Kyzylorda-news.kz. Бүгін облыстық мәслихаттағы «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі, Аида Әбибуллаева жеке қабылдау өткізіп, тұрғындар тілегін тыңдады.

Депутаттың қабылдауына келген тұрғындардың мәселелері әлеуметтік көмек пен тұрғын үй жайында болды.

Қоғамдық қабылдауда болған қала тұрғыны Айгерім Арынова тұрмыс жағдайының төмендігін, баласының денсаулығы да дұрыс емес екенін, қажетті дәрі-дәрмекті сатып ала-алмай отырғанын алға тартып, әлеуметтік көмек көрсетуді сұрады. Тұрғынның өтініші бойынша науқас баласын мүгедектікке шығару жайында тиісті орындармен байланысып, түсіндірме жұмысын жүргізді. Сондай-ақ, жеке қабылдауда болған Ақжарма ауылының тұрғыны Назерке Жаңабаева кәмелетке толмаған 3 баласы барын айтып, атаулы әлеуметтік көмек ала алмай жүргенін баяндап, аталған көмекті алуына ықпал жасауын сұрады.

Баяндалған мәселе бойынша 18 жасқа толмаған балаларға берілетін жәрдемақы бойынша қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімімен байланыс жасалып, ортақ табысты есептеу отбасы арқылы, табысы белгіленген нормадан артық болуына байланысты аталған көмек тиесілі емес екендігі түсіндірді.

Қабылдауға келген Аружан Ержан есімді азаматша арендалық тұрғын үй кезегінде жетімдер санаты бойынша кезекте тұрғанын айтып, баспанамен қамтамасыз етуге ықпал жасауды сұрады. Тұрғынның шағымы бойынша қалалық тұрғын үй инспекциясының сектор меңгерушісімен байланыс жасалып, пәтер беру мәселесі кезектілікпен шешілетіні жайлы түсіндірме жүргізді. Сондай-ақ, өтініш иесін фельдшер мамандығы бойынша жұмыспен орналастыру мәселесін жан-жақты зерттейтінін түсіндірді.

Шиелі ауданы, Байгеқұм ауылынан келген Рсалды Қайыпбергенова мектепте от жағушы болып жұмыс жасайтын, 5 баласы бар ұлының жалақы алатын банктік карточкасын сот орындаушылар бұғаттап тастағаныдғын айтып, осы мәселенің шешілуіне ықпал етуді сұрады.
Аталған мәселе бойынша өтініш иесіне сот орындаушының әрекетіне шағымдану үшін облыстық әділет департаменті, облыстық прокуратура органдарына арыздану керектігі жөнінде түсіндірді.

Жұмысқа орналасуға көмек сұраған қала тұрғыны Рахымбек Қосмұратовқа ҚР заңнамалары аясында тиісті түсініктеме жүргізді.

Тағы да оқыңыз: