Мультфильм көптеген суреттен және солардың қимыл әрекетінен құралатын үздік туындылардан тұрады. Экрандағы балаларды қызықтырып, көздің жауын алатын таңғажайып бейнелерді жасаушы суретші-мультипликатор делінеді. Болашақ мультфильм кейіпкерлері солар салған суреттермен жанданады. Дегенмен, айтарға жеңіл болғанымен, оны солай жандандырудың өзі оңай емес. Олардың қимыл-қозғалыстарын суретші көптеген суреттен құрастырады. Он минуттық фильм 115 мың суретті қажет етеді. Ол суреттерді тек, ақ қағазға сала салмайды.
Кейін целлулойдқа көшіріліп боялады. Мультстанокте кадр-кадр боп, яғни, бөлек-бөлек көріністер түсіріледі. Бұл өте күрделі де, үлкен жұмыс және бір суретшіге тым қиын. Сондықтанда қазіргі таңда заманауи құрылғылар арқылы анимациялық мультфильмдер түсірілуде. Сол құрылғылар суретшілердің жұмысын бірнеше есе жеңілдетті. Енді, осы жәй жансыз құр сюжеттердің әсері қаншалықты салмақты екеніне мән беріп жүрміз бе? 

Кейіпкерлердің бала санасына ықпалы

Қазіргі кезде заман талабына сай бірнеше анимациялық мультфильм түсірілуде. Олардың мәселен, елу не жиырма жыл бұрынғы жасалған мульфильмдермен салыстырсақ, айырмашылықтары мен ерекшеліктері көптеп кездеседі. Ол кездегі суретшілердің қолдан шығарған айрықша туындылары балалардың ойын жақсы жағынан өрбітіп, жақсы тәрбие алуына өз септігін тигізді. Ал, заманауи мультфильмдердің балалардың оңтайлы өсіп жетілуіне әсері аз. Бұған орай психологияның жілігін шағып, майын ішкендер не айтады? Мамандарға құлақ түрсек, қазіргі мультфильмдер балаларды жауыздыққа, ақылсыздыққа әкеледі.
XXI ғасырдың жаңа мультфильмдері "Бэтмен", "Супермен", "Өрмекші адамды" қарасақ қылмыскерлердің адамдарға жасаған жауыздықтарын көруге болады. 

 – Осы күнгі мультфильмдердің жас өскіннің психологиясына және тәрбиесіне әсері зор. Оларды талғап, сыни тұрғыдан саралап, пайдалы және зиянды жақтарын анықтау ата-ана міндеті. Балалардың тұлғалық қасиеттерінің дамуындағы мультфильмдердің рөлін анықтап, маңыздылығын ашу маңызды. Соңғы уақытта шығарылған отандық тарихи сюжеттегі және ертегі кейіпкерлерінен құралған ой салатын қазақша туындылар жетерлік. Сондықтан, соларды баланың қасында отырып, оларға мультфильм желісін түсіндіргені абзал, – дейді Қазалы ауданы Жанқожа батыр атындағы №70 орта мектептің педагог психологы Айгүл Жұбаназарова.

Маманның кеңесінше, ойлау жүйесі дамыған, сөйлей бастаған үш және одан жоғары жастағы балаларға әке-шешесі қасында отырып, түсіндіруі керек. Не болып жатыр? Кім ол? Қандай әрекетке баруда? Оныкі дұрыс, әлде бұрыс па? Осының барлығы қадағалаумен және уақыт шектеуімен жүзеге асуы тиіс. Өйткені, кейінгі кезде шетелдік түсініксіз кейіпкерлер енгізілген мұндай туындылар жетерлік. Оларды барынша көрсетпеген дұрыс.

–  Мәселен, қазіргі сәбилердің қызығып қарайтын "Маша мен аю" мультфильмінің ерекшелігі сюжетте қимыл-қозғалыс пен түрлі-түсті бояулар көп. Сосын тамашалаған көрерменнің ойында барлығын жасауға бұзықтыққа, бүлдіруге рұқсат деген ой қалыптасуы мүмкін. Мұны көрсеткен күнде де, оның желісін түсіндіру қажет. "Мына жерде Машаның істегені дұрыс болмады. Бұны былай жасау керек еді. Бұл жерде бүлдірмеуге тиіс тұғын. Киімін ластамаған жөн болатын. Жан-жағын шашпай, жинақы ұстағаны абзал" деген сынды әрекетін әрбір ата-ана түсіндіріп отыруға міндетті, – дейді педагог психолог Айгүл Көбейсінқызы.


Жалпы, балаға қанша уақыт мультфильм көруге рұқсат ету қажет? деген сауалымызға: "Күніне жарты не 1 сағаттан артық болмайды. Сонан соң, оны тек, ойыншықтармен ойнауына ықпал еткен дұрыс" деп жауап берді.
Бала дамуын тежеген көкжәшік.  

Бала тәрбиесіндегі ең басты шарт – күнделікті, тұрақты, нақты сабақтастықты үзбеу. Елдің ертеңі болар жас ұрпақтың ұлтының сарқылмас қазынасының кәусарынан қанып ішуі ана тілінсіз жүзеге аспайтыны айдан анық. Кішкентайының былдыры қазақша шығуын қаласа да, қоғамның орысша ақпараттық ағысынан сытылып шыға алмаған ата-ана қаракөзінің алғашқы сөздерін өзге тілде естуге мәжбүр болып келгені аян. Ұлт болашағын тамырынан айыратын бұл сұрқия келеңсіздік үшін әке-шешені "қазақша сөйлете алмадың" деп кінәлай алмаймыз. Мұхтар Шаханов айтқандай, "Компьютербасты" ұрпақтың шақшадай басы шаршы экрандағы бөтен мәдениетпен сусындап жатқанда, ағысқа қарсы тұруға пәрмен болмағасын, дәрмен қайдан болсын оларда?!
"Ел болам десең, бесігіңді түзе" деген. Осы орынды нұсқалған сара жолдан қанша ауытқымауға ықпал жасасақ та, телеарнаны қосып қалсаң, "Спанч-боб", "Шрэк", "Батуган" мен "Хаги Ваги мен Киси Миси" сияқты тәлімі күдікті, өнегесі зиянды өнімдер ғасырлар бойы қалыптасқан сананы сындыруға шақ қалды. Бүгінде көгілдір экранның, әсіресе, бұқаралық ақпарат құралдарының адамзат баласы үшін маңызы зор. Алайда, жас жеткіншектердің психологиясы мен тәрбиесіне кері әсерін тигізуде.
Мультфильм – идеологияның бір түрі. Қазіргі таңда теледидарда ертелі-кеш қазақ баласының дүниетанымына кері әсерін тигізетін, өзге елдің идеологиясын насихаттайтын мультфильмдер көрсетілуде. Мойындау керек, тілі былдырлап, енді ғана, қылық шығарып келе жатқан бүлдіршін күнұзаққа көкжәшікке телміреді. Сансыз мультфильмнен көз алмайды. Десек те, сантүрлі мультфильмнің пайдасынан зияны шаш етектен деп мамандар дабыл қағуда.
Атап айтқанда, қарапайым ғана мультфильмдер баланың дамуын тежеп, бірнәрсеге тәуелді етіп қояды. Ең сорақысы, кейбір мультфильм баланың бойында психологиялық ауытқудың алғашқы белгілерін қалыптастырады-мыс. Сонымен қатар, психологтар бала өздігінен жүріп, сөйлеуді меңгермегенше, оны пассивті көрермен ретінде экран алдына отырғызуға болмайтынын айтады. Өйткені, теледидарға телмірген баланың қимыл-қозғалысы, сөйлеп үйренуі тежеледі. Тағы бір қызық жайт, екі жарым жасар балақайлар көбіне қанық түсті мультфильмдерді емес, ақ-қара түсті туындыларға зер салуы тиіс. Себебі, қанық түстер баланы алаңдатады, әрі сана-сезімі енді ғана, дамып келе жатқан бүлдіршін экрандағы қозғалыстардың жылдамдығына ілесе алмай қалады. Есейіп келе жатқан балаға оқиға желісі жылдам өзгеретін мультфильмдерді де көруге болмайды. Мұның да, өзіндік себебі бар. Әртүрлі атыс-шабыс пен түрлі эмоционалдық өзгерісті бақылаған баланың бойында эпилептикалық құбылыстар орын алуы ғажап емес.


Жеккөрушіліктен тұратын көріністерге қадағалау қажет

Кеңес Одағының тұсында мультфильмдер қатаң қадағалаудан өткен. Әрбір эпизод, әрбір көріністің балаға қалай әсер ететіндігін мамандар егжей-тегжейлі қадағалайтын. Соның арқасы шығар, ол кездегі көрсетілетін мультфильмдер жақсылық жасауға үгіттейтін. Кеңестік мультфильмдердің бейкүнә кейіпкерлері баланың өмірге ашық, әрі таза қаруына жол ашатын. Соңғы жылдары кез келген елдің экранын батыстық туындылар жаулап алды. Жасыратыны жоқ, мол қаражат табу мақсатында әрқилы көріністен тұратын мультипликаторлық өнімдерді жалма-жан нарыққа шығаратын пайдакүнемдердің саны артты. Бұл күнде мультфильмнің бала санасы мен дамуына қалай әсер ететіндігін зерттеп жатқан ешкім жоқ. Бүгінгі мультөнімдер қастандық пен талғамсыздыққа, надандық пен арам пиғылға тұнып тұр. Атыс-шабыс пен жеккөрушіліктен тұратын көріністер сәбиге оң әсер ете қоймайтыны айдан анық.
Қазалылық психологтар батыстық кей мультфильмдер балалардың интеллектуалдық дамуына да, кедергі болатынын айтуда. Тәрбие басы – тал бесіктен екенін ұғынған ата-бабамыз балдай тәтті қылығымен әрбір үйдің қуанышы болған кішкентай бүлдіршіндердің әдепті, білімді, иманды болып өсуі үшін ерекше көңіл бөлген. Зерттеушілердің пікірінше, теледидардың танымдық, тағылымдық әсерінен гөрі, көрерменге бағытталған эмоционалдық соққысы басым. Теледидарды көп көрген бала біраз уақыт өткеннен кейін миғұла-мәңгүртке айналады екен. АҚШ түрмелеріндегі қылмыскерлердің 65 проценті экран кейіпкерлеріне еліктеп, заң бұзғандығын. Ал, 25 процент ұрлық пен бейбастықты үйреткен телеұстаздарына алғысы шексіз екендігін айтқан.
Бұдан шығар түйін – заманауи мультфильмдердің бала психологиясына кері әсерлерін айқындап, одан сақтану жолдарын қарастырған жөн-ақ. Сонда ғана, болашақ ұрпақтың сау да, саламатты өмір сүруіне бар жағдай жасап, балалардың тұлғалық қасиеттерінің дамуына оң әсер еткен болар едік.

 Фото: wp-s.ru

Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА

Тағы да оқыңыз: