Kyzylorda-news.kz. Соңғы жылдары Сыр өңірінде әлеуметтік салаға басымдық беріліп, жаңа нысандар көбірек бой көтере бастады. Оның ішінде Жаңақорған ауданында да спорт, мәдениет, медицина және білім бағытында қаншама ғимараттың іргетасы қаланып, басым көбі ел игіліне берілді. Апта басында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аудандағы арнайы іс-сапармен келіп, салынып жатқан құрылыстарды аралап, тиісті тапсырмалар жүктеді. 

Биыл аудан көлемінде екі бірдей ауылдық клуб үйі салынуда. Соның бірі Жайылма ауылында. Өңір басшысы алғашқы сапарын Жайылмадағы мәдениет ошағынан бастады. Аудан әкімі Мұрат Жолкелдіұлы жол бастап, құрылысқа жауапты сала мамандары клуб үйінің бүгінгі жай-күйін таныстырды. Тек ауыз су мен жылуы ғана қалған мәдениет үйін аралаған облыс басшысы тездетіп жұмысты бітіруді тапсырды.

– Жарты ғасырдан аса уақыт асар әдісімен салынған ескі клуб үйінде қызметте болдық. Ол мекеме әбден тозды, енді міне жаңа ғимаратқа қол жеткізуге сәл қалдық. Қуанып отырмыз, әзірге үш үйірме жұмыс жасайды. Ауданда жалғыз әжелер ансамблі болса, ол бізде. Құрамында онға жуық әжеміз бар, бұйырса қосымша қызметкерлер де алатын боламыз. Үйірменің де санын арттырып, балаларды жаңа аппаратпен дәріс беруге беруге мүмкіндік аламыз. Ең бастысы, мәдениет үйі бітуге жақын қалды, алғанын көре жатармыз, – деді клуб үйінің деректоры Нұрлан Жапеков.

Келесі бағыт ауыл іргесіндегі егістікте шаруалармен кездесу.  220 шаңырақ, 1527 тұрғыны бар ауылдың негізгі тіршілік көзі мал және егін шаруасымен біте қайнасып жатыр. Бұл ауыл бір кәсіпті қолдап, барлық ағайын бала-шағасымен ерте көктемнен қара күзге дейін егін басында жүретін жайылмалықтардың еселі еңбегіне көпшілік тәнті. Қарбызы бренд болып, ел нарығында ғана емес, Ресейдің базарын да қаматамасыз етіп келеді. Қарбыздың қыр-сырына қанық ауылдағы әрбір отбасы кем дегенде 1 гектардан өнім алуға тырысады. Ауылдағы 38 шаруа қожалық түгелдей бақшамен айналысады, биыл 550 гектарға қарбыз дәнін тастапты. Сонымен қатар қызанақ егуді де ептеп қолға алуда. Нұрлыбек Машбекұлы бастаған делегат қырман басында “Шоқмырза” шаруа қожалығының жұмысымен танысты.

– Жігіттер егін бітік болсын, жалпы шаруа қалай? Өнім еңбекті ақтап жатырма? 

– Рахмет, иә, әзірге қарбыздан шығым жақсы. Биыл қарбыз төккен терді ақтап келеді, енді қызанақты көреміз. Биыл алғаш рет қызанақты қолға алып, егіп көрудеміз. Биыл 3 гектарға ғана қызанақты тәжірибе жүзінде іске асырудамыз. Бұл отбасылық кәсіп деуге болады. Бұйырса келер жылы егін көлемін еселеу ойымызда бар. 

– Істеріңізге береке берсін, қандай да көмек немесе туындаған мәселе болса айтуға болады. Ауылшаруашылық саласы ел экономикасының драйверіне айналуы тиіс деген Президенттің тапсырмасы бар. Сондықтан мүмкіндігінше осы салаға серпін беруге тырысамыз. 

Аймақ басшысыменшаруа қожалықтың мүшесі Мұхамедәлі Даулабаевтың екеуара диалогы осылай өрбіді. 

– Нұрлыбек Машбекұлы биыл өзіңіз тапсырғандай ауылдардан қосымша жерлерді егіндікке дайындап бердік. Аяқ суға қатысты шаруаларды да реттеудеміз. Бұл ауылдың бір ұтатыны аяқ суды жер асты суы арқылы пайдаланады. Яғни, керіз жүйесі арқылы егістікке су алып, толықтай ауыл хлқын қамтамасыз етіп отыр. Бұйырса келер жылға жоспар тағы да көлемді кеңейтіп, бақшаға басымдық беруді көздеп отырмыз, – деді аудан әкімі. 

– Өте дұрыс, шыны керек, қазір аяқ су мәселесі өте өзекті болып тұр. Мемлекет басшысының демеуімен биыл Сыр диқандары тығырықтан шықты, яғни, қажетті құрал-жабдық, яғни насос және өзге де техникаларды республикадан бөлінген қаржыға алудамыз. Сондықтан, мұндай жобаларды қолдау керек, керек болса электр жүйесін тартып берейік, қосымша насос керек десе оны да қарастырайық. Ең бастысы, өз өнімімізді екі есе өндіріп, импорт емес, эксортты арттырайық. Міне, сонда ғана ел әлеуеті реттеледі, – деді облыс әкімі. 

Биыл Жаңақорған ауданы бойынша үш мектептің құрылысы жүруде. Соның біреуі МАИ бекетіндегі 300 орындық білім ошағы. Құрылысы жыр болған бұл ғимарат мамыр айында ел игілігіне берілуі тиіс болатын. Алайда, бұл мердігер мекеме де мазаны алып тұр. Құрылысы үш жыл бұрын басталған мектептің сапасын облыс басшысы қатты сынға алды. 

– Бұрынғы мердігер “Қазқұырылыс сервис” ЖШС-нің ісі шала болды. Ол кетті, қайтадан 330 млн қаржы керек болып, мемлекеттік сатып алуға салдық. Одан кейін сіздер ұтып алдыңыздар, уәдені үйіп-төгіп бердіңіздер. Алайда, мектептің бүгінгі кейпі мынау, мынандай мектепті қабылдау өте ұят. Ертең елдің бетіне қалай қараймыз, балаларымыздың алдындағы ар-ұятты қайда қалдырамыз. Осы уақытқа дейін көз жұма қарадық. Қыркүйекке дейін бітіп қалатын шығар деп те үміттендік. Бірақ, мына тірлік өте дұрыс емес. Тапсырма аудан әкімі мен осы құрылысқа жауапты мемлекеттік мекеме қызметкерлері күнде қадағалау жүргізіп, қараша айының 1-не дейін мектеп құрылысы бітетін болсын. Оған дейін бүгінгі мердігер мекемені сотқа беріп, жосықсыз деп тануымыз керек, – деп Нұрлыбек Машбекұлы нақты міндет жүктеді.

Бүгінгі мердігер мекеме “Мұнай құрылыс” ЖШС жыл басында сатып алуда жеңімпаз болып, мамыр айында мектепті бітіруге уәде берген еді. Алайда, құрылысы әлі жыр болуда. Халық қырығына да шыдадық, енді қырық біріне шыдаймыз деп отырғаны рас. Енді жыл соңына дейін жаңа мектеп балалардың көз қуанышына айналады деп үміттенейік. Қалғанын уақыт көрсете жатар. Кенттегі келесі сапар Алтынсарин аумағындағы көпірдің келешегі жөнінде талқылау болды. Жарты жолдан құрылысы бітпей қалған көлік жүретін көпірдің негізгі іргетасының қаланғанына 40 жылға жуық уақыт өтті. Кент ардагерлер кеңесінің төрағасы Серқожа Ыдырысов мән-жайды қысқаша түсіндірді. “Бұл көпірдің іргесі 1985 жылдары тұрғызылып, белгілі себептермен тоқтап қалды. Содан бері қаншама облыс әкіміне хат жолдап жүріп, көпірдің керек екенін дәлелдеп келеміз. Өйткені, бұл көпір қыр мен Сырды тікелей байланыстыратын, әрі уақытты үнемдеп, кенттегі жолдардың шырқын бұзбауға да үлкен септігін тигізеді. Сондықтан биыл көпірдің құрылысы қайта жанданса деген үмітпен келеміз” деді ардагер ағамыз.

– Бұл көпір туралы мен де білемін. Жақында маған ақсақалдар атынан өтініш келіп түсті. Бұл көпірдің қажеттілігі туралы жазылған екен. Енді қандай жобаларыңыз бар? – деді аймақ басшысы. 

– Қазір бітпей тұрған көпірдің сапасын тексертіп жатырмыз, жақын арада жауап келіп қалады. Содан кейін жоба-сметасын жасап, ұсынатын боламыз. Бұл көпір тек жүк көлігі мен жеңіл көліктердің қатынауына ғана емес, ерте көктемде төрт түліктің таудағы жайлауға жол жүруіне де ыңғайлы. Қалай дегенде де осы көпірдің құрылысын ертерек қолға алып, бітіріп алсақ нұр үстіне нұр болар еді, – деді аудан басшысы.

Иә, облыс әкімінің бүгінгі сапарында құрылыс саласына басымдық беріліп, бірнеше нысандарды аралады. Одан кейін Ақжол ауылындағы спорт кешеніне де жол жүріп, жаңа нысанның құрылысымен танысты. Қай құрылыс болмасын ең бірінші қадағалау мен бақылауды қажет етеді. Әйтпесе, сапасыз жұмыстың нәтижесінде халық зардап шегіп қалатыны белгілі. Сондықтан барлық жұмыстарға қатаңдық қазір аса қажет болып тұрғанын өңір басшысы көрсетті.

Тағы да оқыңыз: