Kyzylorda-news.kz. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Айдын Қайруллаев қаладағы оқу орындары мен медициналық ұйымдарда орналасқан өзіне-өзі қызмет көрсету секторларын аралап, қызмет көрсету жұмыстарымен танысты.

Мемлекеттік қызметтерді электронды түрде алу ретін барынша ыңғайлы қылу үшін қаламыздағы ХҚО ғимаратынан тыс жерде өз бетінше қызмет алуға болатын 60-тан астам egov бұрыштары жұмыс істеуде. Алдағы уақытта қосымша тағы 20-дан астам бұрыштар ашу жоспарлануда. Онда компьютері немесе интернетке қосылу мүмкіндігі жоқ азаматтар egov порталында қолжетімді қызметтерді өздігінен ала алады.

«Енді қызылордалықтар электронды қызметтерді өз бетінше үйде, кеңседе немесе өзіне-өзі қызмет көрсету секторларында ала алады. Бұл жасалынып жатқан шаралар Халыққа қызмет көрсету орталықтарының ғимараттарында азаматтардың жиналуын болдырмау және вирустың таралу қаупін азайтуға мүмкіндік береді. Бүгін қаламыздағы бірқатар egov бұрыштарын аралап шықтым. Барлық талапқа сай. Осы секторлар арқылы енді тұрғындар қызметтерді онлайн түрде алуына болады», – деді Айдын Қайруллаев.

Сонымен қатар, филиал директоры аудан орталықтары мен ХҚО ғимараттарындағы өзіне-өзі қызмет көрсету секторларының бұрынғыдай жұмыс істейтінін айтып өтті. Ауылдық округтерде электрондық қызметтерді жергілікті әкімдіктер ғимаратында орналасқан egov бұрыштарында өз бетінше алуға болады.

Қазіргі таңда өзіне-өзі қызмет көрсету секторлары арқылы жалпы 4 мыңнан астам қызмет көрсетіліп, мыңға жуық тұрғын электронды цифрлы қолтаңба (ЭЦҚ) алып, мобильді азаматтар базасына тіркелен.

Айта кетейік, 1 маусымнан бастап қаламызға қарасты барлық мектептердегі egov бұрыштары өз жұмысын бастады. Бүгінгі таңда оқу орындары арқылы тұрғындар онлайн түрде баланы бірінші сыныпқа тіркеп, қажетті анықтамаларды өз беттерінше алуда.

Тағы да оқыңыз: