Kyzylorda-news.kz. Бүгінгі таңда талайды талантымен тамсандырып, сыңырлаған ерекше сазды үнімен жүректерден жол тапқан әнші Әсима Айтуарованың есімі әнсүйер қауымға жақсы таныс. Өнер өлкесінде өзінің қолтаңбасын қалдырып, тыңдарманын тапқан Әсима Тілектесқызы Қазалы жеріне бөтен емес.
Қасиетті Қазалының топырағынан түлеп ұшып, алысқа қанат сермеген әнші Әсима қазақтың біртуар перзенті – Мәдина Ералиева атындағы республикалық «Ақ баян» ән бәйгесінің бас жүлдегері, Роза Бағланова атындағы «Ақ маңдайлым» ән байқауының екінші орын иегері. Жуырда Шымкенттегі Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармония әншісі Әсима Айтуаровамен сұхбаттасудың сәті түскен еді.
– Әсима Тілектесқызы, әңгіме басын туып өскен жеріңіз, отбасыңыздан бастасақ...
– Мен Қызылорда облысының Арал, Қазалы аудандарының ортасында орналасқан Үкілісай бекетінде дүниеге келдім. Әкем Тілектес, анам Базаркүл. Отбасында төрт қыз, бір ұл тәрбиелендік.
– Қазалыға қашан көшіп келдіңіздер? Балғын балалық шағыңызға тоқталып өтсеңіз...
– Мен мектепке баратын жылы Қазалыға көшіп келдік. С.Сейфуллина атындағы 165 мектеп алғаш ашылған жылы табалдырығын аттадым. Ауылда атам мен әжем қалды. Әжемнің тәрбиесінде өскен қызбын. Демалыс болса болды, пойызға отырып, ауылға тартатынбыз. Атам мен әжемнің мыңғырған малы болды. Тіпті қораның ішіне сыймайтын. Атам бақилық болған соң мал басы да азая бастады. Әжем мені үнемі еркелетіп, «бір жапырағым» деуші еді, жастығының астынан бар тәттіні табатынбыз. Ол кісі ауылда дүкенші болды.
Қызықтың бәрі таңертең басталатын. Атам ерте тұрып, сексеуілмен самаурынды сақырлатып қайнатып қояды. Сарайға екі үлкен қазан-ошақ қоылған. Онда сүт қайнап, қаймағы бетінде қалқиды. Анандай жерде суы тамшылып, сүзбе қалта ілініп тұрады. Құрт жасап, айран пісеміз. Менің бойым өте кішкентай болды. Атам айран піскенде мінесің деп өз қолымен табуретка жасап берген. Әжем үлкен қазанның түбіне бидай қуырады. Қуырып болған соң, қаптағы бидайды диірменмен тартады. Жазда атам мен әжемнің қасына барлық немерелері жиналамыз, сосын оқу басталар сәтте айран-сүтті арқалап, қалаға қайтушы едік.
Қазір туған жер төсінде, атам мен әжемнің құшағында өткен балалық шағымды, ата-әжемді қатты сағынамын.
– Әдетте талантты жандар «Өнер маған осы кісіден дарыды» деп әкесін немесе анасын атап жатады. Бұл орайда не дейсіз?
– Менің әкем Тілектес өнерге өте жақын болды, гармон тартатын. Неге екенін білмеймін, мені Паша деп атайтын. Паша, кел өлең айтамыз десе, қолыма үлкен ағаш қасықты алып, «Ананың тілі», «Әйәй бөпем» деп қонақтардың алдында шырқай жөнелемін. Ол кісілер бірінен соң бірі қолыма ақша ұстатқанда тіпті алақаныма сыймай кететін.
Еңбекқор әкем бізді ештеңеден тарықтырмай өсірді. Қыс болса киік пен құс әкелетін, балық аулайтын. Теңіздің басына айлап кеткен кездері де болды. Балық аршып, құстың жүнін жұлуды бала кезден үйрендік. Әкем әңгімені әсерлі етіп, әр сөзін мақалдатып жеткізетін. Үлкенмен де, кішімен де орынды әзілдесіп, күлдіріп жүретін.
Домбыра тартып, терме айтқанда отырған жұрт ду қол шапалақтап қошемет көрсететін. Гармонмен Қырғыздың «Жылқышы» әнін орындағанда тыңдаушыны елітіп әкететін. Кейін қауын базаға «КамАЗ» автокөлігінің жүргізушісі болып жұмысқа тұрды. Мен мектеп бітіріп, оқуға түскен жылы әкем теңізде жүріп, ауды бар күшімен тартып, оң қолының бес саусағы біріккен жерінен сындырып алады. Қақаған қыс айы, қасындағылардың көңіліне қарап, теңіздің басында жата беріпті. Үйге келгенінде анам көріп, шошып кетті. Саусақтары доп-домалақ болып ісіп кетіпті. Содан домбырасы да, гитарасы да, қайығы да, ауы да жайына қалды. Кейін төрт қыз тұрмысқа шықтық, інім мектеп бітірді, анам зейнеткерлік демалысқа шықты.
Сол жылдары әкем туған ауылын аңсап, қоныс аударғысы келді. Бірде маған телефон соғып: «Паша, сен келіп, бізді көшірісіп кет. Ініңе музыкалық орталық әпер. Құдай қаласа, 8 маусымда көшіп, 10-ы күні ауылға орналасып отырайын» деді. 7-сі күні көрші-көлемге айырылысар көше бердік. Сол күні әкем қолы жарамаса да гармон мен домбыра да ойнап, ерекше көңілді отырды. Бұл әкемнің аспаптарды соңғы рет тартуы екен. Таңертең орнынан тұрмады. Өзі сезгендей 10-ы күні ауылда, әкесінің жанында жамбасы жерге тиді. Одан бері он жыл өтті. Әкемді сағынып, жылап аламын. Ақылшым да, арқасүйерім де сол кісі болды.
– Тыңдарман сіздің үніңізді қазақтың Ақбаяны атанған Мәдина Ералиеваның дауысына ұқсатып жатады. Бұл сәйкестік пе, әлде еліктеу ме?
– Роза Бағланова, Мәдина Ералиева, Мақпал Жүнісова, Айгүл Қосанова, Тамара Асар сынды әншілердің әнін жақсы көріп тыңдаймын. Алайда ешбіріне еліктеймін деп айта алмаймын. Мәдина апамен тек дауысымыздың тембрі ұқсайды. Екеуміз бір елдің тумасымыз, әндері қатты ұнаған соң, орындап жүрмін.
Мәдина Ералиеваның сіңлісі Сағира апа Шымкенттегі «Rixos» қонақ үйінде айтқан әнімді инстаграмнан тыңдап, «Мәдинашым ұмытылып бара жатқанда, Әсимашты бере салғандай» деген секілді пікір қалдырып, ризашылығын білдірген. Осыдан соң екеуміз танысып, Алматыда қыз ұзату тойына қатыстым. Сол тойда маған Мәдина Ералиеваның он жеті жыл бұрын Түркиядан сатып алған матасын жапты. Қазір содан тіктірген костюмімді жарқыратып сахнада киіп жүрмін.
– Репертуарыңыз туралы айта кетсеңіз...
– Халық әндерін орындаған ұнайды. Ән қоржынымда Е.Хасанғалиев, Ш.Қалдаяқовтың әндері бар. Қазіргі таңда М.Омаров, М.Ілиясов, Қ.Алагөзов, Қ.Молжанов сынды хитмен авторлармен байланыс жасаудамын. Күні кеше Марғұлан Ілиясов інім «Ана мен әкеге сағыныш» атты керемет ән ұсынды. Алдағы уақытта авторлық әндер мен бейебаяндарды жарыққа шығаруды жоспаралап отырмын.
– Сөзіңізге қарасақ, өнердің парқын түсінетін, дарынды жанның талантын ұштай білетін шаңыраққа келін болғандайсыз...
– Мен әкемнің досының ұлына тұрмысқа шыққанмын. Әкем мен қайын атам жас кезінде бір ауылда туып өскен. Бір тойда ән айтып тұрғанымды көріп атам кімнің қызы деп сұрайды. Тілектестің қызы екенімді білген соң, әкеммен табысып, үш күннің ішінде 25 жастағы ұлына мені айттырды. Сөйтіп 20 жасымда жолдасым Жақсылықпен отау құрдым.
Шүкір, ата-енем керемет жандар. Марқұм атам келін болып түскен соң екі айдан кейін музыкалық аппарат алып берді. Байқоңырда тойларға шығып жүрдік. Енем Зибагүл госпитальда жұмыс істеп, зейнетке шықты. Тоғыз жыл бірге тұрдық. Бота есімді қызымыз, Бекзат, Сұңқар атты ұлдарымыз дүниеге келді. Тойға ән айтуға кеткенде ата-енем балаларымды қарап қалатын. Кейін мектепте жұмыс істедім. Ол жерде де мерекелік іс-шаралардың басы-қасында жүрдім. Бертін келе Шымкент қаласына көштік.
– Өнер ордасы – Алматы немесе елордасы – Нұр-Сұлтанға емес Шым қалаға қоныс аударуыңыздың сыры неде?
– Алғашында Байқоңырдан Қызылордаға қоныс аудамақ ниетіміз болды. Бірақ белгілі әнші Наркенже Серікбаева ойымды өзгертті. «Ақыры көшетін болсаң, Шымкентке кел. Саған бұнда жұмыс табылады», деп жанашырлық танытты. Оған ризамын, шынында да Шымкентке келгелі менің өмірімде үлкен өзгерістер орын алды. Алғаш келген айларда тойларға шығып жүрдім, сосын қалалық мәдениет үйіне жұмысқа орналастым. «Қазына» фолькролық ансамбльінде өнер көрсеттім.
2018 жылды қарсы алатын тұста зиялы қауым өкілдері бас қосқан кеште арнайы шақыртумен барып, Мәдина Ералиева орындаған «Айқаракөз» әнін орындадым. Кешке жиналғандар риза болып, ұзақ қол соқты. Осы кезде өнерімді облыс әкімі Жансейіт Түймебаев та тамашалаған болатын. Менің кім екенімді, қайда жұмыс істейтінімді сұрастырып, Шәмші Қалдаяқов атындағы филармонияға жұмысқа тұруыма көмектесті. Осылайша үш күннің ішінде филармония әншісі болып шыға келдім. Бұл да өнердің құдіреті болар.
– Сұхбатыңызға рахмет, шығармашылық табыс тілеймін, ән әлеміне қаққан қанатыңыз талмасын!