Біреуге көмек берерде мынандай ережелерді есте ұстаған абзал.

Татулық, жақсылық жасау, көмек беру туралы жиі айтылып жатыр. Өте дұрыс! Әйтсе де, «Пәленшенің сол жақсылығын ұмытпаймын, мың алғыс», «Түгеншеге Алла разы болсын, рахмет!» дегеннен гөрі «Жақсылығымды ұмытты», «Бекер көмек беріппін», «Мен сұраған жоқпын, енді неге міндет етіп жатыр?!» дейтіндерді көп кездестіреміз. Тіпті, орыс халқы да «Не делай добра – не получишь зла» дейді.

 Сонда ешкімге жақсылық жасамау керек пе? 

Осы сұрақ көпті ойландыратыны анық-ақ. Әрине, жақсылық жасаңыз! Өйткені, жақсылық бұл – қайыр-садақаның бір түрі. Жасаған кез келген жақсылығыңыз әйтеуір бір күні өзіңізді міндетті түрде іздеп табады. Бұған күмәніңіз болмасын! Мейлі, менің және айналаңыздағылардың сөзіне сенбегеніңізбен, Аллаһ Тағаланың сөзіне сенетін шығарсыз? Алла Тағала Құрандағы «Зілзәлә» сүресінің 7-8-аяттарында: «Кімде-кім тозаңның салмағындай жақсылық істесе, соның сауабын көреді. Кімде-кім тозаңның салмағындай жамандық істесе, соның зардабын тартады» дейді.

 Абай атамыз айтпақшы, «Алланың өзі де рас, сөзі де рас»! 

Әрине, ешкім сізді жақсылық жасауға мәжбүрлемейді, оған құқы да жоқ. Дегенмен, мынандай қарапайым ережелерді білгеніңіз жөн. 

1-ЕРЕЖЕ: Жақсылықты алдымен өзіңе жаса! 

Кейбір адамдар өзіне жетпей жатса да басқалардың қолын қайтарғысы келмейді. Сондай-ақ, өзінің анасы бір жерге апарып кел десе, уақытының жоқтығын айтады, ал әйелінің (күйеуінің) немесе досының анасының айтқанын екі етпейді. Дәл сол сияқты, өз әйеліне (күйеуіне) жекіріп, басқаның әйеліне (күйеуіне) бар жылы-жұмсақ сөзін арнайтындар да бар. Балаларға да солай. 

Бұл өз үйіңдегі шырақты басқа біреудің үйіне апарып берумен тең. Өзің қараңғыда отырып, өзгенің үйінің жарық болғанынан сізге не пайда? Өз әйелің жылап отырса, досыңның әйелінің күлгенінен не пайда? 

Сіз Ай емессіз, бүкіл жер шарыны түнде жарық қылатын, сіз Күн емессіз, бүкіл әлем халқына жылуын бөлетін. Мейлі, сіз білдей бір мекеменің басшысы шығарсыз, бәлкім, бір кәсіпорынның директоры боларсыз?! Бірақ, ең алдымен біреудің перзенті, біреудің жары, ата-анасы, ағасы (әпкесі), інісі (сіңлісі) екеніңізді ұмытпаңыз. 

Олай болса, ең бірінші жақсылықты өзіңізге, сосын ата-анаңызға, әйеліңіз бен бала-шағаңызға жасаңыз. «Жылуыңыз» бен «жарығыңыз» артылып жатса, бауырларыңызға, сосын ағайын-туысқанға, одан соң басқаларға жасаңыз! 

Сонда да есте ұстаңыз: Ең бірінші көмектесуіңіз қажет бір ғана адам бар, ол – өзіңіз. 

МЫСАЛҚыстыгүні көршіңіздің үйіне барып от жақсаңыз, сіздің үйіңіз жыли ма? Әрине, жылымайды!.. …

Оқушыларға, студенттерге сабақ беру үшін, алдымен 4-5 жыл жоғары оқу орнында білім алуыңыз керек. Демек алдымен өз біліміңізді толықтырасыз, сосын басқаларға білім бересіз… 

2-ЕРЕЖЕ: Жақсылықты қайтарымын күтпей жаса! 

Өмірдің мүлтіксіз жұмыс істейтін «Қайтарым» деп аталатын заңы бар. Осы өмірде жасаған жақсылығыңыздың қайтарымын көрмей дүниеден өтпейсіз. Сіз жұмыссыз қиналып жүрген туысқаныңызға жұмыс тауып берсеңіз, қызметіңізде жоғарылау болуы мүмкін немесе қатысқалы отырған конкурста жеңімпаз боласыз. Я болмаса әкеңіздің жүрегіне операция жасалғалы жатыр делік, жүрегі шерге толы бір танысыңыз басындағы мәселесін айтса, сөз жәрдемін берсеңіз, операция сәтті өтеді. 

Өмірден алынған мысалдар ғой. Тіпті, біз өмірдің мұндай қарымта заңын сезбеуіміз де мүмкін. Біреуге жасаған жақсылығымыз үшін жақсылыққа кенелгенімізді ұқпауымыз да мүмкін. Бірақ, жасаған жақсылық қайтарымсыз қалмайды Жаратушы тарапынан. Олай болса, жақсылық жасайсыз ба, Алла разылығы үшін жасаңыз да ол туралы ұмытыңыз. Өйткені, еске алған сайын міндетсінуіңіз әбден мүмкін. 

Біреуге жасаған жақсылығыңыз – өзіңізге жасаған жақсылық деп ұғыңыз. 

МЫСАЛ: Сәкен медициналық институтта оқытушы. Ол өте қатал. Бірде бір оқытушы оған «Студент өзі ұсынып тұрса, бағасын қойып емтиханнан өткізе салмайсың ба, нең кетеді?» дейді. Сонда Сәкен «Қазір ол студентті емтиханнан өткізіп жіберсем, ертең қандай дәрігер болады? Қате диагноз қойып, көп адамның қарғысын алғанда мені кінәлайды ғой. Оқысын, есесіне қаншама адамның алғысын алатын дәрігер болғанда маған рахмет айтады» деп жауап берді. 

Арада 20 жыл уақыт өтті. Сәкеннің немересі жүрек ақауымен туылды. Дәрігерлер емделмейді деген. Сұрастырып жүріп, білікті маманды тапты. Операция сәтті өтті. Операцияны жасаған оның бұрынғы студенті еді... 

Қандай көмек беруге болмайды? 

Барлық адамның туысқаны бар. Бір-бірінен жәрдем сұрамайтын ағайын да жоқ шығар, сірә?! Әйтсе де, мынандай көмекті беруге болмайды: 

Мамандық таңдау. Кеңес сұраса, «жүрегіңді тыңда» деңіз. 

Жар таңдау. Отбасы болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Мұндайда жар таңдап берген сізді кінәлайтын болады. Бұл – ақиқат! Бұл жөнінде кеңес сұраса да “Жүрегіңді тыңда” деген дұрыс. 

Көлік сатып әпермеңіз. Өйткені, көлік қанша жерден жақсы болса да, оның жүргізушісі мас күйінде рөлге отырып, біреуді соғып кетуі, жол апатына ұшырауы әбден мүмкін. Егер, осы екі жағдайда да адам өлімі орын алса, барлығы ең бірінші көлік сатып әперген сізді кінәлайды. 

ЕСТЕ ҰСТАҢЫЗ! 

Тек ақшалай ғана көмектесуге болады деген ойдан аулақ болыңыз. Сөзбен қолдау да, жұмыс тауып беру де, жақсы кітапты оқуға кеңес беру, тіпті жағымды сөз айту да – көмек. Иә-иә, біреудің өмір сүруіне кедергі болмау да – көмек. 

Мысалы, жас маманға (жас келінге т.б.) көмектескіңіз келсе – онымен бірге істеңіз. Шеберге көмектескіңіз келсе – кедергі болмаңыз. Ал, ақымаққа көмектескіңіз келсе – онда өзіңіз де ақымақсыз. Тыңдағысы келмегенге ақыл айтпаңыз. 

Бұл ережелер мен кеңестер ешкімге көмек көрсетпе деген сөз емес. Жәрдемді де ақылмен жасаңыз дегенім. Өйткені, сіздің көмегіңіз біреудің өмірін өзгертер, ал тағы біреудің өмірін бүлдіруі де мүмкін. 

АЛ, ӨЗІҢІЗ БІРЕУДЕН КӨМЕК СҰРАЙТЫН БОЛСАҢЫЗ 

Сұраңыз, бірақ көмектеспесе ренжімеңіз. Өйткені, ата-ана перзентінен, мүгедек жан өзгеден көмек күтуіне рұқсат. 

Ал, басқа адамның бәрі еңбек етіп, тек өзіне сенгені жөн. Өзіне ғана сеніп, өзгеден көмек күтуді доғарғанда ғана ол ешкімге ренжімейтін болады. Сондай-ақ, мынаны білгені дұрыс: әркім өзінің және өзін тудырған ата-анасы мен өзінен туған балаларының, перзенттерінің анасының өміріне ғана жауапты. 

Ал, сіз не дейсіз, оқырман? Сіздің жасаған жақсылығыңыз өзіңізге жамандық боп қайтқан кезі болды ма? Ойыңызбен бөлісе отырыңыз, өзгеге сабақ болсын! 

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз: