Kyzylorda-news.kz. Әбділда Тәжібаев атындағы Қызылорда облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының қоры Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына орай жарық көрген он екі томдық шығармалар жинағымен толықты.

«Құрметті оқырмандар! Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының қоры әдебиеттанушы ғалым, ағартушы ұстаз Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына орай жарық көрген он екі томдық шығармалар жинағымен толықты. Ахмет Байтұрсынұлының 12 томдық шығармалар жинағына бұрын-соңды жарық көрмеген қазақ, орыс тілдеріндегі шығармалары енген. Бұл еңбектің бір ерекшелігі - кітапта төте жазумен қатар оның кирилл әрпіндегі нұсқасы қатар берілген. Бір ғасыр бұрын қалай жазылса, дәл солай берілген», - делінген ақпаратта.

Жинақтың бірінші кітабына «Қырық мысал» жинағының әр жылдардағы басылымының алғашқы 1909 жылғы нұсқасының мәтіні бүгінгі жазуға қаз-қалпында қопарылып берілген. 1913, 1922 жылғы нұсқаларының мәтіні 1989 жылдан кейін жиі жарияланғандықтан, салыстыру мақсатында мұқабалары мен мазмұны ғана енгізілген. Жинақтың екінші бөліміне ағартушының 1895-1912 жылдардағы қазақ, орыс тілінде жарық көрген мақалалары топтастырылып, факсимилелеріның бірінші беттері берілген.

Екінші томына «Маса» жинағының 1922 жылғы нұсқаның мәтіні бүгінгі жазуға сол қалпында қопарылып берілген. 1911,1914 жылғы нұсқалары табылмады. Жинақтың екінші бөліміне ағартушының орыс, қазақ тілінде жарық көрген мақалалары хронологиялық тәртіппен топтастырылған. 1912-1913 жылдар аралығындағы мақалаларының кейбірінің факсимилелері берілген.

Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ балаларының ана тілінде сауат алуына арналған алғашқы әліппелер мен қазақ тілі грамматикасын танытатын тұңғыш оқулықтарының авторы, қазақ баспасөзінің негізін қалаушы. 

Жинақтың үшінші томына «Оқу құралы: қазақша әліппесі» (1912), «Әліп-би» (1926) атты оқулықтары және осы оқулықтардың кейінгі басылымдарының факсимилесі берілген.

Төртінші томына «Тіл – құрал» жинағының бірінші, екінші, үшінші жылдық кітаптары топтастырылып, факсимилелері берілген. Жинақтың екінші бөліміне ағартушының орыс, қазақ тілінде жарық көрген мақалалары хронологиялық тәртіппен топтастырылды. 1913-1914 жылдар аралығындағы мақалаларының кейбірінің телнұсқалары берілген.

Жинақтыңбесінші томына «Оқу құралы: қазақша алфбаға байаншы» (1921), «Сауат ашқыш» (1926) және осы оқулықтардың кейінгі басылымдарының факсимилесі қосымшада берілді. «Шура» журналы, «Қазақ» газетінің 1914-1915 жылдарғы оқу-ағарту мәселелері көтерген түрлі тақырыптағы мақалалары топтастырылған.

Жинақтың алтыншы кітабына «Шаруалық өзгеріс» қолжазбасы, «МОПР һәм Күншығыс елдерінің еңбекшілері», «Соғыс қаупі және мен жұмыскер табының міндеті» атты аудармалары алғашқы рет ұсынылған. Және 1916 жылдары түрлі тақырыпты қамтыған мақалалары енді. 

Жетінші томына қазақтың «Ер Сайын» атты еңбегінің 1923 жылғы нұсқасының мәтіні бүгінгі жазуға қаз-қалпында қопарылып, факсимилесі оң қапталына берілді. Сонымен бірге, 1924 жылғы «Қазақ білімпаздарының тұңғыш сиезі» және алуан тақырыпты көтерген мақалалары топтастырылған.

Кітаптың сегізінші томына қазақтың 400 жылдық тарихы қамтылған «23 жоқтау» атты еңбегінің 1926 жылғы нұсқасының мәтіні бүгінгі жазуға қаз-қалпында қопарылып, факсимилесі оң қапталына берілді. Және 1915-1918 жылдардағы алуан тақырыпты көтерген мақалалары топтастырылған.

Тоғызыншы томына ұлттық әдебиеттанудың тұғыры, қазақ әдебиетінің алтын ғасыры болып табылатын «Әдебиет танытқыш» атты зерттеуінің 1926 жылғы нұсқасының мәтіні бүгінгі жазуға қаз-қалпында қопарылып, факсимилесі оң қапталына берілді.

Жинақтың оныншы томына шәкірті Телжан Шонанұлымен бірге 1927 жылы жариялаған «Оқу құралы» атты кітабының мәтіні берілген. Хрестоматиялық еңбек бастауыш мектеп оқушыларына қазақ тарихы, әдебиеті мен қазақ тілі, жағырапия, шаруа-кәсіп, жаратылыстару және т.б. ғылым салалары бойынша мағлұматтар береді.

Он бірінші томына шәкірті Т.Шонанұлымен бірге 1927 жылы жариялаған «Оқу құралы» атты кітабының екінші жартысының мәтіні берілген. Кітапқа 119 тақырып (оның 14-і өлең) топтастырылды.

Жинақтың он екінші кітабына «Тіл – жұмсар» атты әдістемелік құралының 1,2-кітаптарының мәтіні бүгінгі жазуға қаз-қалпында қопарылып, факсимилесі оң қапталына берілді. Сонымен бірге, «Әліпбе айтысы» атты (1927) жинаққа енген «Араб әліп-биін жақтаған байандамасы» және 1923-1929 жылдардағы алуан тақырыпты көтерген қазақ, орыс тіліндегі мақалалары, мұрағаттық деректер топтастырылған.

Тағы да оқыңыз: