлік жапқыштардың жинағы – 65 000 мыңнан басталады, дейді ол сөз арасында. Алғашында тек орындықтар қаптайтын болса, бертін келе полик, көліктердің ішкі салонын жаңалап жайнатудың да қыр-сырын меңгерді. Қазір панельге накидка салу сынды қызметтер де көрсетеді. Қаптауға қажетті маталарды Алматы, Қызылорда қалаларынан арнайы тапсырыспен алдырып отыр.

Кәсіпкердің айтуынша, нарық болған соң, бәсекелістік әрқашан жоғары болады. Ең бастысы тұтынушыға сапалы тауарды ұсыну. Өз ісіне тиянақты шебердің қолынан шыққан көлік бұйымдары көздің жауын алады. Бүгінді жұмыс ауқымды болған соң бес адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Оларға да жалақыны тұрақты төлеп отырғандығын айтты.Қызылордада кәсіптің көзін тауып, халық тұтынатын тауар дайындап жатқан қап зауыты бар. Кәсіп иесі Ербол Қожанбаев өз ісіне шынайы берілген азамат цехты кеңейту жұмыстарының қалай жүріп жатқандығын,шикізаттың қайдан алынып, өнімнің қайда сатылатындығын шабыттана әңгімеледі. Қалдықсыз өнім өндіретін өндіріс ошағы айына 800 мың қап тоқиды. Мұнда 17 адам еңбек етеді. Барлығы да – жергілікті тұрғындар. Отандық өнімнің әлеуетін арттырғысы келетін кәсіп иелерінің басты мақсаты – сырттан келетін тауарларды ығыстырып, өнімнің қолданыс аясын кеңейту.Шағын зауыттағы тіршілік қарбалас. Күріш қабы дайын болғанға дейін бірнеше сатыдан өтеді. Әуелі пропилен түйіршіктері арнайы қондырғыда ұсақталып, 250 градусқа дейін қыздырылады. Одан күнделікті тұрмыста қолданылып жүргендей кәдімгі пленка шығады. Жіңішке, тілініп, тоқуға иекемделеді. Содан кейін ол пленка иіріліп, жіпке айналады. Жіпті станокқа қояды. Бірнеше жіп тоқылып, жиектеме тігіліп, қапқа айналады екен.

– Зауыт өз жұмысын ақпан айында бастады. Шикізатты Атыраудан аламыз. Қазіргі кезде 14 станогымыз бар. Алдағы уақытта зауытта түрлі-түсті логотипті басып-шығару, вакуумдық қаптарын әзірлейтін, қолғап шығаратын станоктарын алуды жоспарлап отырмыз. Жоспарларымызды іске асырған жағдайда 200-ден астам адамды жұмыспен қамтимыз.Ол үшін бізге мемлекеттен қолдау қажет. Кәсіпорын басшысы алдағы уақытта қалдықтарды қайта өңдейтін құрылғы сатып алып, станоктардың санын көбейтуді, қапты еліміздің басқа да қалалары мен өзге елдерге сатылымға шығаруды басты мақсат етіп қойып отыр.

Жыл сайынғы үрдіс биыл да жалғасын табуда. Қызылордада мектеп формаларына арналған жәрмеңке өтеді. Қызылорда қаласында 5-30 тамыз аралығында «Мектепке жол» жалпы республикалық акциясы аясында оқушылардың мектеп формасына арналған ауқымды жәрмеңке ұйымдастырылады. Ал аудандарда аталмыш акция 16-21 тамыз аралығында жалғасады. Бұл жәрмеңкеге жергілікті «Ас-Ка» ЖШС, «Ақжүрек мүгедектер қоғамы» ҚБ, «Айша-бибі» тігін цехы және тағы да басқа кәсіпкерлер өз өнімдерін облыс тұрғындарына ұсынбақ ниетте. Жәрмеңкеде мектеп формалары нарық бағасын төмен әрі жоғары сапада сатылымға шығады. Сондай-ақ, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларына да арнайы жеңілдіктер қарастырылған. Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен өткен баспасөз турында БАҚ өкілдері қаладағы бірқатар тігін цехының жұмысымен танысты.

– Оқушылардың мектеп формасына арналған жәрмеңкені ұйымдастырудағы басты мақсат – ата-аналардың алысқа бармай-ақ балаға қажетті мектеп құралдарын бір жерден алуын қамтамасыз ету және қажетті заттарды төмен бағада тұрғындарға ұсыну болып табылады. Қалада ұйымдастырылатын жәрмеңке Қорқыт ата көшесі, 55 «Small» сауда орталығының алаңында өтеді. Жәрмеңке сөрелеріне қойылатын барлық тауарлар төменгі бағада және жоғары сапада сатылымға шығады. Осы орайда барша облыс тұрғындарын жәрмеңкеге белсене қатысуға шақырамыз!, – деді облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары.

Баспасөз туры барысында мектеп формаларын тігумен айнылысатын тігін цехтары өз өнімдерін таныстырды. Соның бірі – «Ас-Ка» ЖШС цехы үш жылдан бері мектеп формаларын тігуді қолға алған. Бұл цех өз қолдарынан шыққан 7-8 мың өнімді жәрмеңкеге ұсынуды жоспарлап отыр.

– Біздің цех 2007 жылдан бері тігін тігумен айналысып келеді. Бірақ 2014 жылдан бастап өндіріс саласына бет бұрып, арнайы киімдерді тігуге тапсырыс қабылдадық. Қазіргі таңда цехта арнайы киімдерден бөлек, мектеп формаларына да тұрғындар тарапынан сұраныс жоғары. Осыған орай қаланы ғана емес, барлық ауданды өзіміз аралап, қолжетімді бағадағы өнімдерімізді жұртшылыққа ұсынуды жөн көрдік. Биыл да ұйымдастырылатын жәрмеңкеге 7-8 мыңнан астам өнімді сатылымға шығаруды жоспарлап отырмыз, – деді «Ас-Ка» ЖШС директоры Дина Махатова.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен 2023 жылдың 6 айының қорытындысына арналған мәжіліс өткен болатын. Онда Қызылорда облысының даму жоспарындағы көрсеткіштердің орындалуы, шағын және орта бизнестің дамуы бойынша атқарылған жұмыстар талқыланды.Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің өңірлік деңгейдегі негізгі стратегиялық құжаты - "2021-2025 жылдарға арналған Қызылорда облысының даму жоспары". Аймақ басшысы жоспарда көзделген нысаналы индикаторлардың сапалы әрі мерзімінде орындалуын қамтамасыз етіп, тиімділігін арттыру керектігін атап өтті. 

«Биыл 120 нысаналы индикатордың орындалуы көзделген. Жыл соңына дейін 22 көрсеткіштің жоспарлы мәніне қол жеткізілмеуі мүмкін. Өздеріңізге мәлім, барлық облыстық басқарма басшыларына, аудан, қала әкімдеріне даму жоспарының нысаналы индикаторларының орындалуын қатаң бақылау тапсырылды. Дегенмен бірқатар нысаналы индикаторлардың жыл соңына дейін орындалмау қаупі бар», - деді сол кезде Нұрлыбек Машбекұлы.

Облыстық экономика және қаржы басқармасының басшысы Қамбарбек Мүбәраков 6 айдағы даму жоспарының орындалуы туралы баяндама жасады. Баяндамашы облыстық басқармалардың нысаналы индикаторларды орындау барысын саралап, әрбір көрсеткішке талдау жасады. Орындалмауы мүмкін көрсеткіштерді дәлелді түрде төмендету, 25 пайыздан асыра орындалатын көрсеткіштердің жоспарлы мәнін көтеру үшін тиісті салалық министрліктермен жұмыс атқаруды ұсынды.Орындалмауы ықтимал индикаторлар облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, денсаулық сақтау басқармаларына тиесілі. Аталған сала басшылары нәтижеге қол жеткізу үшін әрбір көрсеткішке талдау жасауы тиіс. Оларға орындалмау қаупі бар мәнді көрсеткіштерді дәлелді түрде төмендету немесе асыра орындалатын көрсеткіштердің жоспарлы мәндерін көтеру бойынша салалық министрліктермен жұмыс атқару тапсырылды. Барлық мемлекеттік орган басшыларының әр тоқсан сайын белгіленген индикаторлар нәтижесі бойынша есебі облыс әкімінің төрағалығымен өтетін мәжілісте қаралады. 

Жиында 6 ай қорытындысымен шағын және орта бизнестің дамуы туралы облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Исатай Аңсат баяндама жасады. Басқарма басшысының айтуынша, шағын және орта кәсіпкерлікте 77590 субъекті тіркелген. Кәсіпкерлік субъектілерінің өсу қарқыны бойынша облыс республикада 4 орында. Биыл кәсіпкерлікті қаржылай қолдауға әртүрлі көздерден шамамен 23 млрд. теңгеге жуық қаржы қарастырылды. Жарты жылда 2 мыңнан аса жобаға қаржылай қолдау көрсетілді. Облыс әкімі кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасына шағын және орта кәсіпкерліктің негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерінің өсімін қамтамасыз етуді және жалпы өңірлік өнімдегі үлесін 21,5%-ға арттыруды тапсырды. Сонымен қатар жауапты басқарма орта бизнестің үлесін 9 пайызға жеткізу бағытында нақты жұмыстарды үйлестірілуі керек.

Жалпы Қызылорда облысында негізгі макрокөрсеткіштер бойынша өсім бар. Бұл туралы ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық мәжілісінде 2023 жылғы қаңтар-маусым айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және республикалық бюджеттің атқарылуы, «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы, халықты жұмыспен қамтудың өңірлік карталарын жүзеге асыру барысы талқыланда айтылған болатын.Үкімет отырысында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев сөз сөйлеп, 2023 жылдың қаңтар-маусым айларында бірқатар негізгі макрокөрсеткіштер бойынша өсім қалыптасқанын атап өтті.Өңірде ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 1,8 пайызға (36,2 миллиард теңге), инвестициялар тарту 23,1 пайызға (162,0 миллиард теңге), құрылыс жұмыстары көлемі 54,9 пайызға (53,7 миллиард теңге), көлік және қоймалау көлемі 5,9 пайызға (139,5 миллиард теңге), пайдалануға берілген тұрғын үйлер көлемі 2,1 пайызға (318,7 мың шаршы метр) және сауда көлемі 3,2 пайызға (325,3 миллиард теңге) артқан.  Облыс әкімі есепті кезеңде өңдеу өнеркәсібінің көлемі 4,4 пайызға, оның ішінде химия өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 31,5 пайызға, тамақ өнеркәсібінде 11,1 пайызға, металлургия өнеркәсібінде 7,4 пайызға және жеңіл өнеркәсіпте 5,3 пайызға төмендегенін айтты. Өңдеу өнеркәсібінің өндіріс көлемін арттыру үшін өңірде Индустрияландыру бағдарламасы аясында құны 6,4 миллиард теңге болатын 4 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. 2023 жылдың 1 шілдесіне облыс бюджетінің шығындар жоспары 99,8 пайызға орындалды, оның ішінде республикалық бюджеттен бөлінген нысаналы трансферттер 99,0 пайызға игерілген. Облыс бойынша инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің тозу деңгейі 33 пайыздан 68 пайызға дейінгі көрсеткішті құрайды. 2023 жылға табиғи монополиялар субъектілерінің желілерді жаңғыртуға арналған инвестициясының көлемі 10,2 миллиард теңге. Оның ішінде: бюджет қаржысы – 8,9 миллиард теңге, несие қаржысы – 878 млн.теңге, кәсіпорындардың өз қаражаты – 448 миллион теңге. Бұл қаржыға атқарылатын жұмыстар нәтижесінде инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің тозу деңгейі 3 пайызға дейін төмендемек. 

Мемлекет басшысы мен Үкіметтің алға қойған міндеттерін орындау аясында облыста «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» іске асырылуда. Бүгінде 24 мың 364 азамат жұмысқа орналастырылды, бұл жылдық меженің 55,5 пайызын құрады.«Жастардың кәсіпкерлік бастамасын» қолдау шеңберінде комиссия 252 адамға 1 миллиард 153 миллион теңгенің несие портфелін мақұлдады. Берілген несиелердің 61 пайызы (154) мал шаруашылығына, 36 пайызы (91) қызмет көрсету саласына, 3 пайызы (7) өндіріс ашуға бағытталды.Облыс әкімі жастардың кәсіпкерлік бастамаларына берілетін жеңілдетілген несие кеңінен қолдау тауып, сұраныс көлемі артқанын айтты. Қазірдің өзінде 257 орынға 313 адам сұраныс білдірген. Қаржының толық игерілуіне байланысты құжат қабылдау уақытша тоқтатылды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне тағы да 200 адамға 1 млрд. теңгеге қосымша бюджеттік өтінім жолданды. ҚР Үкіметі отырысынан кейін Премьер-министр берген тапсырмаларды пысықтау мақсатында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен мәжіліс өтті. Мәжілісте аймақ басшысы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев бастаған қазақстандық делегация құрамында Қытай Халық Республикасына барған іссапарының қорытындылары туралы айтты.Іссапар аясында облыс басшысы бірнеше мұнай-газ, химия және әртүрлі өнеркәсіптік жабдықтарды шығаратын қытайлық компания басшыларымен кездесті. Нәтижесінде, тамыз айының 10-нан кейін «Джепетто» және «Қытай Ұлттық машина жасау корпорациясы» компаниясының және басқа да қытай компанияларының өкілдері Қызылорда облысына іссапармен келетін болды.Аймақ басшысы қытайлық инвесторлармен тиімді байланыс орнатып, инвестиция тарту арқылы жаңа өндіріс ашу үшін инвестицияны қажет ететін барлық саладағы жобаларды ұсынып, таныстыруды тапсырды. Жұмыс сапары нәтижелі болуы үшін қол қойылған меморандумдар мен келісімдер бұлжытпай орындалуы керек. Осыған орай қала, аудан әкімдері мен барлық басқарма басшыларына тиісті тапсырмалар берілді. Облыс әкімі 2023 жылдың қаңтар-маусым айларында негізгі макрокөрсеткіштер Қызылорда қаласында, Шиелі және Жаңақорған аудандарында төмендегенін атап өтіп, жағдайды тұрақтандыру үшін берілген тапсырмалардың орындалу барысы туралы сұрады. Аталған аудандар мен Қызылорда қаласы әкімдеріне жағдайды зерделеп, оны жақсартудың жедел жолдарын қарастыру жүктелді.Облыс бюджетінің игерілуі бойынша ең төменгі көрсеткіштер Қармақшы ауданы және Қызылорда қаласында қалыптасқан. Аймақ басшысы Қызылорда қаласы мен барлық аудандар әкімдеріне, бағдарлама әкімшілеріне ай сайын жоспарланған қаражатты 100% толығымен игеруді, ол үшін тауар жеткізушілер және мердігерлермен тиісті жұмыстар жүргізуді тапсырды.Тұрғындарды тұрақты және сапалы электр энергиясымен, ауыз сумен, жылумен қамту – басты міндеттің бірі. Сондықтан жауапты басшылар инженерлік желілерді жөндеуге және қайта жаңғыртуға бөлінген қаржылардың уақытылы игерілуін, нысандардың алдағы жылу беру маусымына дайын болуын қамтамасыз етуі тиіс. Ал табиғи монополияларды реттеу комитетінің аумақтық департаменті коммуналдық кәсіпорындардың тарифті өзгертуге ұсынған өтінімдерінің негізділігін тексеріп, мерзімінде нақты шешім қабылдауы керек.

Халықты жұмыспен қамтудың өңірлік жол картасын іске асырудың бірқатар көрсеткіштерінде оң динамика байқалады. Осы бағыттағы жұмыстарды әрі қарай жалғастыру, қаржыны мақсатты игеру қажет. Облыс әкімі облыстық басқармалар, Қызылорда қаласы және аудан әкімдеріне жоспарланған 43 898 жұмыс орнының ашылуын 1 қыркүйекке дейін кемінде 75 пайызға жеткізуді тапсырды. Жастардың кәсіпкерлік бастамасына жеңілдетілген несие беру үшін қосымша 200 адамға 1 миллиард теңгеге жобалар пулын әзірлеп, «Аграрлық несие корпорациясының» филиалына ұсыну керек. 

Аймақта шағын және орта кәсіпкерлердің саны 37,5 пайызға ұлғайып, 72 685 бірлікке жеткен. Жалпы осы секторда жұмыспен қамтылғандардың саны 18 пайызға артты. Қазіргі таңда экономикадағы барлық жұмыспен қамтылғандардың шамамен 35 пайызы шағын және орта кәсіпкерлік саласында жұмыс істейді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен баспасөз конференциясында облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Азамат Каюпов мәлімдеді.Сондай-ақ кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба жүзеге асырылып,ауыл тұрғындары мен жастардың кәсіпкерлік бастамаларын жеңілдікпен несиелендіру жұмыстары басталды.

- Облыста кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау және оны дамыту бағытында жұмыстар жүйелі атқарылуда. Мәселен, биыл кәсіпкерлікті қаржылай қолдауға әртүрлі көздерден шамамен 23 миллиард теңгеге жуық қаржы қарастырылып, жыл басынан бері 2 мыңға жуық жобаға қаржылай қолдау көрсетілді. Одан бөлек, кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында бизнестің жалпы несие портфелі 12,9 миллиард теңгені құрайтын 484 жобасы субсидияланды. Қаржы ұйымдары арқылы шағын бизнестің 723 жобасы 9,3 миллиард теңгеге несиелендіріліп, жас кәсіпкерлердің 316 жобасын 2 миллиард теңге шамасында қаржыландыру мақұлданды. Мұнан өзге, 400 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мемлекеттік гранттар жұмыссыз азаматтардың 722 жобасына табысталды. Бұдан өзге, өңірде шағын өнеркәсіп парктерін құру қолға алынды. Ол үшін республикалық бюджеттен 1 миллиард теңге, ал жергілікті бюджеттен 100 миллион теңге қаражат қарастырылуда, - деді Азамат Биғалиұлы.  

Айта кететін жайт, кәсіпкерлік саласын мемлекеттік қолдаудан бөлек, салықтық ынталандыру шаралары да қоса атқарылуда. Биыл бөлшек сауда және халыққа қызмет көрсету саласындағы кәсіпкерлерге бөлшек салық режимін қолдану мүмкіндігі берілді. Режим қосымша құн салығы мен әлеуметтік салықтан босатуды, айналымнан 4 пайыз табыс салығын төлеуді қамтиды.Салық кодексіне сәйкес, облыста бұл 4 пайыздық мөлшерлеме жергілікті мәслихаттардың шешімдерімен 2 пайызға дейін төмендетілді.

Айта кетейік, Қызылордада «Ауыл аманаты» жобасына құжаттар қабылданып жатыр. Қызылорда облысында «Байқоңыр» ӘКК» АҚ-ы «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыруды бастады. Жобаға қатысуға ниетті азаматтар қала, аудандағы ауыл шаруашылығы немесе кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімдеріне құжаттарын тапсыра алады. Қаржыландыру сомасы: ауылдық елді мекендер мен шағын қалалардағы жеке кәсіпкерлер 2,5 мың АЕК-ке, яғни 8,6 миллион теңгеге дейін; ауыл шаруашылығы кооперативтері 8 мың АЕК-ке немесе 27,6 миллион теңгеге дейін несие ала алады. Жылдық сыйақы мөлшерлемесі – 2,5 пайыз. Мерзімі: мал шаруашылығындағы жобаларға 7 жылға; бизнестің өзге де бағыттары үшін 5 жылға; Кепілмүлікке тұрғын үй, пәтер, тұрғын емес ғимараттар, несие сомасы өтелмеген жағдайда қосымша кепіл ретінде жылжымалы мүлік және жер телімі қабылданады.

Жеңілдік кезеңі несие мерзімінің 1/3-нен аспайды. Басты бағыттар:1. ауыл шаруашылығы кооперациясы;2. ауыл шаруашылығы тауарларын өңдіру, өңдеу және жаңа өңдеу;3. егін шаруашылығы;4. мал шаруашылығы (құс, балық, ара және мал шаруашылығы);5. бизнестің өзге де бағыттарындағы жобалар. Құжаттар тапсыру рәсімі:жеке кәсіпкер жобаға қатысу үшін тізімге сәйкес толық құжатты жергілікті әкімдікке өткізеді; жергілік әкімдік құжаттын толықтығын тексеріп «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына жолдайды; «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы құжаттарды қарауға алып, салалық қорытындылар жасап, шешім қабылдау үшін Несие комитетіне ұсынады; Несие комиетінің оң қорытындысын алған жағдайда, кепілге қойылатын мүлікке тәуелсіз бағалау жасатылады; келісім шартқа қол қойылып, ұсынылған кепіл уәкілетті органдарда тіркеуден өткізіледі; қарыз беру жүзеге асырылады.

Бизнес жоспар әзірлеу үшін Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасы мен Бизнеске арналған үкімет мекемесіне хабарласуға болады.Сонымен қатар, «Startup Joly» инкубациялық кезеңіне қатысып – 100 000 000 теңге грант жеңіп алуға мүмкіндік бар. Инновациялық жобаны идея сатысынан прототипке айналдыруды және қаржы тартуды қаласаңыз «Startup Joly» бағдарламасына қосылыңыз. www.kyzylordahub.kz сайты арқылы өтінім беріп, 100 млн теңге грант алуға бір қадам жақындай түсуге болады. Мамандардың айтуынша, инкубациялық кезең тамыз айының 14-күні басталады. Бағдарламаға кез келген адам қатыса алады. 1 ай оқу барысында: Стартап жасау бойынша 16 басты тақырыптағы тегін семинар, Шеберлік сағаттары, Жеке және топтық жұмыс, менторлар көмегі, Инвестиция тарту, 2 000 000 теңге қаржылай жүлде қоры.

Ал кәсіпкерліктің әртүрлі аспектілері, соның ішінде идея, маркетинг, сату, қаржы және құқықтық мәселелер бойынша толық білім алып, жобаларын дамытқан қатысушылар Demo Day аясында инвесторларға жобаларын таныстырады. Үздік жобаларға қаржылай сыйақы табысталады. Сонымен қатар, бағдарламаға қатысқанын растаушы сертификат беріледі. Сол арқылы «QazInnovations» инновацияларды дамыту жөніндегі ұлттық агенттігінің 100 миллионға дейінгі гранттық бағдарламасына қатысуға мүмкіндік алады.Бизнесін дамытқысы келетін және сол үшін жеңілдікпен несие алсам деген жандар үшін мемлекеттік бағдарламалар тиімді. 

Ол бағдарламалар аясында жеңіл несиені қалай алуға болады?

Несие – банктің өнімі. Қор жүзеге асыратын «Қарапайым заттар экономикасы», «Ұлттық жоба», «Төмен көміртекті дамуға арналған тұрақты қалалар», «Жаңартылатын энергия көздеріне инвестиция салу тәуекелін азайту» сияқты бағдарламалар аясында несие алсам, кейіннен оны «Даму» Қоры субсидиялап, пайызын түсіріп берсе десеңіз – сізге ірі сома керек деген сөз. Ол үшін Қормен серіктес екінші деңгейлі банкке барасыз. Серіктес банктер тізімі damu.kz сайтында бар. Шағын ісіңізге аздаған сома қажет болса – микроқаржы ұйымдарының есігі ашық. Ал кәсібіңіз техниканы немесе арнайы жабдықтарды қажет етсе – лизинг компаниялары жұмыс істеп тұр. Мұнымен қатар әр өңірдің өз кәсіпкерлеріне ұсынатын жеңіл несиелеу бағдарламалары да бар. Әлеуметтік желілердегі парақшамымызды қадағалап жүрген жандар біздің қай өңір үшін қай банк/микроқаржы ұйымы, лизинг компаниясына қанша қаржы салғанымыз жайлы хабарлайтынымызды. Сізге сол постта көрсетілген контакт бойынша дереу қаржы ұйымына хабарласып, әрекет ету ғана қалады. Ал бағдарлама шарттарымен алдын-ала танысып, бизнесіңіз сай келетін-келмейтінін біліп алу үшін https://damu.kz/programmi/ сілтемесіне өтіңіз. Немесе колл-орталыққа 1408 нөмірі бойынша хабарласу керек. Өзіңіз тұратын қаладағы біздің филиалға келсеңіз де менеджерлер сіздің ыңғайыңызға келетін мемлекеттік бағдарламаны таңдап береді. Филиалдар мекенжайын да damu.kz сайтының басты бетінен таба аласыз.

«Ұлы дала еліне» өтінімдерді қабылдау басталды. «Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Ұлы дала елі» брендін пайдалану құқығын беру конкурсына өтінімдерді қабылдаудың басталғаны туралы хабарлайды. Конкурстың негізгі мақсаты отандық компанияны және оның жоғары сапалы өнімдерін «Ұлы дала елі» брендімен тауарларды экспорттау кезінде ынталандыру және позициялау, елдің шетелде танылуын арттыру болып табылады. «Ұлы дала елі» бренді халықаралық нарықтарда Қазақстан брендін ілгерілететін Қазақстанның үздік отандық тауар өндірушілеріне тапсырылады.

Байқауға қатысушылар келесі критерийлерге сай болуы қажет: өнімнің бір түрін өндірудің жалпы көлемінің кемінде 10% көлеміндегі экспорт үлесі, тауарларды өндіру, қызметтер көрсету кезіндегі жергілікті қамту үлесі(кемінде 30%); халықаралық бизнес қауымдастықтарына мүшелік; лицензиялардың, рұқсаттардың, патенттердің болуы; халықаралық наградалардың, дипломдардың болуы; бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі (бизнесті жауапты жүргізу)бойынша қаржылық емес есептілікті жариялау тәжірибесінің болуы; сауда маркасының танылуы, ұсынылған портфолио бойынша компанияның оң имиджі (құпталады). Конкурсқа: қызметті нарықта кемінде үш жыл жүзеге асыратын; тарату сатысында емес, банкрот деп танылмаған; өтінімде дұрыс мәліметтер көрсеткен; комиссия мүшелеріне өз кәсіпорнын тексеруге мүмкіндік берген (кәсіпорын қаражаты есебінен)жеке кәсіпкерлік субъектілері қатыса алады. Конкурстың өткізілу тәртібі: Конкурсқа қатысуға ниет білдірушілер 2023 жылғы 15 қыркүйекке дейін Ережеге сәйкес ресімделген өтінім мен материалдарды (сканерленген) info@ulydalaeli.kz.электрондық мекенжайға ұсынуы тиіс. Комиссия конкурсқа қатысушылардың өтінімдерін қарайды және өтінімдердің жалпы санынан 12 үміткерді іріктейді. Комиссия кіші топтарға бөлініп, өтінімде ұсынылған ақпаратты растау үшін кәсіпорындарға (олардың есебінен) барады. Тексеру нәтижелері бойынша комиссия іріктеудің келесі кезеңіне шыққан 6 үміткерді айқындайды. 6 үміткердің тізімі онлайн-дауыс беру үшін ҰКП интернет-ресурсында орналастырылады. Ең көп дауыс жинаған компаниялар (үштен аспайтын) «Ұлы дала елі» брендін пайдалану құқығына ие болады. Байқау лауреаттарына салтанатты түрде «Ұлы дала елі» қолшатыр брендінің эмблемасы мен диплом беріледі. «Ұлы дала елі» қолшатыр брендін пайдалану құқығы жарнамалық мақсатта 5 жыл мерзімге беріледі.

Тағы да оқыңыз: