Kyzylorda-news.kz Күздің кереметі көп. Маңыздысы – ала жаздай арқасын күнге күйдірген еңбек адамдарына құрмет пен қошемет көрсетер шақ. Алдыңғы апта облыста озаттар анықталып, ақжолтай жаңалықтың куәсі болдық.
«Озат жатка машинисі» аталымымен аудандағы «Агро Өркен» серіктестігінің жатка машинисі Аралбек Балғанұлы марапатталды. Ол науқан кезінде 850 гектар күрішті жалға салды. Иә, марапат пен мадақ күтпейтін, жүрегі баладай, көңілі даладай сала мамандары әуелі еккен дәнді ысырапсыз жинап алуды олжа дейді. Ауыл шаруашылығы саласында табанды еңбек етіп, жұмысы таразыланған маманмен байланысудың сәті түсті.
– 1976 жылы дүниеге келдім. Мектепті тәмамдаған соң 1993 жылдан бастап еңбек жолым басталды. 2008 жылдан бастап “Агро Өркен” серіктестігінде жұмыс істеп келемін. Негізгі қызметім жаткист, механизатор. Беларусь айдаймын. Көктемде тұқым себемін, одан соң жоңышқа шабамын. Ал күзде күрішке шығамыз. Біздің мамандықты бүгінгі жастар ұната бермейді. Десе де біз жастық шағымызда тәрбиенің әсерімен осы саланы игердік. Мен атақ-даңқ үшін емес, отбасымның алдындағы жауапкершілігім үшін адал еңбек етіп келемін. Өзімнен кейінгіге үнемі «адал нәрсенің берекесі бар» деп айтып отырамын. Осылай ел үшін жасаған еңбегіміздің ескеріліп жатқанына қуаныштымын, – дейді озат еңбеккер.
Иә, еңбек еткеннің еңсесі биік. Елдің ырысын еселеуде ауыл еңбеккерлері қарап қалмаған. Оған дәлел біздің кейіпкеріміз. Аралбек Балғанұлы секілді білікті мамандардың еткен еңбегі көпке үлгі екені хақ.
Айнұр ӘЛИ