Kyzylorda-news.kz Қазіргі таңда барлық мемлекеттер үшін тұрақты және қауіпсіз энергиямен қамтамасыз ету стратегиялық мәселе. Халықаралық сарапшылардың пікірінше, елдің энергетикалық қауіпсіздігін тек атом энергетикасы арқылы қамтамасыз етуге болады. Өйткені дәстүрлі және жаңартылатын энергия көздері тұрақты өндіріс бере алмайды. Кеше «Қызылорда автобус паркі» ЖШС ұжымымен кездескен аймақтық штаб өкілдері елімізде осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарды тілге тиек етті.

«Көлікті оталдыру, жарығын қосу үшін де энергия керек. Тоқ болмаса бәрі бекер. Бұл бір ғана көлікке қажетті энергияға мысал. Ал енді бүтін бір елге қажетті энергияны ойласақ, тұрақты энегрия көзі қажет ақ. Міне осы бағытта елімізде АЭС салу жөнінде үлкен бастама көтеріліп отыр. Бұл жүзеге асқан жағдайда елімізде ұзақ уақыт бойы электр энергиясының тұрақтылығы қамтамсыз етіледі деп сенемін», – деді кездесу барысында сөз алған аймақтық штаб мүшесі Серікбай Өмірзақов.

Ал штаб мүшесі Дәурен Әбілқайыров Атом электр станциясының құрылысы Қазақстанның халықаралық мәртебесін айтарлықтай арттырып, әлемдік аренадағы орнын нығайта алады деген ойын жеткізді. Айтуынша, атом электр станциялары елді энергетикалық тәуелсіздіктен қамтамасыз етіп, импорттық ресурстарға тәуелділікті азайтады. Атом электр станцияларын дамыту экономикалық өсуді ынталандыра отырып, технологиялық прогреске және жаңа жұмыс орындарын құруға ықпал етпек.

Қала тұрғындары қатынасын қамтамасыз етіп отырған ұжым мүшелері өздерін толғандырған сауалдарын жолдап, штаб мүшелерімен пікір алмасты.

АЭС салу заман талабынан туындаған өзекті іс. Бұл – уақыт өткен сайын өз маңыздылығын арттыра бермек. Жиында айтылған тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні осыған саяды.

Тағы да оқыңыз: