Kyzylorda-news.kz  Сән салондары күн өткен сайын бәсекеге бейімделіп, көпшілік сұранысын қанағаттандыруда. Сұлулық үйінің негізгі миссиясы да осы. Көрікті бола түсуге ұмтылғанның ойынан шығатындай бет-ажарын әсемдеп беруі тиіс. Салондағы қызмет ақысының көтеріле түсуі де оған тәуелділердің талғамының арта түсуімен байланысты болса керек. Айта кететіні, әсемдік үйлеріндегі қызмет көрсету бағасы нарықтан қалмай, шарықтап тұр.

Бьюти сарапшылардың пікірінше, косметикаға деген тапшылық жалғаса берсе сән салондарындағы қызмет түрі тағы біраз қымбаттауы мүмкін. Салон иелерінің айтуынша, бағаның шарықтауына мамандардың қызметі емес, шетелдік материалдардың қымбаттауы әсер еткен.

Сән салондарын санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті қадағалайды. Косметологиялық қызмет көрсететін орталықтар алты айда бір рет, шаштараз секілді сұлулық орталықтарын үш жылда бір рет қана тексерістен өткізеді. Сондықтан сән салонындағы кінәратсыз санитарияға кепілдік жоқ. Бұл нені білдіреді? Тазалық талаптары мен ережелерін сақтаудағы күмәнді түйткілден ой түюге тура келеді. Мәселен, бет-жүзіңізді әрлеп-әспеттейтін маманның талапқа сай қызмет көрсетпеуінен орны толмас өкінішке ұрынуыңыз әбден мүмкін. Сондай-ақ кейде сәнді маникюр барысындағы сапасыз жұмыстан туатын тырнақ зеңі, кірпік жалғату сәтіндегі көздің қабынуына алып келетін аллергиялық белгілердің пайда болуы - біздегі әсемдік үйлерінің барлығы бірдей тазалық талаптарына сай еместігін дәлелдеп келеді.

Жарнама артында мол табысты көздеген пиғыл жасырынып жатады. Оның үстіне, қызмет ақысының қымбаттауына сапалы, қымбат косметикалық өнімдер бағасының көтеріліп кетуі де себеп. Бет әрлеушінің айтуынша, өнімнің түпнұсқасы мен көшірме сапасын ажырату әйелдер қауымына қиынға соқпайды. Сол себепті де келушілер өздеріне ұнайтын косметикалық өнім брендтерін оңай ажыратып шынайы сапаны талап ететін көрінеді.

Ауданымызда тұтынушының көңілінен шығып, көңілдегідей қызмет көрсетіп жатқан әсемдік үйлері де баршылық. Солардың қатарында Еңлік есімді азаматпен пікірлескен едік.

– Мақсатым келушілерге сапалы қызмет көрсетсем деймін. Нақтылап айтсам, шаш сәндеп, тырнақ әрлеп, тағы да қалауына қарай кәсібімді кеңейтуге дайынмын. Бір білетінім, бізге келгендер өзін неғұрлым жайлы сезінсе, соғұрлым клиент қатары да көбеймек. Алдын-ала бос уақытқа жазылу үшін түскен қоңырауларда біз жайлы оң пікірлерді естіп, келуге ниет білдіріп тұрғанын айтқанда кәдімгідей қуанып қаламыз. Жан қалауыңмен жасалған жұмыс өзің туралы жақсы ой қалыптастыратыны рас. Бастысы, келушінің көңілін тауып, жұмысымызға аса сергек қарауға тырысамыз, – дейді ол.

Еңлікпен әңгімелесе отырып байқа¬ғанымыз, сұлулық үйіндегі гигиеналық ережелердің сақталатынына көз жетті. Өзіміз өзге салонда кездестіре қоймаған арнайы құрғақ отты аппаратта тырнақ әрлеу құралдарының залалсыздандырылып отыратынын көрдік. Бір рет қолдануға арналған заттар топтамасы тәртіппен тізілген, сөрелер тазалығы да мұндағылардың жұмы¬сына жауапкершілікпен қарайтынын көрсетті.

Әлгінде айтқан маникюр, педикюр барысында қолданылатын сүлгі, сүйретпе аяқ киім, тырнақ егеуіштер бір-ақ рет қолданылатындықтан сатылымда тұрады. Бағасы да қолжетімді. Кейбір сұлулық үйіндегі мамандар бұл тәртіпті бұзып бір сайманды бірнеше адамға пайдаланатын жағдайларды көріп жүрміз. Түрлі бактериялық аурулардың қоздырғышы болған тырнақ күтіміне жазылған болсаңыз, жұмыс үстеліне жаңа саймандардың келіп жатқанын қадағалап отырғаныңыз өзіңізге жақсы. Сұлулық құрбандықты талап еткенімен, одан бұрын денсаулығымызға кінәрат жамаудан аулақ болғанымыз абзал.

Бүгінде бір құбылыс, сән салоны есігін қыз-келіншектерден гөрі жасы елуді еңсеріп, алпысты алқымдаған апаларымыз көбірек күзететінін көз көріп жүр. Бұл табиғаттың заңдылығына мойынсұнғысы келмейтін апа-әжелеріміздің бір әлсіз тұсы ма, әйтеуір жасарудан қалтасын аямайды. Екі-үш сағаттық шараға бет-жүзін әрлеп баруы үшін 3000 мен 8000 теңге аралығында қаражат шығын етсе, кірпік жалғауға 4000-7000 мың теңге төлейді. Жас-кәрі деп бөліп жармай бәріміз бірдей көмегіне жүгінетін тырнақ әрлеушінің қызметі де 1500 теңге мен 6000 теңге аралығын құрайды. Өзіңізді күтіп, сұлулыққа ұмтылу қай кезде де кеш емес. Дегенмен, беталды бетіңізді әрлеп, тырнағыңызды түрлендірген жоғарыдағы сомаға бір айлық ас-ауқатыңызды алып, тоңазытқышыңызды толтырып қоюға талап қылған дұрыс секілді.

Иа, сұлулықтың сырын ұққан жандар кәсіпке айналдырып отырғандардың қатары жыл сайын артып келеді. Әсіресе жігіттердің тәуекелге барып, тірлігін тіктеп жүргенін білеміз. Оған мемлекеттік бағдарламалардың ықпалы бар десек те болады. Десе де, біреуге арқа сүйемей, өзі ісін өрге сүйреп жүрген азаматтар аз емес. Асылжан Нұрқожаев солардың қатарында. Оның қызметі – шаштараз.

Асылжан ер, әйел деп бөлмей қатар қызмет көрсететін жалғыз шаштараз. Қазір кентте 30-ға жуық шаштараз болса, солардың жартысынан көбі әйелдерге арналған. Жалпы бұл қызмет түрінің артуы халыққа таңдау жасауға мүмкіндік беріп, бәсекелестік ортаны қалыптастырып келеді. Шаштараз саласында талмай еңбек етіп, кәсібін дөңгелетіп отырған Асылжанның қызмет орны «Нұр базары» жанындағы «Ақ бөпе» сән салоны. Уақытпен санаспайтын шеберді сөзге тартып, кәсібіне қызығушылық білдірген едік.

– Мен мұнай-газ саласының маманымын. Шымкент шаһарындағы колледжді тәмамдап, біраз уақыт әр түрлі жұмыс атқардым. 2016 жылдан бері осы салаға қызығушылығым оянды. Нұрәлі Оспанов ұстазымнан шаш қиюдың тәсілдерін үйреніп, 3 жыл бірге қызметтес болдым. Арасында Сыр өңіріне белгілі Ермек Ахметовтен да оқып-үйрендім. Ол кезде тек ұлдарға ғана қызмет көрсететін едім, – деп бастады әңгімесін кәсіп иесі.

Тек былтырдан бастап өз алдына кәсіп ашып, бұған дейін шеберден үйренген іс-тәжірибесіне сүйеніп, жары Айдана екеуі жеке кәсіпке көшеді. Бір жылға жуық уақытта тұтынушыларының саны артып, көбіне бұрымдылардың қатары көбейген. «Ердің еңбегін айт» демекші, қазір екі қолға бір күрек таппай, айлығы аз жұмысқа жүрексініп жүрген жігіттерге Түгіскеннің тумасы үлгі деуге болады.

– Шыны керек, мұндай жұмысқа қазір жігіттер ынта білдіре бермейді. Көбі оңай жерден нәпақа тапқысы келеді. Мәселе онда емес, бірінші Құдай берген талантыңды тасада қалдыруға болмайды, екінші қазір жалған арға емес, шынайы еңбекке ұмтылу керек. Бұл қазіргі заманның ағымы. Маған өзімнің кәсібім ұнайды. Тіпті қазір шаш қырқуды үйрет деп келушілердің қатары артты. Бірақ мен өз-өзіме келіп алғанша ұстаздықтан бас тартудамын, – дейді ол.

Иә, «Түйменің инесіз күні жоқ» демекші, бүгінде қыздардың сұлулығын паш ететін табиғи болмысы болса, оның ішінде шаш үлгісі қыздардың әдемілік құпиясынан сыр шертеді. Сондықтан, нәзік жандылардың талғамы күн сартып келеді. Заман өзгермесе де, әйелдердің шаш қою үлгісі, бояуы мен басқа да өзін әрлеуі қатты өзгерді. Тұрмыста көп қолданылатын шаш қиюдың барлық түрін білетін жас кәсіпкер солардың барлығының көңілінен шыға біледі. Ал еңбегінің ақысы…

– Биыл ерлердің шашын қию қызметі қымбаттады. Аудан орталығындағы кейбір шаштараздарда 1000 теңге болса, бізде 700 теңгеден. Ал қыздардың шашын қию қызметі 1000 теңгеден басталады. Қазір сәнге айналған күйдіріп (осветление), оны түрлі түске бояу сынды қызмет түрлері 10 000 теңгеден басталады. Енді тұтынушы талғамына сай жасаймыз, бағасын да қол жетімді етуге тырысамыз, – дейді Асылжан Сағындықұлы.

Шаш қию, 2,3,4 D кірпік жалғау, қасқа күтім, жалпы алғанда Асылжан мен Айдананың негізгі қызметтері осылар. Қызмет сапасына дәлел болу үшін тұрғындар пікірін білгенді жөн көрдік.

– Мен мұнда айына кейде екі рет келемін. Маған қызмет көрсетуі, құрал-жабдықтары көңілімнен шығады. Әрине алғашқы кезде қалай болады деп күмәнданғаным рас. Бірақ қазір тұрақты тұтынушы болдым, – деді Айнұр Нұржанова.

Айтпақшы, кейіпкеріміз қайырым¬дылық шараларына да қатысып тұрады. Жуырда «Жаңарған Жаңақорған жастарының» ұйымдастыруымен шаш¬таразда тұрмысы төмен отбасылардың балаларының шашын тегін қысқартып бергенін айтады.

– Әр ай сайын бір күндік қайырымдылық шарасын ұйымдас¬тырып тұратын боламыз. Мен тегін шаш қию қызметін көрсетсем, ерікті жастар сыйлықтарын үлестіреді. Жалпы жігіттердің шашын қию қиындық тудырмағанымен, аруларға қызмет ауыр. Барынша тұтынушы талғамынан шығып, сапалы қызмет көрсетуге тырысамыз. Қандай жағдай болмасын сабыр сақтап, ыждағаттылықтан танбаған ұтады, – дейді Асылжан.

ХХІ ғасырдағы өркениеттің өлшемінің бірі – кәсіпкерліктің дамуында. Өйткені, уақыт ағымына тез бейімделе алатын шағын және орта бизнес мемлекеттің негізі қуаты. Ал шаштараз қызметі бүгінгінің сұранысына ие. 

Мейлі ғой, көрпеңе қарап көсілу деген де бар. Сыртқы кейіпін көркемдеуді бірінші орынға қойып, арнайы ақша жиятындар да жоқ емес. Орта жастан асқан апаларымыздың қызылды-жасыл тырнақтары мен келтелеу шаштарын тарамдап, сұлулық үйіндегі «сиқыр¬лы креслода» отырғанын көргенде, ақ орамалын таққан әзиз аналарды сағынып қалатынымыз да жасырын емес.

Түріңізден табиғилық аңқып, әдемі жүзіңізді шынайы күлкіңіз одан әрі нұрландырып тұрса нағыз сұлулық осы емес пе? Адамдық қасиетті алға тартқан асыл дінімізде де қас жұлып, бейнені өзгертуге тырысу – мұсылмандық әдеп¬тен тыс, ерсі тірлік екені айтылған. «Бет күтімін жасаймыз» – деген жылтыр жар¬наманың жетегінде кетіп, бет-әлпетіне «әдемі қыздың» суретін салдырған заманауи зейнеткерлер салон есігін күзетіп жүргенде он сегіздегі еркеле¬рімізге кім қандай жол нұсқамақ?

Тағы да оқыңыз: