Kyzylorda-news.kz Жақында Айдарлы ауылының құрылғанына 50 жыл толуына орай ширек ғасырға жуық тарихы бар «Сұлу-ай» әжелер ансамблінің «Ғибраттылықтың жарқын үлгісі – ақ жаулықты әжелер» атты есеп беру шығармашылық кеші өткізілген болатын.
Шығармашылық кешті Сырдария аудандық мадениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысының міндетін атқарушы Жеңіс Төралиев ашып беріп, аудан әкімінің «Алғыс хатымен» әжелер ансамблінің өнерпаздарын марапаттады. Сонымен қатар мәдениет саласының ардагері Жұмағазы Қайыпұлы арнайы жүрек жарды өлең шумағын ұсынды. Сондай-ақ 1988 жылдан бері әжелер ансамблінің құрамында өнер көрсеткен аналарымызбен олардың ұрпақтары құрмет көрсетті.
«Республикадағы ауылдардың астанасы» атанып кеткен Нағи Ілиясов елді мекенінен «Ақ әжелер» ансамблі, келбеті келікен көрікті жерлерімен айшылықтала түскен Бесарық ауылынан «Жан шуақты» халықтық әжелер ансамблі арнайы қонақ ретінде шақырылды. «Сұлу -ай» әжелер ансамблінің жарты ғасырлық өнер жолында олармен біте қайнасып, қолдау білдіріп отырған ауыл әкімі Нұрбол Жұмабеков, және ауыл ардагерлері қатысты.
Айдарлы ауылын басқарған әкімдеріміз Марияш Досмахқызы, Қожахмет Нұрмаханұлы, Базарбек Ермаханұлы және Нұрбол Баянәліұлы әжелерді шығармашылық кешімен құттықтады. Айдарлы ауылының өткен тарихына қысқаша шолу жасап, жақсы әсерлерімен бөлісті. Бүгін ауыл өмірімен біте қайнасқан әжелер ансамблдің барлық өнерпаздары нағыз ғибраттылықтың жарқын үлгісін көрсетті. Сонымен қатар әжелер ансамблі халық әндерін шырқады. Тағылымға толы кеш ауылымыздың гимніне айналған «Айдарлым» әнімен қортындындыланды.
