Фото: облыс әкімінің баспасөз қызметі
Kyzylorda-news.kz. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Мемлекет басшысының «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес Қармақшы ауданының тұрғындарын жеке қабылдады. Оған облыстық сот төрағасы, барлық құқық қорғау органдарының басшылары да қатысты.
Қабылдау туралы тұрғындарды алдын-ала хабардар еткендіктен, келушілер қатары да, олар көтерген мәселелер де көп болды. Екі сағаттай уақытта облыс әкімі 50-ге жуық қармақшылықтың сұрақтарына жауап беріп, өтінішін тыңдады. Қабылдаудың басты мақсаты да осы – яғни, келушілердің барлық ұсыныс-пікірін назардан тыс қалдырмау. Тұрғындарды негізінен үй алу, жұмысқа орналасу, жеке бизнес бастау және кәсібін кеңейту, аяқ су, қоғамдық көлік жайы толғандырады. Азаматтар осы мәселелердің оң шешім табу жолын сұрады, кейбіреуі маман кеңесін алды.
Облыс әкімі қабылдауға келушілердің сауалдарына қатысты жан-жақты зерттеу жүргізілетінін, заң шеңберінде шешім қабылданатынын айтты. Жауапты басқарма басшылары да әрбір сұрақтың жауап табуын бақылауына алады. Жеке қабылдаудың тағы бір артықшылығы бар, ол – тұрғындарды толғандырған мәселелердің сол жерде шешілуі. Халық пен билік арасындағы диалогтың бұл тәсілінің оңтайлы тұсын жұртшылық жоғары бағалады.
Айта кетейік, ауданға жұмыс сапары барысында Нұрлыбек Машбекұлы бірқатар нысанның ашылу рәсіміне қатысты. Ауыл тұрғындарымен, ақсақалдармен кездесіп, жыл бойы атқарылған жұмыстарды, өңірдің әлеуметтік-экономикалық мәселелерін, алдағы жоспарларды талқылады.
Бұған дейін аймақ басшысының тапсырмасымен облыс әкімінің орынбасарлары, құқық қорғау органдары басшыларының орынбасарлары әр ауданда бір күн бойы жеке қабылдаулар өткізді. Тұрғындар айтқан түйткілдер реттілігіне қарай шешімін тапты.