Қармақшы ауданында өткен облыстық «Айбын – 2026» арнайы-тактикалық оқу-жаттығуы аяқталуда. Осыған орай №284 мамандандырылған мектеп-интернатында оқу-жаттығуға қатысушыларды марапаттау рәсімі ұйымдастырылды.
Салтанатты іс-шараға аудан әкімі Жандос Еркінбек, аудандық мәслихат төрағасы Әділ Қошалақов, әскери бөлім басшылары мен қызметкерлері қатысты. Шара барысында алдымен әскери техникалар мен қару-жарақ көрмесі көрсетіліп, оқу барысында пайдаланылған арнайы құрал-жабдықтар тамашаланды.
Жиында сөз сөйлеген Жандос Еркінбек барлық қатысушыларға өз алғысын білдірді:
-Он күнге созылған оқу-жаттығу ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында ерекше маңызға ие, сондай-ақ мұнда қатысушылар жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, жүктелген міндеттерді абыроймен орындады. Бұл – сіздердің Отан алдындағы адал қызметтеріңіздің көрінісі. Ауданымызда Мемлекет басшысы мен Үкіметтің және аймақ басшысының қолдауымен қорғаныс саласын дамытуға, әскери бөлімдердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға тұрақты қолдау көрсетілуде. Алдағы уақытта да бұл жұмыстар жалғасатын болады. Еліміздің тыныштығы мен ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолындағы еңбектеріңіз үшін баршаңызға шынайы алғысымды білдіремін, – деді.
Кездесуде өзінің кәсіби шеберлігімен ерекшеленіп, белсенділік танытқан азаматтар аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды.
Сондай-ақ аудан өнерпаздары патриоттық әндер орындап, шара соңында аға буын өкілдері батасын берді.
Айта кетсек жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін облыстық маңызы бар бұл шараға ауданымызда 100-ден астам қызметкер жұмылдырылды.
Фото: Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі
