Kyzylorda-news.kz Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов 2026 жылға арналған жоспарлары туралы мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутаттың айтуынша, алдағы жылы азаматтардың өмірін нақты жеңілдетуге бағытталған бірқатар маңызды заңнамалық бастама қолға алынады.
Қазіргі таңда біз көптеген азаматтардың өмірін шынайы түрде жеңілдетуге бағытталған заңдар топтамасымен жұмыс істеп жатырмыз. Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында бірқатар маңызды бастама іске асырылады. Толығырақ жақын арада жеке жазбаларда бөлісемін. Бірқатар бастама бойынша Үкіметтегі әріптестермен өзара түсіністік бар, – деді ол.
Сонымен қатар Асхат Аймағамбетов білім және ғылым саласындағы мәселелерді қайтадан белсенді түрде талқылауды жоспарлап отырғанын айтты. Оның сөзінше, бұл бағытта бірнеше жылдық үзіліс саналы түрде жасалған.
Бұл саладан кеткен соң 3-4 жыл үзіліс алдым. Ол кезде бірден жүйелі пікір білдіру дұрыс емес деп санадым. Алайда уақыт өтіп жатыр, ал ел алдында тұрған сын-қатерлер өте ауқымды. Осы кезең жеткілікті болды деп ойлаймын. Қазір үнсіз қалу – көмектеспеу деген сөз, – деді депутат.
Ол жасанды интеллект пен цифрландырудың әлеуметтік сала үшін де аса маңызды екенін атап өтті. Депутат бұл бағытта тәуелсіз әрі кәсіби көзқарас қажет екенін жеткізді.
Басты міндет – талдау жасап, нақты шешімдер мен идеялар ұсыну, елге пайдалы бастамаларды қолдау, – деді ол.
Асхат Аймағамбетов алдағы уақытта ақпаратты тек мәтін түрінде ғана емес, видео форматта да жиі ұсынатынын айтып, қоғамды ашық әрі мазмұнды диалогқа шақырды.
Фото: Ғазиз Шакиров
Қазақпарат
