Kyzylorda-news.kz Жиынды партияның облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов ашып, штаб жұмысының мақсат міндетін түсіндіріп өтті.
«4 қыркүйек күні Астана қаласында беделді саяси және қоғамдық ұйымдар АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабқа бірікті. Оның құрамына «AMANAT», «Ақ жол», «Қазақстан халық партиясы», «Ауыл», «Respublica», «Байтақ» партиялары мен 20-ға жуық республикалық қоғамдық бірлестіктер еніп, өз жұмысын бастады. Бұл ұйымдар ел аумағындағы миллиондаған адамның мүддесін білдіруде.
Басты мақсат – ел арасында кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қоғамды АЭС-ті қолдауға жұмылдыру. Қазіргі уақытта Қазақстан электр энергиясының тапшылығын сезінуде және оны көрші елдерден импорттауға мәжбүр екенін бәрі білуге тиіс. Осы тапшылық жаңа өндірістердің іске қосылуына, жұмыс орындарын құруға тікелей әсер етіп, бизнестің дамуына кедергі келтіруде. Бұған жол беруге болмайды. Осы мәселені шұғыл әрі түбегейлі шешу керек.АЭС салу туралы шешімді қабылдай отырып, біз еліміздің энергетикалық тәуелсіздігін біржолата бекітеміз. Болашақ ұрпаққа энергетикалық тұрғыдан тәуелсіз, яғни экономикасы тұрақты және өркендеген Қазақстанды мұра етіп қалдырамыз. Бұл тарихи шешім Әділетті Қазақстанды құру жылнамасындағы жаңа парақшаға айналады»,- деді Алмасбек Есмаханов.
Атап өтейік өңірде референдум тақырыбын халыққа түсіндіретін 374 адамнан тұратын 9 штаб құрылып, топ басшылары белгіленді. Оның құрамына аймақтағы 6 партия өкілдері, қоғам қайраткерлері мен белсенділері, үкіметтік емес ұйымдар, түрлі сала өкілдері енгізілді. Жиынға барлық штаб мүшелері оффлайн және онлайн форматта қатысып, алдағы міндеттерді пысықтады. Ортақ мүдде жолындағы ұсыныс пікірлерімен бөлісіп, бірлесе жүйелі ұйымдастырылған жұмыс өз нәтижесіне беретініне сенім білдірді.