Kyzylorda-news.kz. Бала кезінен ілім іздеп, мықты маман атану жолында елімізден тыс жерде оқып, туған елге қызмет етуді алдына мақсат еткен жастардың бірегейі – Ғалымжан Қойшиев. Білімді агроном мамандығын меңгерген жас маман. Ғалымжан өз қалауымен Ресейде білім алды. Оқырмандар назарына жас маманның білім алған оқу орны мен мамандығы туралы, мамандық таңдау алдында тұрған талапкерлерге бағыт-бағдар беру мақсатында өрбіген сұхбатты ұсынамыз.
– Ғалымжан, алғашқы сұрақ – туған жер, білім алған алтын ұя мектебіңіз, маман болып қалыптасуыңызға ықпал еткен оқу орны туралы айтсаңыз?
– Менің балалық шағым – туған ауылым Нағи Ілиясов ауылында өкені баршаған аян. Өздеріңізге белгілі, біздің ауыл республикаға өзінің қалаға бергісіз көркімен, еңбек адамдарымен белгілі елді мекен. Кеңес Одағының Батыры атындағы ауылымды қай жерде жүрсем де сағынамын. Оның ыстық топырағы мен үшін қымбат. Елді мекендегі №132 Т.Айтбаев атындағы орта мектептің ұстаздарынан тәлім-тәрбие алып, жаңа өмірге қатарыммен бірге қанаттандым. 9-сыныпты бітірген соң Қызылорда қаласындағы «Болашақ» колледжінің «Жол қозғалысын ұйымдастыру» мамандығы бойынша білім алдым. Колледжді бітірген соң, 2016 жылы Ресейдің Брянск қаласындағы аграрлы университетке оқуға түсу бақыты бұйырды. Университет қабырғасында 4 жыл оқып, агроном мамандығын алған едім. Ауылымыздың негізгі кәсібі ауыл шаруашылығы саласы болғандықтан мамандығым арқылы елге қызмет ету – негізгі мақсатыма айналды.Негізінен, туған жерге қызмет ету ер азаматтың борышы деп білемін. Мамандығым арқылы ауыл-аймақтың дамуына үлесімді қоссам деген мақсатым айқын.
Брянск қаласы – Ресей Федерациясына қарасты облыс орталығы екенін білеміз. Көп қазақтың баласына бұйыра бермейтін мұндай оқу орында білім алу қаншалықты қиын әрі қызықты болды?
– Университетте көптеген елдерден келіп, түрлі ұлт өкілдері білім алады. Оқу орнында студенттерге білім беру сапасы өте жоғары дәрежеде жүргізіледі. Материалдық-техникалық базасы да мықтап жасақталған. Әрбір маманды тәжірибеден өткізу үшін де жағдай жасалған. Зертханалық жұмыстарды да жүргізуге толық мүмкіндік бар. Оқуда аса бір қиыншылық болды деп айта алмаймын. Негізінен, оқытушылар тарапынан өзге елдің студенттеріне соншалықты көп тапсырма берілмейді. Бұл өз кезегінде өз бетінше ізденуге уақыттың мол екенін білдіреді деген сөз. Мысалы, тіл үйрену курстарына қатысуға болады, ол үшін ақы төлемейсіз. Менің ойымша алдына мақсат қойып, сабағын жақсы оқыған студентке ештеңе кедергі бола алмайды, мейлі ол басқа мемлекет болсын, бастысы білімге деген құштарлық басым болуы керек.
Біз секілді ауылдан келген жастарға шет елде оқу мүмкіндігі болса, оны пайдаланудан қорықпай, батылдық танытқаны жөн. Бұл бір жағынан жастардың тіл үйренуіне берілген мүмкіндік болса, екінші жағынан сол елдің мәдениетін, білімін алып, адамның рухани дамуына, жетістікке жетуіне ықпал жасайды.
– Ауыл шаруашылығы дамыған Брянск қаласының біздің Сыр елімен ұқсастығы бар ма?
– Ресейдің батысында орналасқан Брянск қаласы өзінің керемет тарихи ескерткіштерімен, храмдарымен ерекшеленетін қала. Аталған қалада 400 мыңға жуық халық тұрады. Сыр елінің табиғатымен салыстырғанда мүлдем басқа. Ауа ылғалдылығында, күн райында өзгешелік бар. Ылғалды және орманды жері көп аймақ десе де болады. Сонымен қатар, біздің елде егістік алқаптары қолдап, канал арқылы суғарылса, онда егістік бірыңғай жаңбыр арқылы суғарылады. Сондықтан, Қызылода облысының климатына бейімделген ауыл шаруашылығы дақылдары ол жақта егіл-мейді.
– Өзің оқыған оқу орнында жерлестерің болды ма? Ұлтымыздың мәдениетін, салт-дәстүрін дәріптеуге мүмкіндік болды ма?
– Оқуға түскен жылы университетте екі ғана қазақ баласы оқыдық. Сонан кейінгі жылдары Қазақстаннан келген студенттер қатары көбейе түсті. Ұлттық мереке Наурыз мерекесінде басымызды қосып, наурыз көже пісіріп, өзімізше атап өтетінбіз. Мемлекеттік туымызды биікке көтеріп, Гимнді орындап, елге деген сағынышымызды білдіретінбіз. Қазақы конақжайлығымыз туралы айтып, өзге ұлт өкілдеріне ұлттық менталитет, патриотизм туралы, салт-дәстүр туралы жиі айтатынбыз.
Меніңше, жас кезіңде ел танып, жер көру – үлкен қуаныш. Сондықтан жас түлектер сырт елде оқудан қашпау керек. Мүмкіндік болса Еуропада, АҚШ-та білім алғанға не жетсін. Себебі ол елде білім сапасы әлдеқайда жоғары, әрі мүмкіндік өте мол.
– Бүгінде қолыңда дипломың бар бір мамандық иесі ретінде өзіңді не ойландырады, алдыңда қандай мақсат бар?
– Алдыма қойған жоспарым жеткілікті. Ол құпия болып қала берсін. Сондай-ақ мені қазіргі жастардың жұмыссыздық мәселесі мен мамандық таңдауға бей-жай қарайтыны ойлантады. Себебі дұрыс таңдалмаған мамандық болашақта адамды өз ісіне ықылассыздықпен қарауға итермелейді. Еш уақытта кісінің айтуымен емес, өз жүрегіңіз қалаған мамандықты таңдауға кеңес беремін. Ішкі түйсікке сеніңіз, ол ешқашан алдамайды.
– Әңгімеңізге рақмет.
