Kyzylorda-news.kz. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева «Astana Media Week 2020» ашылуында сөз сөйледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазіргі уақытта бір адамның өзі ғана ақпарат көзіне айналатын уақыт келді. Өкінішке қарай кейде осындай адам шынайы ақпарат бермей, бүкіл елді адастыруы мүмкін. Сол үшін кәсіби журналистиканың дамуына мүдделіміз. Осынау міндет жаңа тегеуріндерге қарай күрделеніп бара жатқанын да атап өту керек. Мен ең алдымен журналистер шынайы әрі шұғыл ақпараттың қаншалықты маңызды екенін түсінсе деймін. Жалпы пандемия ақпарат саласына өз әсерін тигізді. Яғни, жарнама берушілер азайып, шығарылымдардың данасы түсіп кетті. Осындай жағдайда көптеген бұқаралық ақпарат құралдары жабылуға мәжбүр болды», – деген Аида Балаева.
Министрдің айтуынша қазіргі БАҚ-тар арасында оқырман мен көрермен ықыласын аудару бәсекесі жүріп жатыр.
«Сондықтан әрбір арна сапалы әрі қызықты контент жасауды ойлайды. Әлеуметтік желілер арқылы жұмысын көрсетуге тырысады. Бұл ретте біздің БАҚ жоғары біліктілігі мен бәсекеге қабілеттілігін көрсетіп келеді. Олар өздерінің аудиториясы әр уақытта қызықты болуын тілеймін», – дейді Аида Балаева.
Еске сала кетсек елордада Astana Media Week 2020 өтіп жатыр. Іс-шараның негізгі мақсаты – отандық медиасаланы дамыту мен индустриядағы іскерлік қарым-қатынасты аймақтық және халықаралық деңгейде ілгерілету. Медиаапталық төртінші жыл қатарынан әлемнің түпкір-түпкірінен жетекші сарапшыларды дәстүрлі түрде жинап келеді және өзекті тақырыптар талқыланады.