Kyzylorda-news.kz. Биыл Қазақстан полициясының құрылғанына 30 жыл. Ішкі істер органдары еліміздің дамуының барлық кезеңдерінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және қылмысқа қарсы күрес, азаматтардың Конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау жөнінде Мемлекет басшысының алға қойған міндеттерін табысты орындап келеді.
Ішкі істер органдарының басымдығы Конституция жария еткен құндылықтарды сақтаумен қатар, азаматтардың жоғары сенім деңгейін қамтамасыз ету, қоғаммен сындарлы өзара іс-қимыл жасау болып табылады.
Қызылорда облысы полиция департаментінде 100-ден астам полицияның құрдастары қызмет атқарады. Қазақстан полициясының құрылған жылы дүниеге келген 30 жастағы офицерлер департаменттің түрлі бөліністерінде еңбек етіп жүр. Олардың арасында тергеушілер, учаскелік полиция инспекторлары, патрульдік полицейлер мен жедел уәкілдер бар.
Осы орайда, Қызылорда облысы полиция департаментімен Қазақстан полициясының 30 жылдығын мерекелеу аясында “Мен – полицияның құрдасымын” деп аталатын өжет те өткір тергеуші қыз туралы бейнеролик дайындалды.
Асқан қырағылықпен ерекше жауапкершілікті талап ететін тергеу саласы – полиция саласының жүрегі іспеттес. Жаны – нәзік, табиғаты бөлек полиция капитаны Айгүл Әділова осы салада алты жылдан астам қызмет атқарып келеді. Қылыштың қырындай қызмет әрдайым қырағылықты, сауаттылықты талап етеді.
Айгүл Әділованың еңбек жолы 5 мамыр 2016 жылы Сырдария аудандық полиция бөлімінің тергеуші лауазымынан басталған. Кейіннен Қызылорда қалалық Полиция басқармасында тергеу тобының аға тергеушісі болып 2 жыл жұмыс жасаса, 28 маусым 2021 жылдан бастап Қызылорда облысы полиция департаментінің тергеушісі қызметін атқаруда.
