Kyzylorda-news.kz Бір замандарда қаз дауысты Қазыбек би бабамыз: «Біз қазақ деген мал баққан елміз, бірақ ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп найзаға үкі таққан елміз; ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөзді асырмаған елміз. Досымызды сақтай білген елміз, дәмі-тұзын ақтай білген елміз...» деп қазақ қанша жерден момын болса да елі мен жерін қорғай алатын айбынды жұрт екенін айтып кеткен.
Президент пәрмені
Егемен еліміздің айбыны, шекарамызды қорғаушы, мемлекетіміздің тірегі әскеріміз екені әмбеге аян. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында құрылған Қазақстан Қарулы Күштері бүгінде мемлекетіміздің шын мәніндегі қорғанына айналды.
Ал мемлекетті қорғап тұрған әскердің ахуалы қалай? Мән-жайға бойлап көрейік. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауына еліміздегі әскери әлеуетті дамытуға мән беру керегін қаперге салған еді.
– Біздің армиямыз жоғары технологиялы қару-жарақпен және әскери техникамен, соның ішінде бронды техникамен, ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттарымен, қазіргі заманғы атыс қаруларымен жабдықталуға тиіс. Техниканы шұғыл жөндейтін өндіріс орындарының қуатын арттырып, отандық кәсіпорындарға барынша қолдау көрсеткен жөн, – деді Қазақстан Президенті.
Республика президенті пәрмен бергеннен кейін Үкімет те тиісті тапсырманы орындауға кірісті.Аbai.kz порталында 2024 жылдың 29 тамызында «Әлемдік рейтинг жарияланды: Қалың қалай, қазақ әскері?» тақырыбында жарияланған мақаладағы деректерге көз жүгіртсек…
Онда қарулы күштерді қару-жарақ пен әскери техниканың, оның ішінде отандық өндірістің заманауи үлгілерімен қайта жарақтандырудың кезең-кезеңдік процесі жүріп жатқаны айтылған.Қарулы күштер 500-ден астам жаңа техника алды, 50 техника күрделі жөндеуден өтті деген дерек келтірілген. Сонымен қатар беренді және автомобиль техникасын, әскери әуе шабуылына қарсы қорғаныс, танкке қарсы жүйелерді, артиллерия мен атыс қаруын жөндеу цехтары іске қосылғаны, сонымен қатар әскерлерде өз күштерімен 1500-ден астам әскери техникаға ағымдағы және орташа жөндеу жүргізілгені негізге алынған.
Бұл деректің өткен жылдың тамыз айына тиесілі екенін ескерсек, одан кейін де атқарылған біраз дүние бар екені сөзсіз. Өйткені Отан қорғаушылар күніне арналған Ақордада өткен биылғы салтанатта Мемлекет басшысы әскерді дамыту үшін барлық жағдай жасалып жатқанын тілге тиек етті.
– Әскеріміз ең озық қарумен және техникамен жарақтандырылып жатыр. Қорғаныс өнеркәсібі кешені дамып келеді. Жаңа гарнизондар, әскери қалашықтар мен заставалар салынуда. Сарбаздардың әзірлігі мен жауынгерлік машығы әрдайым шыңдалады. Әскеріміздің арнаулы халықаралық жарыстардан жүлдемен оралуы – олардың дайындығы жоғары екеніне дәлел, – деді Қ.Тоқаев.
Қайсар рухты бабалар
Тарихқа үңілсек, қазақтан шыққан батырлар аз емес. Қазақ-жоңғар соғысында батырлығымен дараланған Бөгенбаймен Қабанбайды, сұлтан біткен аяқ тартқан Исатай мен Махамбетті, немістің қоршауын сан мәрте бұзып шыққан Бауыржанды, қайсарлығымен ерекшеленген Қасымды, Рейгстахқа ту тіккен Рақымжанды, жауды әуеден тойтарған Талғатты, «Еркек тоқты құрбандық» деп тәуелсіздік жолында жанын қиған Қайратты бар қазақ қадір тұтады. Өйткені олар қазақтың қайсар рухты ұлдары деген атқа әбден лайық. Ел шебін ерлермен бірдей қорғаған қыздар да жеткілікті. Сонау Тұмар патшайымнан бастап Әлия мен Мәншүкке дейінгі аралықта қайсарлығымен елдің даңқын асырған арулар қашанда ұрпақ жадында сақталатын болады.
Бұл батырлардың аттарын тектен-текке айтып отырғанымыз жоқ. Ат жалын тартып мінген азамат үшін Отан қорғаудан қасиетті міндет жоқ. Қастерлі тудың түбінде тұрып, ант беріп, аманат арқалаған азаматтарымыз ел сенімін ақтап, тәуелсіз ел шекарасын кірпік қақпай күзетіп келеді.
Халық даналығында «Отаны бірдің тілегі бір, тілегі бірдің жүрегі бір» деген қанатты сөз бар. Елімізді мекен етіп, осы дархан даладан бақыт тапқан барша ұлттың жалғыз-ақ тілегі бар. Ол – Отанымыздың амандығы, тәу етер тәуелсіздігіміздің тұғырлылығы мен еліміздің тұтастығы. Шынында да, адамзат баласы үшін ата-анасымен, отбасымен тең тұратын ең қымбат құндылық – Отан. Елін сүйетін әрбір азамат үшін бұл сөз ең қастерлі ұғымның бірі болуы тиіс. Елімізді бір шаңырақтың астына біріктіріп, Қазақ елі деп аталатын қастерлі атауға ұйытып отырған ұлы ұғым да – осы Отан. Ал оны қорғау, оған қызмет ету – әрбір Қазақстан азаматының ардақты борышы, перзенттік парызы.
Бүгінгі ахуал
Бүгінде Қазақстан әскерінің қуаты жыл санап артып келеді. Қарулы Күштер қажетті техникамен жабдықталып, сарбаздарды дайындауда озық әдістер мен тәсілдер енгізілуде. Мемлекет Отан қорғаушыларды барынша қолдап, қамқорлық көрсетуін тоқтатқан емес. Әскердің тәртібі қатаң екені рас. Бірақ бұл ауыр болса да аса абыройлы Отан қорғау міндетінің жүгі. Сондықтан дені сау, Отанын қорғауға қабілетті әр азамат әскер қатарында болуы тиіс. Өйткені еліміздің Қарулы Күштері – егемендігіміздің берік қалқаны. Бір сөзбен айтқанда, әскер – мемлекет тәуелсіздігінің, Қазақстандағы әрбір шаңырақтың тыныштығы мен алаңсыз өмірінің кепілі.
Аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайтына әлем елдерінің әскери әлеуетін бағамдайтын Global Firepower рейтингіне байланысты мақала жарияланыпты. Онда 2024 жылы 145 елдің ішінде қай мемлекеттердің армиясы нығайғаны көрсетілген. Қазақстан бұл көрсеткіште 5 сатыға көтерілген.
«Global Firepower рейтинг реттілігін белгілеуде елдің әскер саны, әскери техникасы, экономикалық тұрақтылығы, ресурстарға қолжетімділігі мен стратегиялық географиялық орналасуы сияқты 60-тан аса көрсеткішке көңіл бөлген. Биылғы Global Firepower көшін АҚШ армиясы бастаған. АҚШ әскерінің құрамасында 92 эскадралық минатасушы, 11 авиатасымалдағыш бар. Ал жалпы бюджеті 886 миллиард долларды құраған.Екінші орынға Ресей Федерациясы тұрақтаса, әскер қуаты тұрғысынан үштікті Қытай Халық Республикасы түйіндеген. Төртінші орынға арнайы бағдарлама аясында әскери техникаларын жаңғыртқан Үндістан жайғасқан. Үздік бестікке дамыған әскери-теңіз флоты мен заманауи авиациясы қауқарлы Оңтүстік Корея іліккен.Қазақстан жалпы көрсеткіш бойынша 58-ші орынға табан тіреген. Бұл былтырғы рейтингтен 5 сатыға жоғары. Рейтингте жоғары көтерілуімізге қарулы күштеріміз қатарында дүркіндетіп ататын реактивті жүйелер мен өздігінен жүретін артиллерияны көбейтіп, әскери техникамызды белсенді түрде жаңғыртып жатқанымыз себеп болған. Осындай жетістіктерімен мемлекетіміз Орталық Азияда армиясы ең мықты ел ретінде танылды. Орталық Азияда бізден кейінгі екінші орында Өзбекстанның қарулы күштері тұр, жалпы сатыдан оңтүстіктегі көршіміз 65 орыннан көрінген.Түрікменстан халықаралық әскери альянстардан оқшауланған мемлекет болғандықтан аталған рейтингте 145 елдің ішінен 86 орын иеленген. Орталық Азияның экономикалық даму тұрғысынан соңғы 4 және 5 орындарда тұрған Қырғызстан мен Тәжікстан GFP рейтингінде сәйкесінше 94 және 107 орында тұр», – деп жазылған сайтта. Бұл мәлімет Аbai.kz-те де жарияланғанын айта кетейік.
Қазақ жауынгерлерінің халықаралық аренада да зор абыройға ие екенін айта кеткен жөн. Біздің әскер әлемдегі тұрақтылық пен келісімді сақтауға үлес қосып келеді. Сөзімізді айғақтау үшін Мемлекет басшысының 7 мамыр күні жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парадта сөйлеген сөзінен дәйек келтірейік.
– Қазақ халқы – бейбіт халық. «Жаным – арымның садағасы» деген өр намысты, айбарлы ел. Жұртымыздың ерлік дәстүрі ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа мирас болып келеді. Алтын Орда, Қазақ хандығы кезіндегі баһадүр бабаларымыз кең байтақ жерімізді қорғап, кейінгі буынға аманат етті. Олардың бүгінгі ізбасарлары қазақтың мемлекеттілігін қас қақпай күзетіп тұр. Айбынды армия – тәуелсіздігіміздің қорғаны. Сарбаздарымыз елдің бейбіт өмірін, тұтастығы мен тыныштығын қорғауда. Қарулы Күштеріміз әлемдегі тұрақтылық пен келісімді сақтауға үлес қосып келеді. Жауынгерлеріміз Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгерлік миссиясына ойдағыдай қатысуда. Бұл – бүкіл әлемдегі Қазақстан армиясына деген зор сенім. Еліміздің қорғаныс қабілетін арттыру – аса маңызды міндет. Біз Қарулы Күштерімізді жаңғырта бастадық, армиямызды күшейту үшін нақты жұмыс жүргізіп жатырмыз. Осы өте маңызды мәселе бойынша Парламент заң қабылдады. Мемлекет әскери қызметшілерге, арнаулы мекемелер мен азаматтық қорғаныс саласының қызметкерлеріне әрдайым қолдау көрсетеді, – Қазақстан президенті.
Түйін:
Туған елі мен жерін қорғау – әрбір азаматтың парызы. Қазақ баласын осылай тәрбиелеп өсіргендігінің арқасында осынау ұлан-ғайыр атырапқа ие болдық. Бабаларамыз білектің күшімен, найзаның ұшымен әлемдегі жер көлемі жағынан тоғызыншы орынды иеленетін территорияны бізге аманат етті. Енді біз Алтай мен Атыраудың арасын жайлап жатқан байтақ жерімізді қорғап, тәуелсіздігімізді көзіміздің қарашығындай сақтап, Қазақстанымызды Мәңгілік Ел ету жолында аянбай еңбектенуіміз қажет. Өскелең ұрпаққа беретін тәрбиемізді де осы бағытқа негіздеп, туған жердің қасиеті мен киесін ұғындырғанымыз абзал.
Әзиз ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ
Фото: gov.kz.