Kyzylorda-news.kz. 17-23 маусым аралығында Қарағанды қаласы, «Спасск» полигонында «Айбын» халықаралық әскери-патриоттық IX жастар жиыны өтеді. 

Жиынға Сыр өңірінен үздік деп танылған 15 жас сарбаз  қатысады. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қызылорда облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының тәрбие және идеологиялық жұмыстар бойынша орынбасары, подполковник Алмат Жақыпов хабарлады. 

«ҚР Қорғаныс министрлігінің ұйымдастыруымен жыл сайын жас сарбаздардың қатысуымен «Айбын» әскери-спорттық сайыс өткізіледі. Жарысты өткізудегі басты мақсат – жастар арасындағы патриоттық рухты көтеріп, күрделі әскери тактикаларды тереңінен меңгерту болып табылады. Биыл әскери-патриоттар жиыны халықаралық деңгейде өткізілмекші. Осыған орай, Сыр өрендері сайысқа тыңғылықты дайындалып, өздерінің тәжірибелерін жинақтады. Осы еңбектерінің арқасында биыл сырбойылық өрендеріміз топ жарып, жеңіске жетеді деген үмітіміз бар. Жас сарбаздарымызға сәттілік тілейміз!», - деді Алмат Алмасұлы. 

Халықаралық жиынға Әзірбайжан мен Өзбекстан мемлекетінен сарбаздар қатысады.

«Биыл IX «Айбын» әскери-патриоттық жиынына Әзірбайжан мен Өзбекстан мемлекеттерінен келген сарбаздар қатысады. Жалпы жиында 42 команда өзара бақ сынасады. Сайыс барысында «Айбын жұлдызы»  «Смарт Сарбаз» және әскери қолданбалы спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастырылмақшы. Осыған орай, қызылордалық қатысушыларға сәттілік тілей отырып, үздіктер қатарынан көрінеміз деген ниетіміз бар», - деді «Жас Сарбаз» жасөсіпірмдер әскери-патриоттық қозғалысы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Әкімжан Төлебай. 

Сонымен қатар IX «Айбын» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынында аймағымыздың намысын қорғайтын «Сыр айбыны» жастар командасын салтанатты шығарып салу рәсімі өтті.

Салтанатты шарада Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасының басшысы А.Есмаханов сөз сөйлеп, халықаралық жиынға қатысушыларға сәттілік тіледі.

Сондай-ақ, Қызылорда облысының қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының тәрбие және идеологиялық жұмыстары жөніндегі орынбасары А. Жакипов,облыстық білім басқармасының «Аймақтық дене тәрбиесі методикалық орталығы» директорының міндетін атқарушы А.Молдабайұлы жас сарбазға шынайы лебізін білдірді.

Шара соңында «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері ардагерлері қоғамдық бірлестігі Қызылорда облыстық филиалының» төрағасы М. Ршауовбарлық қатысушыларға ақ батасын берді.

2023 жылғы 17-23 маусым аралығында Қарағанды облысы, Спасск қаласында өтетін халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынына аудандық, қалалық және облыстық іріктеу турларында үздік нәтиже көрсеткен15 жастан (10 ер бала, 5 қыз бала) құралған команда қатысады.

Айта кету керек, облыста жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру бағытында кешенді шаралар қабылданып келеді. Аймақ басшысының қолдауымен жыл сайын бюджеттен арнайы қаржы қарастыра отырып, «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиынын өткізуге мүмкіндік жасалуда.

WhatsApp Image 2023-06-15 at 16.17.52.jpeg

Сондай-ақ, бұл бағытта бірлескен облыстық жоспар бекітіліп, өскелең ұрпақтың бойында Отансүйгіштік пен патриоттық қасиеттерді қалыптастыру мақсатында түрлі форматтағы шаралар өткізіліп келеді.

Тағы да оқыңыз: