Kyzylorda-news.kz Үкімет басшысы Олжас Бектенов отандық әуе қатынасы саласындағы маңызды факторларды атады, – деп хабарлайды Қазақпарат.

– Еліміздің әуежайлары халықаралық стандарттар бойынша мультимодальді орталыққа айналуға тиіс. Бұл әртүрлі көлік түрлерімен жеткізілетін жүктерді қабылдау және тарату қызметінің сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Аталған іс-шара әуе хабына автомобиль және теміржолдарды тарта отырып, инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстарымен қатар жүруге тиіс. Жүк тасымалы және оларды өңдеу бойынша озық цифрлық технологияларды енгізу керек. Сондай-ақ жолаушыларға ең жоғары стандарттар бойынша қызмет көрсету сапасын арттыруға ерекше назар аударыңыздар. Бұл мәселеге қатысты арыз-шағым көп, — деді Олжас Бектенов Үкімет отырысында.

Осы орайда Премьер-министр жолаушыларға сапалы қызмет көрсетуге қатысты проблемаларды шұғыл әрі жүйелі шешу керектігін айтты. 

– Заманауи цифрлық технологиялар операциялық процестерді оңтайландыруға, жолаушыларға қызмет көрсету ісін жеделдетуге және шығындарды азайтуға мүмкіндік береді, — дейді ол.

Сондай-ақ Үкімет басшысы авиация саласының туризмді дамытудың маңызды факторы екеніне тоқталды.

– Кендірлі, Зайсан және Қатонқарағай курорттық аймақтары айқындалды. Оларда жаңа әуежайлардың құрылыс жұмыстары жақында басталып, биыл аяқталуы тиіс. Көлік министрлігі шағын авиацияны дамыту жұмыстарын күшейтуі керек. Бүгінде авиация саласының өсу резервтері және алдағы жылға арналған міндеттер айқындалды. Дегенмен, шешімін таппаған сұрақтар бар, — деп толықтырды О. Бектенов.

Фото: Нұрболат Нұржаубай

Тағы да оқыңыз: