А.Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйінде «Қызылорда қалалық ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігі мен «Қызылорда қалалық тілдерді дамыту» бөлімімен бірлескен «Әжелер өнері – ұрпаққа үлгі» атты әжелер ансамблінің байқауы өтті.
Байқаудың мақсаты бүгінгі қоғамда салт дәстүрімізді қайта жаңғырту кейінгі ұрпаққа өнеге ету, өз елін сүйетін ұрпақ тәрбиелеу. Сайыс салтанатын «Қызылорда қалалық ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ө.Шәменов ақтілегін айтып, сәттілік тілеп, ашып берді.
Әжелер өнері, әжелер өнегесі бүгінгі қоғамда тәрбие құралы екенін алдарына биік тұғыр етіп қойған 8 әжелер ансамбілі осы байқауға қатысып өз өнерлерін ортаға салды.
Байқау 3 кезең бойынша өтті. Алғашқы бастаманы таныстырудан бастаған әжелеріміз, ұлттық дәстүрді насихаттайтын сахналық қойылым қойып, қазақ композиторлары мен халық әндерінен көрермендер көңілінен шығатын жырларын шашу етті.
Қазақ халқының салт-дәстүрімен әдет-ғұрыптарын тәрбиелік мәні жағынан ұғындыра көрсетілген қойылымдар зал толы көрерменді өздеріне тәнті етті.
Қазақ халқының ежелден келе жатқан, бірақ бүгінгі күні көзден тасалау жатқан «Қымызмұрындық», «Құрсақ шашу», «Аушадияр», «Шашбау тағу» сияқты дәстүрлерін түсіндірме жүргізе отырып, ұлттық нақышпен көрсете білді.
Әжелер шырқаған «Үкілім-ай», «Гүлдерайым», «Ауылдағы той» әндері көрермендерді көтеріңкі күйге бөлеп бір серпілтіп тастады.
Осындай халқымыздың ертеңі мен бүгінін жалғастырған, ұрпағымызға берері мол әжелеріміздің ұлағатты ісі, көптің көңілінен шығып өз бағасын алды.
Сайыс қорытындысы бойынша 1-орынды – «Ұлағат» әжелер ансамблі, 2-орынды – «Ақниет» әжелер ансамблі, 3-орынды – «Асыл жандар» әжелер ансамблі және «Ақ бата» әжелер ансамблі алды.
Сөз соңында «Қалалық ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ө.Шәменов асыл әжелерге ризашылық ықыласын білдіріп жоғары бағаланған әжелер ансамбліне қаржылай сертификаттар мен бағалы сыйлықтар, алғыс хаттар мен гүл шоқтарын табыстады.
Ардагер аналарымызды ардақтайтын мұндай іс-шаралар алдағы уақытта жалғасын табатын болады.

